«Алматы ақшамы» – айтыстың нәтижесі
– Қазіргі айтыс ақындары елдің сөзін, мұң-мұқтажын айтыс сахнасында айта алды ма, егер айта алса, олар айтқан мәселелер өз шешімін тапты ма?
Жүрсін ЕРМАН:
– Біріншіден, айтыс нақты мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуға міндетті емес. Айтыстың міндеті – ортаға ой тастау. Қоғамдық пікір туғызу. Көпшіліктің назарын аударған күрделі, көкейтесті мәселелерді нақты, жауапты адамдар, қолында билігі барлар қолға алып, оң шешімін шығарып жатса, құба-құп. Бірақ бұл – басқа мәселе.
Қырық жыл бойына айтыста айтылған, көтерілген мәселелердің бәрі шешімін таппады деу де орынсыз болар. Дегенмен шешілген мәселелерге қатысты бір-екі мысал келтірейін. Тоқсаныншы жылдары Алматыда өткен бір айтыста қаланың «Вечерняя Алмата» газеті бар екені, ал қазақша сондай бір басылымның неге жоқ екені сын тезіне салынды. Көп ұзамай Орталық Комитеттің қаулысымен «Алматы ақшамы» атты қазақша газет дүниеге келіп, сол басылым өзінің 30 жылдығын атап өткеніне де бірнеше жыл болды.
Немесе Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы бір айтыста Семей мен Абай ауданын жалғастыратын жолды жөндеу «Абай жолын» жазғаннан да қиын болды-ау деген сын айтылды. Айтысқа қатысып отырған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев сөз алып, бұл сынның өте орынды екенін айтып, тез арада Абай ауданының жолын жөндеуге уәде берді. Көп ұзатпай, бұл уәдесін орындады да. Айтыста көтерілген нақты мәселелердің оң шешімін тапқанының бір көрінісі осы емес пе?! Бірақ қайталап айтамын, айтыс қоғамдық пікір туғызғанымен нақты мәселелерді шешуге құзыретсіз. Әйтпесе, осы жылдар ішінде ақындар шырылдап айтқан тіл, жер, дін, көші-қон, тәрбие мәселелері шешіле қалды деп қалай айтамыз?
Қойлыбай АСАНОВ:
– Айтыс өнері туралы ХХ ғасыр басында С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мүсірепов сияқты әдебиет алыптары қалам тербеп, ой-пікірлерін қағазға түсіріп кеткен еді. Айтыс өнері сияқты рухани мұрамызға ғылыми тұрғыда баға беріп, оның қоғамдық-әлеуметтік рөлін айқындау туралы пікірлер тәуелсіздік алған жылдардан бері қайта жанданып, жиі жазылып, айтылып келеді. Халық арасынан шыққан айтыс ақыны, ең алдымен, сол ортаның әлеуметтік, қоғамдық ахуалына барынша қанық әрі ұлт тілінің уызын бойына толық сіңірген ділмар, шешен болуы шарт. Елдің аңсар-мұратын насихаттаушы, әрі қоғамдық пікір қалыптастырушы айтыс ақындары әр кезде өзі өмір сүрген ортаға ықпалды болған. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жеткен ақын жырлары әр дәуірдің, қоғамның болмыс бедерін бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда сөз (тіл) өнерінің өшпес, өміршең мұраттарын тағы да баса айтқымыз келеді. Себебі ақындарын «от ауызды, орақ тілді» деп мадақтаған халқымыз олардың қиыннан қиыстырып айтатын шешендіктерін, айтқыштықтарын қашанда алдыңғы орынға қойып отырған.
Айтыс ақындары қандай тақырыпты жырласа да, оның өзекті болып, халық жүрегіне зор әсер етуі сөз жоқ, ұлт тағдырын жан дүниесімен сезінуден, бағалаудан туындайтын құбылыс. Ешқандай ақын ұлт табиғатына жат әдетті жырлаған жоқ, керісінше, халықтың болмысына тән ұлы қасиеттерді дәріптеп, соның жоғын ғана іздеді. Сондықтан да айтыс жырларында көтерілген кез келген проблема ұлт мүддесі үшін қызмет істеді.Мәселен, айтыс жырларында көтерілген жер мәселесі, ауыл проблемасы, экология ахуалы, тіл тағдыры, оқу-ағарту жайы, еліміздегі саяси-әлеуметтік бағыт, тарихи тұлғалар, елді мекен, жер-судың байырғы атаулары, салт-дәстүр, тәрбие-тағылым сияқты толып жатқан шешімі қиын күрделі мәселелерді бұқара халық пен билік назарына дер кезінде насихаттап отырды. Айтыс ақындарының бұл жанайқайы қоғамдық пікір қалыптастырып, тиісті орындардың назарына іліккенін ешкім де жоққа шығара алмайды.
Серік Қалиев:
– Айтыс ақындары ел ішіндегі қордаланған мәселелерді үнемі жырлап келеді. Ұлттық мүдде, ел бірлігі, жер, тіл тағдыры, халықтың әлеуметтік жағдайы, саяси ахуал, Алаш арманын айтыскерлер жырына арқау, ойына өріс қылудан, елдікті толғаудан бір сәт те іркілген емес. Өкініштісі, сахнада айтыс ақыны жеткізген елдің сөзі сол жерден ары аспай жататыны. Оған бірнеше себеп те болуы мүмкін. Билік болсын, жергілікті басқару органдары болсын айтыста көтерілген мәселені талқылап, сараптап, сыннан қорытынды шығармайды. Біраз жыл «Нұр Отан» партиясы да айтысқа иелік етіп, дүркін-дүркін әр аймақта жыр сайысын ұйымдастыруға мұрындық болды. Ол айтыстарда да талай нәрсе айтылды. Бірақ айтыста мынандай кемшіліктер айтылып еді, осындай халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп еді деп індетіп жатқандарын естімедім. Көкейіміздегіні жеткізді деп халық риза. Айтыс өткіздік деп есеп беріп ұйымдастырушылар мәз. Келесі жолы айтыскерлер сол тақырыпты тағы езіп отырады. Әйтпесе, кезінде көшелерге ел қорғаған баһадүрлер мен ділмар бабалардың, Алаш арыстарының есімдерін беруге, еңселі ескерткіштерінің бой көтеруіне, тіпті «Алматы ақшамы» газетінің жарық көруіне осы айтыс ақындарының жалынды жырлары себеп болғанын көзіқарақты көрермен, айтыс жанкүйерлері ұмытпаған болар. Екіншіден, айтыс ақындары жалпылама айтуға, сипай қамшылап өте шығуға дағдыланып кетті. Кезінде Қуаныш Мақсұтов, Серік Құсанбаев сияқты аға буын ақындар атын атап, түсін түстеп, жетесіне жеткізіп айтатын. Ершат Қайболдин деген айтыскер бауырым да жасқанбай өткір айтушы еді, кейінгі кездері жыр додасына сирек қатысатын болып кетті. Елдің мұң-мұқтажын жеткіздің бе, енді соны шешу жолдарын да айта кеткен орынды. Кейде телеарналар ақындардың айтқан өткір сөздерін «өткір қайшысымен» қидалап, бір-біріне қабыспайтын жауаптарын эфирге бергенін де көрдік. Ақындар тіл мәселесін отыз жылдан бері жырлап келеді. Соны тыңдайтын билік тарапынан құлақ бар ма?
Мұхтар Ниязов:
– Әлбетте, бұл қай кезеңде де ақынның өзі қаласын, қаламасын оның мойнынан түспейтін үлкен жүк. Өйткені елдің сөзін ұстау сол халықтың ортасынан туын көтеріп, сенің сөзіңді, уәжіңді тыңдай алатын қандай да бір деңгейге жеткен болсаң, бұл жауапкершіліктен ешкім де қашып құтылуға тиісті емес. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп өткен ақындар да болған, жүруді мақсат еткен адамдар да болған. Бірақ тарих оған дұрыс баға бермеді. Әр ақын өз заманының кез келген көкейтесті мәселесіне жауап бере алатын деңгейде болуы керек. Оның тек ақын болуы бұл жерде жеткіліксіз, ол сол өмір сүріп отырған дәуірінің қауіп-қатерін, сөзінің салдарын, жауапкершілігін, айтылған сөз атылған оқ екенін, оны бас-көзсіз ата берсе де сөздің ешқандай мағына, парқы қалмайтынын сезінуі қажет. Сондай-ақ ең өткір, ең көркем сөздің барлығы керемет екен деген нәрседен де біз қашықтау болуымыз керек. Кейде эмоциямен, елдің пай-пайымен, айқайымен артық сөздер айтылып кетіп жатады, ал халықтың мұң-мұқтажынан айналып өткен әріге бармай-ақ осы тәуелсіздік жылдары бірде-бір айтысты мен білмейді екенмін. Шама-шарқынша ақындар елге келіп тұрған, келе жатқан, төбесі көрініп тұрған бүкіл қауіп-қатерлерді айтудай-ақ айтып келеді. Әлбетте, бәрі де салыстырмалы түрде, кейде ол ақпараттық деңгейде қалып қоюы мүмкін, кейде талдамалы деңгейге көтерілуі мүмкін. Енді ол шешуін тапты ма, таппады ма, ол екінші мәселе. Шешімі табылған мәселелер де бар. Қазір оның барлығын жіктеп айтып отырудың жөні болмас, бірақ енді біздің елде айтыскер ақынның сөзімен бірдеңенің түзеліп кетуі қазіргі жағдайда сәл қиындау болуы мүмкін, бірақ ақын мәселенің өзектілігін ашып өзінің бойындағы қабілетімен көрсете алады. Тек айтыскер ақындар ғана емес, қоғамның кез келген белсендісі, жазушысы, журналисі, сыншысы аузынан шыққан бойы сиқырлы таяқпен ұрғандай болып жүзеге асып кетіп жатқан жағдай өте сирек. Ол сирек екен деп тоқтап қалуға да болмайды, ақындар жауапкершіліктен ешқашан қашпауы керек, оның сөзінің елену-еленбеуі, қоғамдық мәселені шешуі, шешпеуі оны түпкі мақсатынан айнытпауы керек деп ойлаймын. Ақын елдің бірлігіне, тыныштығына, ынтымағына, сонымен қатар сол сәттегі өзекті мәселелеріне өткір шумақтарын, ұрымтал тұсындағы айтатын ойларын бүгіп қалмайтын үлкен парасат иесі болу керек. Осы сенімнен шығып келе жатқан ақындарымыз бар. Оның бірден-бір дәлелі біздің Аманжол Әлтаев ағамыз. Қазір Парламент қабырғасында отырып өзінің үлкен ойларын ортаға салып, қазақ руханиятының бір алтын қазығындай болған ағамыздың, айтыстың ортасынан шыққаны, сол жерге барғанының өзі жүздеген мәселенің шешімін тапқаны сияқты көрініс деп айтар едім. Сондықтан алдағы уақытта да әр мәселенің алыс-жақынын қозғай білетін осындай біздің билік пен халықтың ортасына жік салмай, қайта алтын көпір болып екі ортаны біріктіріп жымдастырып отыратын бір үлкен күшке айналады ғой.
Нұрзат Қару:
– Қазіргі айтыс ақындары елдің мұң-мұқтажын сахна мінберінен айтудай-ақ айтып жүр. Шешуін тауып жатқан мәселелер де аз емес. Бір ғана мысал келтіретін болсақ, кешегі Семейдің Абай облысы болуы. Осыны қанша аға-әпкелеріміз, әріптестеріміз әр айтыс сайын шырылдап, биліктің құлағына жеткізуге тырысқан болатын. Енді міне, нәтижесін сіз бен біз көріп отырмыз. Мұғалімнің мәртебесі көтерілді. Басқа да мекемелерде қызмет істейтін қызметкерлердің жалақылары бірте-бірте өсіп келеді емес пе? Осы дәлелдер сіздің сұрағыңызға жауап бола алады.
Айтыста барлық өнердің элементтері бар
– Қазіргі айтыс шоуға айналып кеткен жоқ па?
Жүрсін ЕРМАН:
– Шоуға айнала алмай жүр. Ұлттық өнер заманға бейімделу керек. Жас қауымның да тілін табу керек. Бұл элитаға арналған өнер емес. Қарапайым халықтың жүрегіне жол табу үшін жеңіл эстраданың да элементтерін игермесе болмайды.
Мұхтар Ниязов:
– Айтыс шоуға айналып кетті ме деген сұрақтың өзі негізі сәл екіұштылау. Өйткені басқа бір сарынды өнер түрлеріне қарағанда айтыстың негізгі табиғаты шоу. Өйткені ол екі адамның арасындағы диалог. Екі адамның арасындағы сөз байланысында эмоция араласпаса, белгілі бір деңгейде өзара көркемдік болмаса, алдында халық жоқ болса да екі адам үшін қызықсыз болып қалуы мүмкін. Айтыстың бүкіл синкретті сипаты сақталып тұрған кезде оның шоулық сипатын алып тастауға болмайды, бірақ тек шоулық сипатымен де қалдыруға болмайды, өйткені оның сыртын жылтыратып, ішін қалтыратып заманның сұраныстарына жауап береді екенбіз, деп айтысты әу бастағы болмысынан айнытып жіберуге болмайды. Бірақ кешегі тақиясын төбесінде ойнатып, құйрығымен жорғалайтын, Шашубай желдірмелерін жөңкілткен Иса Байзақов, Сыр бойында Нартайдың бригадасында болған Күндіге Алдоңғаров сияқты үлкен комедиялық театр әртістерінің рөлін атқарған. Осы ретте айтыс шоу болмаса неге Нартайдың бір өзін бір театр деп айтамыз. Оның бір өзін бір ақын немесе бір кітапхана дей салар ма едік, өйткені театр түрлі эмоцияның ауысып, алмасып жататын жері. Сондықтан ол бір шоуын алып тастаса, ошақтың бір күндегі отын алып тастаған сияқты оның да қызығы кетіп қалады. Халық бір жағынан сол айтысқа өзінің ішіндегі айта алмай жүрген, жеріне жеткізе алмай жүрген кейбір сөздерді қазанның бетін ашып бір буын шығарғандай ішіндегі шері бір сәтке тарқап, бір сәт жеңілдеп, сол бір мәселе шешімін тапса да, таппаса да сол айтысқа барып жеңілдеп қайтып жатқан халықты талай көрдік. Сондықтан бұл жерде екі ортадағы нәзік шекараларды абайлау керек әлбетте, бірақ оның шоулық сипатына, бұл нәрсенің сақталуына қарсы болған адамға қарсымын, бұл айтыстың бойында сақталуы керек.
Қойлыбай АСАНОВ:
– Бұл кейінгі жылдары көп айтылып, жазылып жүрген проблема. Шын мәнінде, айтыс өнері өзінің төлтума қасиетінен алыстап бара жатқан жоқ па?! Кейде екіұдай пікірлерді де естіп қаламыз. «Заманына қарай адамы» демекші, кей азаматтар: «қай өнер түрі болмасын заманына қарай дамып, өзгеріп, жаңарып отырады», деген пікірлерді көлденең тартады. Бірақ жаңару, өзгеру деген өнерді төлтума қасиетінен айыру емес қой. Қазіргі айтыстардың насихаты һәм мүмкіншіліктері өте мол. Дауыс күшейткіш (микрофон) алдарында, әдемі сәнді сарай солардікі, 5-10 мың адамға дейін көрермендері бар. Жүлделерін айтпай-ақ қояйын. Айтыс ақындарына барлық жағдай жасалған. Тек өнердің өресін түсірмесе болғаны. Ертеректе айтыс өнерін зерттеп жүріп жазушы Елен Әлімжанның мына пікірін оқып едім: «...Баяғыда С.Сартаков деген орыстың бір қаламгері «Кездесу сайын көрермен жазушыдан ақылды сөз күтеді. Ақылды сөз күнде қайдан табылады?», деп еді. Сол айтқандай апта, ай сайын өтіп жатқан айтыста елді аузына қарататын өлеңді ақын қанша данышпан болса да қайдан шығара береді? Ол амал жоқ, Алматыда айтқанын Астанада, Оралда айтқанын Семейде қайталай салады. Оның үстіне бұл он бес, жиырма ақын жиі айтыса берген соң бір-біріне айтатын әзіл-қалжыңның да мәнісі кетіп, мазмұны да сұйылады. ...Біреуді мақтаса болды, ақынды да, оның мақтаған адамын да керісінше жек көре қаламыз. Сөйтеміз де айтысты жамандаймыз. Сөз басқа болғанымен, ойы қайталана берген соң проблемадан да жалығамыз». Жазушы ағамыздың айтып отырғаны расында да шындық. Ал айтыс шоу болып кеткен жоқ па деген сұрақ айтыс ақыны мен «өнер жұлдыздарын» айтыстыру жобасынан кейін пайда болды. Бірақ бұл жоба өзінің өміршең еместігін көп ұзамай-ақ көрсетті.
Нұрзат Қару:
– Мен айтысты шоуға айналып кетті деп есептемеймін. Негізі белгілі бір деңгейде шоу да қажет шығар. Бірақ айтыс ол кезеңнің барлығынан өтіп үлгерді. Халық не сұраса, айтыс соның барлығын бере алды деп санаймын өз басым. Егер де бір жерде шоу айтыс болып жатса, бүкіл айтыс шоуға айналды деп пікір білдіруді дұрыс емес бұрыс деп айтар едім.
Серік ҚАЛИЕВ:
– Айтыста барлық өнердің элементтері бар. Сондықтан да синкретті өнер дейміз. Көрермен назарын аударып, думанды қыздыру үшін жекелей ақындардың сахнадағы қимыл-қозғалысы, отырысы, домбыра тартысы, мақам құбылтуы ерекшеленіп тұруы мүмкін. Бірақ тұтас айтысты шоу жасауға қарсымын. Бір жылдары сайқымазақтар да, эстрада әншілері де айтысып, текті өнерді әжуаға айналдырды. Телеарналар рейтинг үшін арзан бағдарламаларын айтыспен тұздықтады. Айтыс өз табиғатынан ажырамауы керек.
Ақынның үнемі шығармашылық биіктен көрінуі мүмкін емес
– Еліміздегі айтыс ақындары шоғыры жақсы қалыптасқан, олардың аламанға қатысуы қаншалықты әділетті түрде іріктеледі?
Жүрсін ЕРМАН:
– Бізде құрылғанына он екі жыл болған «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» РҚБ бар. Негізгі ұйымдастыру шараларын осы Одақтың Басқармасы өткізеді. Іріктеу әділетті болуы үшін айтыскерлердің рейтингін де жасап, соған сәйкес ең жоғары рейтинг көрсеткен ақындарды топқа салу дәстүрі қалыптасты. Ол да үнемі сәтті бола бермейді. Бір ақынның үнемі шығармашылық биіктен көріне беруі мүмкін емес екен. Кейде бабында болса, келесі жолы кемеліне келмей қалады. Сол себепте әрбір айтыстың алдында сараптама жасап, дәл осы тақырыпты осы ақын көтеріп айта алады-ау деген болжамға сүйенеміз. Ол да кейде сәтсіз болып шығады. Жүлдеге деген құштарлығы шығармашылық мүмкіндігінен әлдеқайда басым айтыскерлер баршылық. Олардың бетін қайтару да оңай емес. Қазіргі қазақ елінің қай түкпірінде де ақындар шоғыры қалыптасқан. Айтыскерлерді іріктеу кезінде әр өңірдің өкілі қатысуына басты назар аударамыз.
Серік ҚАЛИЕВ:
– Айтыс жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман басқаратын «Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің одағында» бәрі тіркелген. Мен айтысамын дегендердің барлығы дерлік аламанға қатысып шықты. Ол жағынан әділетті деп айтуға болады. Өз қабілетін жан-жақты көрсете алмағандар, әрине біраз уақыт айтыстан сырттап қалуы бек мүмкін. Кейде бабыма келдім, осы жолы жыр сайысының көрігін қыздырамын деп сеніммен келгендерді Жүрсін ағамыз аламанға қайта қосып, мүмкіндік беріп жатады.
Қойлыбай АСАНОВ:
– Жыл соңында «Алтын домбыра» атты жеңімпаз айтыскерлердің үлкен жыр додасы өтеді. Бұған жыл бойғы өткізілген айтыстарда бас жүлде, бірінші орын алған ақындар ғана қатыса алады. Мейлінше әділ шешім деп ойлаймын. Ал қалған айтыстарға қатыса алмай жүрмін деген еш ақынды көргеніміз, не естігеніміз жоқ. Бұл тұрғыда айтыс өнерінің ұйымдастырушысы һәм қамқоршысы Жүрсін Ерман ағамыз жас талапкерлерге барынша қолдау көрсетіп келеді. Облыстарда өтіп жатқан жас ақындардың айтысында жылт етіп көрінген жас таланттарды қолма-қол қойын дәптеріне жазып алып, келесі үлкен додаларға қосып жүргенін талай рет көзіміз көрді.
Нұрзат Қару:
– Менің бұрынғы іріктеулерден аса қатты хабарым жоқ. Дей тұрғанмен өзім қатысып жүрген іріктеулер әділетті өткендей болып көрінеді. Нақты айтсам өтіп жүр. Мысалы, анау жылдары Ринат Заитов өткізген төрт айналымнан тұратын жеребе айтыс халықтың көңілінен шығып, делебесін қоздырған еді. Одан бертін келе алдыңғы жылы Дулат Тастекеев басқаратын TAS GROUP компаниясы ұйымдастырған «Асыл домбыра» айтысын тілге тиек етер едім. Айтыстың қара нары Жүрсін Ерман ағамыз өткізген бірнеше айтыс бар. Міне, осы айтыстардың барлығы әділетті түрде іріктелген болатын.
Мұхтар Ниязов:
– Қазір енді Жүрсін аға айтқандай «Қазақстанда айналымда жүрген жүз елу-екі жүздей ақын бар», оның белсендісі жүздің үстінде шығар, олардың іріктелуі әділетсіз жүреді дегенге мен сенбеймін және қарсымын. Өйткені қазір жалт еткен жақсы ақынды көрсек, Жүрсін аға түгілі біз қуанып қаламыз. Оның ертерек сахнаға шығып қанаты қатайып, үлкен аламандарға шығып қосылып кеткенінше мүмкіндігінше барлығымыз да соған қамқоршы болуға тырысып жүреміз. Ал іріктеуге байланысты объективті, субъективті келісулер болуы мүмкін, бір айтысқа қатысқан ақындар өздері болдырып тұруы мүмкін немесе жолды беріп тұруы мүмкін, өзара ол келісетін, шешілетін мәселе. Біздің мына футболда да кез келген жарыстың түрі болсын, бір лигалар болады ғой деңгей-деңгейімен, КВН-да да бар қателеспесем, жоғарғы, төменгі, ортаңғы лига деген сияқты, бұлар айтыста жоқ. Бірақ іштей болса да топтарда қазір оқушылар айтысы, студенттер айтысы, аймақтық, халықаралық, республикалық айтыстар бар, соларды өзінің кезең-кезеңімен, жол-жолымен, деңгей-деңгейімен өсіп жетіліп соған қосылып уақыттың елегінен түсіп қалмай кез келген заманның талабына сай сұраныстарға жауап бере алатын ақын болсаң, сен бүкіл айтыстарда жарқырап, жарқылдап көрінуіңе болады. Мен қайткенде де айтысқа қатысамын, мен айтыстың шырайы боламын, осы айтыстың көркі боламын деген бір ақынның бетін қайтарып жатқан кезін мен көрген емеспін. Қайта соны ортаға қосып, топқа салып талай ақындарды елдің елеулісі, халықтың қалаулысы етті. Бұл жерде Жүрсін ағамыздың үлкен таразының екі басын тең басып, көзімен де, көңілімен де сүзіп барлығын бақылап отырып жасаған үлкен қамқорлығын айта кету керек. Өйткені біз айтысқа шыққанда екі жүк бар, біріншісі алдымызда, екіншісі жанымызда тұрады. Алдымыздағы халық бір таразы болса, жанымызда Жүрсін аға тап сондай бір таразы. Ол кісі міндетті түрде өзінің көзіне түскен тізіміне түскен ақындардың ешқайсысын қалдырмай, қазақтың айтысқа деген махаббаты тұрғанда олардың барлығы да өнер көрсетуге мүмкіндік алады деп ойлаймын.
Айтыс ақындарына үнемі ізденіс қажет
– Айтыстың бағзыдан бергі басты қасиеті – суырыпсалмалық. Бұл қасиет қазіргі ақындарда бар ма? Бар болса, қай деңгейде? Әлде қазіргі айтыс ақындары алдын ала дайындала ма?
Мұхтар Ниязов:
– Енді осы сұрақ өте дұрыс қойылып отыр деп ойлаймын. Өйткені айтыстың негізгі жаны бар. Иә, айтыс өмір сүру үшін тән, жан болу керек, ал шартты түрде айтысты тән деп алсақ оның жаны суырыпсалмалық қасиет, әлбетте. Оның әлсіреп, күшейіп тұрған кезеңдері болған, бірақ егер біз түбегейлі цирктік шоу әңгіменің негізінде тек қана елге, бүкіл халыққа көруге ыңғайланған цирктік өнерге айналдырсақ онда қазіргі қызығын көргенмен, ертең азабын тартамыз. Айтыстың негізгі түйінін, түп тамырын іргетасын сақтауымыз керек. Үйдің іргетасын алып тастап шатырын әдемілегенмен оның қуанышы ұзаққа бармауы мүмкін. Айтыстың сол іргетасы –
әлбетте суырыпсалмалық – импровизация. Бұған байланысты жаңағы айтқанымыздай, кейбір өңірлерде үлкен мереке, жиындарда басшылардың ыңғайына немесе ұйымдастырушылардың көңіліне қарап біз айтысты жасанды жаққа бұрған кездеріміз бар, өкінішке қарай. Бірақ қазір мысалы Дулат Тастекеев басқаратын «Асылтас» қоғамдық қоры екі-үш жылдан бері шынайы осы айтысқа кірісіп, сахнада жұптау алдын ала емес, кезегін білмей, кіммен шығатынын білмей ақындарды бөліп, әр аймақтарда жұптап өнер көрсетуге мүмкіндік жасау сияқты алғышарттары бұрын да басталып кеткен, қазір де жалғасып жатыр. Болашақта түбегейлі осыған көшсе мен қарсы емеспін. Қырғыздарда айтыстың көркемдік деңгейі керемет емес, бірақ оларда шынайы қалыптасқан. Керемет болмаса да орындаушылық жағы өте жақсы жетілдірілген, аспапты меңгеру жағына көбірек басымдық берген. Сол кезде жаңағы халықтық сипатын сақтай отырып жалықтырмауға болады. Ал бізде тек қана сөз өнерін, жазба поэзия деңгейіне айтысты көтерілді немесе асып кетті деген пікірлер айтылып жатады. Ол екеуі екі бөлек өлшем деп ойлаймын. Бір-бірімен жарыстырып та керек емес, өйткені ол екеуі бір-біріне сәйкес келмейді. Әлбетте енді көркемдік жағынан шынайы таза табиғи жолмен онсыз да көтеріледі. Ал оны қолдан көтеріп, алдын ала жазып жаттатып, сосын айтыстың ішкі кейбір қиыр қатпарларын білмейтін халықты, саған деген сенімін алдайтын болсақ, ол алдаумен «өтірікші ақсақтан бұрын ұсталады» дегендей қай жерге дейін баратынымызды білеміз. Сондықтан қазіргі ақындардың ішінде өлеңді суырып салып айтпайтын ақын жоқ деп ойлаймын. Енді аз болуы мүмкін, көп болуы мүмкін, тез болуы мүмкін, жай болуы мүмкін, дегенмен әрбір ақын сахнада суырыпсалмалық қасиетін көрсетеді және сен мың жерден бірінші айналымда дайындалып барғанмен екінші, үшінші, төртінші айналымға кететін осы айтыстың айналымдарын тәртіп ретінде енгізу керек және мемлекеттік деңгейдегі «Алтын домбыра» сияқты айтыстарда міндетті түрде ақындарды соңғы сәтке дейін жарауы керек деген тәртіппен бекіту керек. Сол кезде ол үлкен даму жолына түседі. Енді аламан жарыстарда да бір айналымға кез келген ат шауып кетуі мүмкін, тіпті екі айналып шауып кетуі мүмкін. Бірақ көмбеге айналымды түгел шауып, сулығын қарш-қарш шайнап алдымен жеткен жүйрікке берілмей ме бәйге. Ал бізде өкінішке қарай, кейде бір айналып шыққан ақын бәйгеден жайнаңдап келеді, ал қалған ақындар мүмкін жай ашылатын шығар, мүмкін ол толық мүмкіндігін көрсете алмай жатқан шығар. Сондықтан алдағы уақытта айтыстың суырыпсалмалық қасиетін сақтауға, дамытуға жұмыс істеуіміз керек. Бұған дейін сөзді, өлеңді дамытуға олардың көркемдігін көтеруге, оларды жан-жақты байытуға жұмыс істедік, енді айтыстың суырыпсалмалық қасиетін қатаң сақтауға және оны дамытуға, байытуға бар үлесімізді салсақ, айтыс қазақпен бірге жасай беретін болады.
Қойлыбай АСАНОВ:
– Меніңше суырыпсалмалық қасиеті жоқ ақын айтысқа қатыспаса керек. Қазіргі айтысқа түсіп жүрген ақындардың барлығы өлеңді суырып салып айта алады деп ойлаймын. Егер ондай қасиеті болмаса айтысқа бел буып шықпас еді. Бір өкініштісі, қазіргі ақындар Тәңір берген осы қасиеттерін барынша пайдаланып, оны дамытуға енжар болып алған. Шама келсе жаттап алып айтысқанды жеңіл көреді. Бұл жеңіл тәсіл бойға біткен айтыскерлік қасиеттерін тұсаулап, бірте-бірте бойларынан алыстата береді. Яғни суырыпсалмалық қасиетін жаттап (заготовка) айтысу тәсілі жеңіп кетеді. Дегенмен қазіргі айтыс ақындарының ізденіс өрісі кең, тілдік қоры мол. Қазіргі айтыстағы тіл мәдениетін сөз еткенде, алдымен ақындардың ішкі мүмкіншіліктері, яғни ой-өріс, білім деңгейі, оқып ізденуін алдыңғы орынға қоямыз. Іздену мен оқудың, еңбектенудің нәтижесі қашанда өз жемісін берері сөзсіз. Қазіргі ақындар күнделікті теле-радио ақпараттарын тыңдап, газет-журнал оқып, білімін күн сайын жетілдіріп жүруді әдетке айналдырды. Айтыс барысында тосыннан қойылған сауалға мүдірмей жауап беріп жатулары да ақындардың үнемі ізденісте жүретіндігін аңғартады. Айтыста көтерілетін белгілі бір проблема төңірегінде алдын ала материалдар жинастырып, оны ойша екшеп, саралайды. Қойылатын сұрақ немесе әңгіме ауаны қандай жағдайда өтетіндігін ойша шамалап, соған орай дайындық жасайды. Міне, осы айтылған талаптар үдесі ақынның мүдірмей, еркін сөйлеуіне қалыпты жағдай туғызады. Айтыс тілінің ажарлы, салмақты болуы да осындай дайындық негізінде өз жемісін беріп отыратынын да айта кеткен орынды әрине.
