«Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шаймардан Нұрымовпен әңгіме
– Шаймардан Үсейінұлы, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан кезінде біздің еліміз жөнінде «Әлемнің өзге мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрлаулы әрі тұрақты дамуының үлгісі» деген пікір білдірген екен. Дүниежүзіне танымал саясаткер мұны жайдан-жай айтпаса керек. – Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысының бұл пікірі елімізде берік орныққан саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және конфессияаралық ынтымақ пен өзара келісімге берген жоғары бағасы деп білемін. Бүгінде бірқатар мемлекеттердің экономикалық дамуына этностық, сондай-ақ, діни кикілжіңдер кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Ал Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастырып, олардың бірлігін нығайтудағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы еңбегін қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындап отыр. Берекелі бірлікке, ынтымақты тірлікке, жарасымды жақсылыққа ұйыған еліміздің бүгінгі қол жеткізген табыстары, бағындырған белестері Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен тікелей байланысты. Өйткені, Ассамблея құрылып, жұмыс істей бастаған уақыттан бері ол этносаралық келісімді нығайтуда орасан зор табыстарға жетті. Азаматтардың этностық немесе діни ерекшеліктеріне қарамастан, олардың құқығы мен бостандығын сақтаудың басты кепіліне айналды. Ассамблеяның тиімді әрі жемісті іс-әрекетінің нәтижесінде еліміздегі этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім салтанат құрды, қазақстандықтар арасында ауызбіршілік бекем орнықты. Өз кезегінде бұл ел экономикасының қарқынды дамуына ықпал етті. – Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқандығы қажет, деген қағиданы үнемі есімізге салып отырады... – Біздер, қазақстандықтар Мемлекет басшысының бірлікке, ынтымаққа шақырған осындай сөздерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Көпэтносты болғанмен, бір тілекке ден қойған отандастарымыз осы тектес баталы да аталы сөзді ұран ретінде тұтып, жұдырықтай жұмылатынына сенімдімін. Қазақтың қасиетті топырағын мекен еткен ұлыстар небір қиындықтарды қазақ халқымен бірге бастарынан өткізді. Бір үзім нанды бөліп жеді, бір тостаған сүтті бөліп ішті. Кеңпейіл қазақ халқы қиналғанда қолұшын берді, демеу болды. Осы жақсылықты, осы қамқорлықты неге ұмытуымыз керек?! Ешқашан естен шығармауға тиіспіз. Президентіміздің бір үлкен жиында «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», – деп айтқаны тек менің ғана емес, көпшілік қазақстандықтардың жүрегінде сақталып қалды деп ойлаймын. Сондықтан біздер, Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, Елбасы – біреу, қалғандарымыз тіреу болуға тиіспіз. Қазақстандағы барлық этностар сол үдеден шығып келеді деп айта аламын. – Шаймардан Үсейінұлы, енді өзіңіз жетекшілік ететін Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени бірлестігінің тыныс-тіршілігі жөнінде айтып өтсеңіз. – Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қиын-қыстауларда, сұрапыл соғыста, одан кейінгі кезеңдердегі ауыртпалықтарда сыннан сүрінгеніміз жоқ. Дініміз бір, тілімізде айтарлықтай айырмашылық жоқ, тілегіміз ортақ, арқа сүйеріміз тәуелсіздік болып табылатын қазақ халқы мен ұйғыр жұрты нешеме ғасырлардан бері бір сапта келеді. Қазақстанның өркендеп-өсуіне, жан-жақты дамуына көппен бірге ұйғырлар да өз үлестерін қосып жүр. Қыз ұзатып, келін түсірген құдандалығымыз да бар. Екі ұлттың танымал тұлғаларының арасында қыл өтпеген достығы бұрын да болған, ол қазір де жалғасын тауып отыр. Ал біздің этномәдени орталығымыз елімізде болып жатқан жаңалықтардан, игі бастамалардан, өзге де іс-шаралардан ешқашан сырт қалған емес. Солардың алдыңғы сапында жүр десем, қателесе қоймаспын. Қандай жұмыстар атқарды дегенге келсек, бұған мысалдар жеткілікті. Біреуіне ғана тоқталайын, осы жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұйғыр этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында «Тіл, дәстүр, мәдениет» деген тақырыпта танымдық шара өтті. Оған облыс аумағындағы өзге де этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты. – Қазақ тілінде өте жатық әрі мүдірмей сөйлейді екенсіз. Мұны айтып тұрған себебім, бағанадан бері әңгімеңізге бірде-бір ұйғырша сөз араластырмадыңыз. – Мен қазақ пен ұйғыр халқы аралас тұратын Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Кішідиқан ауылында дүниеге келгенмін. Балалық шағым сонда өтті, мектепті де сонда бітірдім. «Октябрь» орта мектебі деп аталатын сол кезде. Осы мектепте қазақ пен ұйғыр балалары құлын-тайдай үйірілісіп бірге оқыды. Мұғалімдердің жетіспеушілігінен шығар, қазақ тілді мұғалімдер ұйғыр сыныптарына, ал ұйғыр тілді мұғалімдер қазақ сыныптарына сабақ өткізе беретін. Сабақтан кейін де біздер ойынды бірге ойнайтынбыз, алма бағына бірге ұрлыққа түсетінбіз. Ауыл адамдарының бір-біріне деген құрметі, сыйластығы керемет еді. Бүгінде сол құрметті, сол сыйластықты қазіргі ұрпақ жалғастырып келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше