Шығыс Қазақстандағы ең жас Достық үйі – Бесқарағай ауданында. Қазіргі кезде Достық үйінде төрт этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істейді. Атап айтқанда, олар – «Асыл әжелер» қазақ фольклорлық тобы, «Башкүл» аудандық татар мәдени орталығы, славян және неміс этномәдени бірлестіктері. Сондай-ақ, саны аз болса да әзербайжан мен корей этностарының өкілдері де аудандағы халық бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
Әрине, ауданымызда этномәдени бірлестіктер саны аз болғанымен, олардың қатысуымен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біздің мақсатымыз – бейбітшілік пен достықты, барлық ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді, бір-бірімізге деген құрметті сақтау.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында аудандық Достық үйі мен этномәдени ұйымдардың бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданған. Барлық іс-шаралар Президенттің биылғы Жолдауында Қазақстан халқы Ассамблеясы бағытында көрсетілген басымдықтар бойынша жүзеге асырылады.
Елбасының отыздыққа ену идеясын ұсынуы – 2050 жылға дейінгі қазақстандық дамудың рухани тұғырына айналды. Аталған идеяда еліміздегі береке-бірліктің діңгегі болып табылатын тұрақтылық, келісім, бейбіт және тұрақты даму сынды қоғамдағы басты құндылықтар көзделген. Бұл туралы этномәдени бірлестіктердің мүшелері көптеген келелі басқосулар өткізді. Ой алмасу барысында барлығы да отыздыққа ену идеясы жөнінде ортақ пікірге келді. Отыздыққа ену идеясын – уақыт толқынында кездесетін қиындыққа еш мойымайтын идея деп түсінеміз. Бұл – қазақстандықтарды кез келген сынақтан алып шығатын, рухын бекіте түсетін қуат көзі іспетті бағдарлама.
Бұрын Достық үйлері бізді түрлі шараларға шақырып жататын болса, қазіргі кезде ұлттық мәдени орталықтардың өздері түрлі бастама көтеріп, аудан тұрғындарын шақыратын болды. Өйткені, елімізде бір-бірімізге деген мейірім, құрмет, махаббат бар. Түрлі ұлт өкілдері Достық үйі арқылы жақын араласуға, жан-дүниемізді байытуға мүмкіндік алып отырмыз.
Еліміздегі Достық үйлерінің атқаратын жұмысының мақсаты бір болғандықтан, өткізген іс-шараларды тізбелемеймін. Барлығымызды ортақ мақсат пен қызмет әдістемесінің ұқсастықтары біріктіреді. Дегенмен, бесқарағайлықтардың бір ерекшелігі, шекаралас аудандармен әріптестікті жолға қоя бастадық. Бесқарағай ауданы – шығыстың қонақжай қақпасы іспетті. Біз өңірге аяқ басқан қонақтарды меймандос пейілмен күтіп алатын ауданбыз. Солтүстігімізде – Ресей Федерациясы Алтай аймағының Угловский және Михайловский аудандарымен, батысымызда – Павлодар облысының Лебяжі ауданымен шектесеміз. Ауданды шығыс өңірі мен еліміздің жүрегі – Астанамен жалғайтын республикалық маңызы бар күрежол басып өтеді.
Алтай аймағының Угловский ауданымен шекаралық әріптестігі аясында өңіраралық интеграцияның мол тәжірибесін жинадық. Өткен жылы 21 сәуірде сексеннен астам адамнан құралған делегация «Достық алқасы» фестивалі шеңберінде Наурыз мейрамын мерекелеуге қатысты. Аталған іс-шара аясында диалог алаңы, халық шығармашылығы көрмесі, «Достық дастарқаны», спорттық жарыстар мен гала-концерт өтті. Түрлі меморандумдарға қол қойылды.
Биыл наурыз айында іргемізде орналасқан Павлодар облысының Лебяжі ауданына сапарлап бардық. Түрлі салада, соның ішінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен қолданбалы және халық шығармашылығы көрмесін ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмастық.
Жақында Ресейдің Барнаул қаласына баруды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, екі ел арасындағы ұлыстарды да жақындата түседі. Мәселен, наурыз мерекесі арқылы басқа ұлттар қазақ халқының салт-дәстүрімен жетік таныса алады.
Ең бастысы, көрші елдерге біз өз мемлекетіміздің бейбітсүйгіш, толерантты, мәдениетті және қонақжай екенін көрсетеміз. Этномәдени бірлестіктердің әр өкілі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын жіті түсінеді. Әлбетте, олар дүниеде болып жатқан түрлі алауыздықтардың елімізде қайталанбауын тілейді. Сондықтан, барлық қазақстандықтарға, оның ішінде этномәдени бірлестік өкілдеріне еліміздің дамуы жолындағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек етейік дегім келеді.
Владимир РОДИОНОВ,
Бесқарағай аудандық славян этномәдени
бірлестігі төрағасының орынбасары.
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы.