Әрине, ел келешегін ойлаған әр адам мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірінде өзгеріс те, жаңғыру да болғанын қалайды. Мәселен, Ассамблея мүшелері әсіресе рухани жаңғыруға байланысты нендей міндетті, қандай басымдықты іске асыруды көздеп отыр?
– Жақында Ассамблеяның ХХХІ сессиясы өтті. Онда саяси жүйені реформалаудағы Ассамблеяның орны мен рөлі айқындалған еді. Ел Конституциясына өзгерістер ұсынылған бүкілхалықтық референдум қорытындысы жаңа тарихи кезеңнің бастауы болғалы отыр. Сондықтан Ассамблеяның өңірлік кеңесінің мүшелері алдында мынадай үш басымдық тұр. Біріншіден, еліміздегі саяси реформаларды жүзеге асыруда Ассамблеяның рөлін күшейтуге атсалысу қажет. Өйткені саяси реформалар аясында биліктің заң шығару тармағының қалыптасуына өзгерістер енгізіледі. Бұдан былай Ассамблея мүшелері тек Мәжілістің ғана емес, Сенаттың да депутаттығына сайланады. Екіншіден, ақпараттық жұмысты жандандырып, Ассамблеяның қоғамдық әлеуетінің белсенділігін арттыруға ден қою керек. Ассамблеяның әр мүшесі Жаңа Қазақстанның асыл мұраттары мен құндылықтарының белсенді насихаттаушысы әрі дәріптеушісі болуға тиіс. Үшіншіден, құқық қорғау жұмыстары күшейтіледі, – деді өңір басшысы Серік Шәпкенов.
«Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Короблевтің пікірінше, Жаңа Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге баса назар аударылуы қажет. Өйткені тіл мәртебесі – ел мәртебесі.
– Жаңа бетбұрысқа бастайтын белестің алдында тұрмыз. Сол себептен, Жаңа Қазақстанда біз мемлекеттік тілді оқыту үшін қызығушылықты арттыратын жұмыстың кеңінен жүргізілгенін қалаймыз. Мемлекеттік тілдің тағдыры – еліміздің тағдыры. Сондықтан баршаңызды қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, оны жетік меңгеруге шақырамын, – деп пікір білдірді Андрей Короблев.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қазір Атырау облысында 80-нен астам этностың өкілдері тұрады. Солардың басын біріктірген 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
– Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз. Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз. Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет. Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз. Отаншылдық рухы жоғары ел – көздеген мақсатына қалай да жетеді» деген пікірін жадымызда ұстағанымыз жөн. Өйткені еліміз тек береке мен бірліктің, ынтымақ пен қажырлы еңбектің нәтижесінде алға басады. Алдағы міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған Жаңа Қазақстан құру. Бұған бірлік пен ынтымақтың нәтижесінде қол жеткіземіз. Демек, еліміздегі тұрақтылық пен келісімді, ырысты ынтымақты бағалай білейік, – дейді Серік Шәпкенов.
Өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Мәселен, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жанынан «Тіл» әдістемелік орталығы ашылған. Мұнда биылғы сәуір айынан бері қазақ тіліне қызығушылық білдірген өзге ұлт өкілдері оқытылып жатыр. Қазір Достық үйінде 12, «Атырау Жарық» акционерлік қоғамында 28 өзге ұлттың өкілі қазақ тілін меңгеруге ден қойған. Енді «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да дәл осындай оқу тобы ашылатыны жоспарланып отыр.
Индер ауданындағы Өрлік, Көктоғай ауылдарының тұрғындарымен кездескен Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаевтың пікіріне сүйенсек, бұл реформаның нәтижесінде биліктің барлық тармағы арасында анағұрлым оңтайлы тепе-теңдік қалыптасады. Нақтылай айтқанда, Президенттің өкілеттігі кезең-кезеңмен қысқарту процесі басталмақ. Сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің кандидаттарын келісу мәселесінің жаңа тетігі белгіленеді.
– Парламент Мәжілісінің рөлі биліктің заң шығарушы тармағы ретіндегі ықпалы елеулі түрде күшейе түседі. Мұнда аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу өте маңызды болып отыр. Бұл шара заң шығарушы органдардың институционалдық заңдылығын күшейтеді. Бұл бастамалар елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға кешенді ықпал етіп, билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтады. Осылайша, орталықта да, жергілікті атқарушы билікте де шешім қабылдау процесінде азаматтық белсенділік ынталандырылады. Құқық қорғау саласы айтарлықтай күшейтіледі. Конституцияға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы дербес бап енгізіледі. Тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару моделі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік және әлеуметтік даму парадигмасы өзгеретін болады, – дейді Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев.
Атырау облысы