Серік ҚАЛИЕВ:
– Кез келген ақын алдын ала дайындалады. Өлеңін тұтас өріп алмаса да, ой түйеді, іштей ширығады. Қарсыласын зерттеп, осал тұсын аңдиды. Бәйгеге қатысатын жүйріктей бапталады. Айтыскердің суырыпсалмалығы оның басты қасиеті. Табанда жауап бермесе, айтылған ойды лезде жалғамаса, қиялы ұшқыр болмаса, қарсыласты тұқыртып сөзден ұстамаса, оның несі айтыс?! Бір жылдары қарсыласпен келісіп айтысу да болғаны рас. Айтыскер ақындардың бәрі де суырып салып өлең құрай алады. Енді деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Былтырдан бері Дулат Тұрсынұлының қолдауымен «Асыл домбыра» деген атпен айтыс өткізіліп келеді. Елуге жуық ақын қатысатын үлкен жоба. Сол айтыс жеребе арқылы өткізілді. Сахнада бірден қарсыласы анықталып айтыса кеткен ақындардың өнеріне тәнті болып, лағылдай төгілген өлеңіне қайран қаласың.
Жүрсін ЕРМАН:
– Айтыс – суырыпсалмалыққа (импровизацияға) негізделген жыр. Кезінде, айтысты қайта жандандырған тұста, қағазға қарап айту, жаттап келу деген секілді олқылықтарға көз жұмып қарағанымыз рас. Бірте-бірте суырып салып айту әбден қалыптасты. Қазіргі аламанға қатысып жүрген айтыскерлердің басым бөлігі табан асты өлең шығарып айтуға қабілетті. Осындай айтыстар табиғи әрі тартысты өтеді. Былтырдан бері өтіп келе жатқан «Асыл домбыра» сайыстары дәл осылайша ақындарды жеребе бойынша сахнада жұптау арқылы өтіп келе жатқаны белгілі. Әрине, ақындарға күні бұрын өлең дайындама, бәрін қолма-қол айт деп тапсырма бере алмаймыз. Ойға түйіп жүрген шумақтарын суырып салу үстінде өз ыңғайына шебер пайдалану әр ақынның қабілет қарымына байланысты.
Қазір ақындардың тұтас бір легі келіп, айтыстың ажарын ашып жүр. Бұлар қоғамдағы кеселдерді батыл да көркем, келістіріп жырлай алатын нағыз дарындар. Елге әбден танымал болған Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртай, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Әсем Ереже, Еркебұлан Қайназаров, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Дидар Қамиев, Қалижан Білдәшев, Нұрлан Ескенқұлов секілді тарландардың ізін баса келген Мейірбек Сұлтанхан, Шалқарбай Ізбасаров, Шұғайып Сезімхан, Бауыржан Ширмедин, Қазірет Бердіхан, Рауан Қайдаров, Ершат Қайболдин, Серік Қуанған секілді дарындар кез келген аламанды жыр мерекесіне айналдыра алады. Кейіннен топқа қосылған Аруна Керімбек, Бөкен Жігер, Нұрзат Қару, Абзал Мақаш, Қабдолла Бейісхан сияқты жас таланттар атамұра өнердің болашағына сеніммен қарауға жетелейді. Келесі айда Нұр-Сұлтан қаласында өткелі отырған «Бабалар аманаты» атты аламан айтыстың ауыр салмағы да осы сенімді айтыскерлердің мойнында. Оның ар жағында Семейде, Катонқарағайда, Шымкентте өтетін жоспарлы додалардың сәнін де осылар кіргізеді.
Нұрзат Қару:
– Иә, бұл сөзіңізге келісемін. Айтыс – қасиетті өнер. Және де ақындардың табан асты тауып, сары майдан қыл суырғандай етіп, суырып салып айтуымен ерекше бағаланады. Бұған дейін де солай болған, бұдан кейін де солай болады деп сенеміз. Қазіргі айтысқа қатысып жүрген әрбір ақынның бойында бұл қасиет бар деп ойлаймын. Егер де болмаса айтыс сахнасының табалдырығын аттамас еді ғой. Ақындардың деңгейіне мен баға бере алмаймын. Бірақ бір білетінім менің деңгейіме қарағанда әлдеқайда жоғары. Ал сіздің алдын ала дайындалу дегеніңізді мен түсінбедім. Менің түсінігімдегі дайындалу деген нәрсе қазақтың салт-дәстүрін білу, тарихты білу, география, биография т.б. сияқты мәселелерді санасында тоқып жүру. Міне, осы нәрселерді дайындық деп есептеймін. Одан басқа айтысқа не дайындық керек.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»