Жұмыла көтерген жүк жеңіл – дейді Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса ҚАПАҚОВ
Ынтымағы мен достығы жарасқан, тату-тәтті тірлігі мен бірлігі бұзылмаған өңірлердің бірі – Ақжайық. Мұндағы жылышырайлы этносаралық қарым-қатынастар тұтастай алғанда облыс экономикасы мен мәдениетінің одан әрі өркендей түсуіне оң әсерін тигізуде. Жеткен жетістіктерге Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі де мол. Сессия қарсаңында Ғ.Х.Қапақовпен болған әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Ғайса Хамидоллаұлы, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының аумағындағы Ассамблеяның қазіргі тыныс-тіршілігі туралы не айтар едіңіз? – Алдымен айтарым, облыстық Ассамблея – бұл халық шаруашылығының әртүрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген елге танымал отандастарымыз. Бұған қоса 22 адамнан тұратын облыстық Ассамблея кеңесі және бар. Сол сияқты Ассамблея жанынан құрылған ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық кеңес, қоғаммен байланыс жөніндегі кеңес және Ассамблеяның жастар қанаты жұмыс істейді. Осы құрылымдарға қоса, біздің облыс аумағында бүгінгі таңда 33 этномәдени бірлестік Жайық жұртының ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуға ұдайы мүдделілік танытып жұмыс істеуде. Жаңағы 33 этномәдени отаудың 15-і заңды тұлға ретінде тіркелген. Ал Орал қаласы мен Зеленов, Теректі, Шыңғырлау, Тасқала, Ақжайық аудандарындағы этномәдени бірлестіктер қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеуде. Қазіргі кезде әрбір ауданда аудан әкімдігінің басқаруымен ассамблея кеңестері құрылды. Сонымен қатар, 160-тан аса қоғамдық келісім кеңесі құрылып, ассамблея жұмысына жаңадан 1800-ден астам белсенді азамат тартылуда. Және бір атап өтер жайт, мектептерде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында достық клубтары құрылып, бұл бағыттағы жұмыстарға қазірдің өзінде 4 мыңнан астам қыз-жігіт жұмылдырылды. Жақында біздің этнобірлестіктер өздерінің есепті жиналыстарын өткізіп, таяу болашаққа арналған межелі жұмыс жоспарларын бекітті. – Сіздің ойыңызша, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақжайық аймағындағы құрылымының алдында қазіргі кезде қандай келелі міндеттер тұр? – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Елбасы Ассамблеяның басты міндеті – қоғамдық келісім деп атап көрсетті. Ал этносаралық қарым-қатынас сан қырлы жұмыстардың бір бөлігі екені белгілі. Ассамблеяның негізгі бағыттарын айқындайтын құжат ретінде 2013 жылдың маусым айында өткен облыстық сессияда облыстық Ассамблеяның 2020 жылға дейін даму стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ, осы сессияда облыстық Ассамблеяның атқарған қызметіне тиісті талдаулар мен сараптамалар жасалып, алда тұрған міндеттер айқындалды. – Елбасы «Мемлекеттік тіл отандастарымыздың ынтымағын нығайта түсетін факторға айналуы тиіс» деген болатын. Осы орайда мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойған отандастарымыз жөнінде айта кетсеңіз. – Тіл – Ассамблеяның күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Былтыр осы мәселеге арнап Ассамблеяның кеңейтілген кеңесі өткізілді. Сонда бұған дейін орын алған кемшіліктердің басын ашып, алдағы істелетін жұмыстар туралы қаулы қабылданды. Енді, міне, соның алғашқы нәтижелері де көріне бастады. Ал қазақ тілінде еркін сөйлейтін әртүрлі этнос өкілдеріне келер болсақ, олар ұлты қазақ болса да, өз ана тілінде сөйлей алмайтын кейбір бауырларымыз үшін үлгі тұтар тұлғалар деп есептеймін. Мемлекеттік тілде әдеби шығарма жазатын отандасымыз, чешен халқының өкілі Мұқтар Бокаев ағамыз жүрген жерінде өз ұлтының қазақ халқынан көрген жақсылығын жыр қылып айтудан жалыққан емес. Ұлы Абайдың тілінде сөйлеймін деп ұмтылып жүрген азаматтардың бірі – жергілікті татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ришат Хайруллин, қазақ тілін үйренуге ынта-ықыласы ерекше отандасымыздың бірі – «Вайнах» чешен-ингуш этнобірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов. Мемлекеттік тілге құрмет жөнінен облыстық Ассамблеяның жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов – замандастарына өнеге болып жүрген жастардың бірі. Қазақ тілінде жатық сөйлейтін азаматтарымыздың бірі – әзербайжан этномәдени ұйымының төрағасы Наджаф Мамедов, украин этномәдени ұйымының мүшесі Ирина Жилик, белорус этномәдени ұйымының мүшесі Ольга Рапацкая. Осы мысалдардан-ақ аңғарған шығарсыз, «түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір» отандастарымыздың мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы жыл өткен сайын арта түсуде. Мәселен, мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты былтырғы облыстық конкурсына 38 үміткер қатысып, олардың бәрі де мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білетіндіктерін көрсетті. Бір сүйсіндіргені, сол байқауға қатысушылардың 80 пайызға жуығы – Орал қаласының тұрғындары және қаланың орыс мектептерінде білім алған жерлестеріміз. Қазақ тіліне құрмет арта түскендігінің және бір жарқын дәлелі – «КазАрмаПром» акционерлік қоғамының бас директоры Станислав Качалоның отбасы. Осы азаматтың бес перзенті де қазақ мектептеріне барып, сапалы білімге қоса, саналы тәрбие алып жүрген өрендер. Жақын арада Станислав Павловичтің бір ұлы Алматы қаласында өткен республикалық домбырашылар конкурсында көптеген қаракөз құрбы-құрдасының алды болып, бірінші орынды иеленіп, Оралға мерейі өсіп оралды. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған Жолдауында республикадағы жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартуға көңіл аударулары қажеттігін айтқан еді. Бұл бағыттағы іс-шаралардан облыстық Ассамблея да сырт қала алмайтын шығар? – Иә, Елбасымыз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты мұндай мәселені айтпаған күннің өзінде де жұмыс жасауға толық қабілетті, осы арқылы өзін және отбасын қамтамасыз еткісі келетін мүгедек жандарға көмек қолымызды созу – бәріміздің парызымыз. Яғни, біздің қоғам олардың толыққанды еңбек етуі үшін барлық қажетті жағдайларды туғызуға тиіс. Сондықтан да сұрақтарыңда көрсетілгендей, бұл парыздан облыстық Ассамблея да еш сырт, шет қала алмайды. Қазір біз осы топқа кіретін адамдардың тізімін жасау үстіндеміз. Кейін осы бағыт бойынша оларды еңбекке орналастыру жөнінде жұмыс жоспары бекітілмек. Мұның сыртында облыстық Ассамблеяда үш жүз жетім баланың аты-жөндерінің тізімі жасақталған. Жергілікті кәсіпкерлермен оларға материалдық көмек көрсету жөнінде тиісті ұйғарымдар жасауға қол жеткізе алдық. – Күн өткен сайын Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 Мамыр мерекесі де жақындап келеді. Облыстық Ассамблея бұл атаулы күнге қандай әзірліктер жасауда? – Осы сәуір айының аяғында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты өңірдің барлық аудандарын қамтыған облыстық мегажоба өз мәресіне жетпек. Нақты айтқанда, сәуірдің 30-ында аталған мегажоба эстафетасы Зеленов ауданынан Орал қаласына ауыстырылады. Сөйтіп, облыс орталығында қорытынды мерекелік бағдарламалар өткізілмек. Иә, 1 Мамыр – барша қазақстандықтарды одан әрі біріктіруге және топтастыруға үндей алатын жарқын мереке. Сондықтан да осы датаның құрметіне арналған барлық іс-шаралар тек Қазақстан халқының жұмған жұдырықтай бірлігі арқылы ғана өзара түсіністік пен табысқа жете алатынын тағы бір айғақтап беруге тиіс деп санаймын. «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Өңірлік Ассамблея мүшелерінің бүгінгі басты ұстанымы да осындай халықтық қағидадан қашыққа кетпейді. – Ғайса Хамидоллаұлы, міне, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өткізілетін кезге де келіп қалдық. Оған Орал өңірінен баратын делегация құрамы жөнінде айта кетсеңіз. – Бұл құрамға облыстық Ассамблея мүшелерінен құралған 20 батысқазақстандық кірді. Сондай-ақ, облыс аумағында соңғы кездері жаңадан құрылған этномәдени бірлестіктер де бар. Атап айтқанда, мұны «Республикалық дүнген мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы және басқа да бірлестіктер жөнінде айта аламыз. Бұлардың бәрі де Қазақстан халқы Ассамблеясы кезекті сессиясына баратын облыстық делегация құрамына енгізілді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескендер Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, журналист, Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше