Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Біреуге ұзақ, біреуге қысқа бір жыл
Ал олардың бір ғана үміті – перзентінде. Тым болмаса келешек ұрпағының туған топырағында аунап-қунап жүргенін қалайды. Кейбір отбасы үшін оның жалғыз жолы – шетте 11-12 жыл білім алып, мектепті бітірген баласын Қазақстанға оқуға жіберу. Алайда олардың барлығы бірдей ата-ананың аманатын ақтай алмай жүр.
Моңғолияда туып-өсіп, сол жақтағы 12 жылдық мектепте білім алған соң, елге оралған қандасымыз Құралай Болатбек қазір еліміздегі беделді университеттің бірінде оқиды. Ол дайындық бөліміне түсуге емтихан тапсырғанын айтады.
– 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дайындық бөліміне түстім. Мен үшін дайындық бөлімі дәл батыстық ұғыммен Gap year сияқты болды. Яғни мектеп бітіріп университетке түскенге дейін өзімді тануыма, көзқарасымды өзгертуіме, мамандық таңдауыма көп септігін тигізді. Дайындық бөліміне түсу үшін оқу сауаттылығы мен математика сауаттылығы пәнінен емтихан тапсырдық. 40 балдың 33-ін жинадым. Дәл неше балдан жоғары қабылдағаны есімде жоқ. Әйтеуір емтихан тапсырған жастардың жоғары ұпай алғандары Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыға, қалғандары басқа қалалардың дайындық бөлімдеріне түсті. Мүлде дайындық бөліміне түсе алмай қалғандар саусақпен санарлық. Олар сырттай курста оқу арқылы дайындалып, бізбен бірге ҰБТ тапсырды, – деді Қ.Болатбек.
Студенттің айтуынша, алғаш келгендегі уақыт мәдениеттің өзгешелігін түсінуге, қоғамға бейімделуге көп көмектесті. Бір жыл бойы міндетті пәндер мен мамандық бойынша бейінді пәндерге дайындалды. Дегенмен қиындықтар да кезікті.
– Моңғолияда жақындарымызбен ғана қазақша сөйлесетін едік. Мектепте моңғолша білім алдым, моңғолдардың ортасында өстім. Дайындық бөлімінде қазақша оқыған кезде топтағы студенттерге басында күлкі болатынмын. Бір жылдан кейін ана тілімде сайрап шыға келдім. Әрине, бұл – дайындықтың нәтижесі. Содан соң Қазақстан тарихы пәні бәрімізге жеңіл болмады. Байтақ тарихымызды кеңінен зерттеуге осы уақыт үлкен мүмкіндік сыйлағандай. Бәрінен бұрын Қытайдан келген қандастарымызға қиын тиді. Олар мектепте төте жазумен жазды. Сол себепті оларға әріптен бастап бәрін қайтадан үйренуге тура келеді. Сондықтан дайындық бөлімінің бір жылы – кейбіріне тым ұзақ болса, енді біріне тым қысқа уақыт сықылды. Бір ұсынысым бар, қандастарға бөлінетін квота (грант) саны көбейгенін қалаймын. Атамекенін аңсап жеткен жастар оқуға түсе алмай, қайтадан келген еліне қайтып кетпесе екен, – дейді Қ.Болатбек.
Талап өзгерген
Иә, кейіпкеріміз дайындық бөліміне тапсырған жылы талап басқа болатын. Ал қазір бұл талаптар жеңілдетілген. Өйткені 2020 жылдан бастап диаспора өкілдері ЖОО-ның дайындық бөлімдеріне емтихансыз қабылданады. Бұрынғыдай математика мен оқу сауаттылығынан тест тапсырмайды, тек әңгімелесуден өтсе болғаны. Бұл Қазақстан Республикасы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдері қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №554 бұйрығымен бекітілген.
Аталған ведомствоның бізге берген жауабына қарағанда, жыл сайын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттік стипендиямен және жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ете отырып, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан 1 мыңнан аса қандас қабылданады. Олар дайындық бөлімінің бағдарламасы бойынша қазақ тілін, жалпы білім беру пәндерін оқиды, ҰБТ-ға толық дайындық курсынан өтеді.
2022-2023 жылдары жоғары оқу орындары дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларын оқытуға 1 750 грант қарастырылған.
Байқадыңыз ба, дайындық бөліміне түсуге талас жоқ. Өйткені мыңнан аса адамға 1 750 грант бөлінген. Оқуға ниет болса, жетіп-ақ жатыр. Алайда осыған қарамастан, қандастар дайындық бөліміне түсіп, 1 жылдық оқудың өзін аяқтай алмай шығып қалып жатады. Мәселен, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінің өкілі (Қосымша білім беру бөлімінің басшысы аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) қандастардың көбі сабаққа қатыспағандықтан оқудан шығарылғанын жеткізді.
– Біз дайындық бөліміне оқуға түскен 5 студенттің 4-ін шығаруға мәжбүр болдық. Себебі сабаққа мүлде қатыспайды. Оларға біздің және университетімізбен келісімшартқа отырған мектептердің мұғалімдері сабақ береді. Сабақ күнделікті кестеге қойылған, әдетте дәрістер түстен кейін, яғни күндіз болады. Қандастар Қостанайда тұрмайтындықтан, онлайн режімде білім алады. Соның өзінде сабаққа жөнді қатыспайды, құдды стипендия үшін ғана оқитындай. Шығып қалғандары күндіз жұмыс істеді. Әуелде біз оларды бақыладық, бірден шығарып жіберген жоқпыз. Сессияның қорытындысы бойынша, осындай шешімге келдік. Жоғары білім алуға құлшынысы, ниеті болуы керек. Тегін жоғары білім алуға мүмкіндік туып тұрғанда дұрыс пайдалануы қажет қой. Дайындық бөліміндегі тыңдаушыларға сабақ беретін мұғалімдер осы қосымша жұмысына көп ақы да алмайды. Сондықтан оларды кешке сабақ беруге көндіру қиын. Қандастарға жұмыс істей жүріп сабақты өткізіп алмауға жағдай жасайық десек те келмейді. Қалай дегенмен де сабаққа салғырт қарауға болмайды, оқуын бітіргенше ата-аналары қарасқаны абзал, – дейді университет өкілі.
Бәрі университеттің әлеуетіне байланысты
Ретбек Мағаз Қытайдың Алтай өңірінде туған. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық бөлімінде сабақ береді.
– Мен де бүгінде өзім оқытып жатқан тыңдаушыларым секілді шетелде мектеп бітіріп, атамекенге оқу қуып оралдым. Дайындық курсынан өтіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын, магистратурасын бітірдім. Содан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық» кафедрасына оқытушы болдым. Дайындық бөліміндегі курстан осындай тыңдаушыларды даярлайтын кафедраның қызметкеріне дейінгі жүріп өткен жолымда жиған тәжірибеме сүйеніп айтсам, бәрі де университет пен оқытушылық құрамның әлеуетіне байланысты. Оқытушы ең алдымен алдындағы студенттің жан дүниесін және олардың арғы жақтағы ата-анасының көңіл күйін түсінуі қажет. Соның ішінде Қытайдан келген қандастарға қиындау, олар көрші елдің қаншама қатаң талабынан өтіп, виза аштырып, өзінің жалғыз баласын үкілеп жіберіп отыр. Соны білгенде мендегі жауапкершілік жүгі арта түседі, – дейді Р.Мағаз.
Оқытушының айтуынша, Моңғолиядан, Өзбекстаннан келген қандастар кирилл қарпін біліп келеді. Ал мектепті Қытайдан бітіріп келген студенттер қытайша оқыған, бұрынғыдай төте жазумен қазақша білім алмайды. Өйткені қазақ мектептері жабылған. Түйенің төлі бота екенін білмейді.
– Білмейтінін бетіне басуға болмайды. Мен не істедім? Топ ішінен топ ашып, олармен бөлек жұмыс істедім. Шағын, жеңіл мәтіндерді қайталап оқытып, дайындық сыныбының көркем жазу дәптерін алып, жазғыздым. Екі айға созылған үздіксіз жұмыстан кейін олар өзге топтастарының қатарына қосылды. Тыңдаушылардың құлшынысы жақсы. Үш жылдан бері дайындық бөлімінің студенттеріне сабақ беріп келемін. Өзім көргендей, олардың көбі оқи алмағандықтан шығып кетпейді. Әдетте тәртіп бұзғаннан, қосымша жұмыс істеймін деп жүріп оқудан шеттетілуі мүмкін. Мемлекет оларға ақша бөліп, стипендия беріп, жатақханамен қамтып, оқуға толық жағдай жасап отыр. Сондықтан бұған да жауапкершілікпен қарап, оқудан шығып қалмай, ойдағыдай бітіру жағын ойлауы керек. Олардың оқудан шеттетілмеуіне оқу орны да, оқытушылар да мүдделі болуға тиіс. Карантин кезінде онлайн оқыттық, осы оқу жылынан бастап дәстүрлі форматта білім беріп жатырмыз. Онлайн оқыту сырттан келген балаға өте қиын, – дейді Р.Мағаз.
Бес студентінің төртеуі оқудан шығып қалған университет әлі күнге онлайн оқытып отыр. Ал Р.Мағаз офлайнға көшкенін жеткізді. Оқытудың форматы да өз кезегінде әжептәуір рөл ойнайтыны белгілі.
Түйін: Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның жиналыстарында ұдайы: «Көп мәселе ақпараттың аздығынан туады», дейді. Грант санының оқуға түсетін үміткерлердің санынан көп болғаны да дәл осы түйткілден туатын секілді. Министрдің сөзін министрліктің өзі ескермейтіндей. Әйтпесе шетелде 4 миллионнан көп қазақ тұрады, әр отбасында 4 адамнан десек, кемі 1 миллиондай отбасы шетте жүр. Оның небәрі 1 пайызында мектеп бітірген оқушы бар дегеннің өзінде шамамен 10 мың талапкер болады. Ал бізде бөлінген 1 750 грантқа 1 мыңнан астам адам ғана құжат тапсырады. Неге? Насихат пен ақпараттың аздығы ғана алдымен ойға келеді.