18 Сәуір, 2014

Қазақстандық үлес 30 пайыздан асты

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Шу стансасындағы Локомотив жөндеу зауыты болашағынан үлкен үміт күттіретін өміршең жобаның бірі.  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың маңызды өндіріс орнына айналып отырған  зауытта соңғы жылдары локомотив жөндеу өндірісімен қатар, Елбасының бастамасымен Қытай мемлекетімен бірлесе ТМ KZ тепловозын құрастыру жобасы қолға алынған. DSC_0039 Қытайлық компаниялармен бірлесе құрастырылған бұл тепловоздарда бірте-бірте қазақстандық үлесті арттырып, шетелдік өнімді жерсіндіру мақсатында зауытта соңғы уақытта ауқымды жұмыстар қолға алынып отырғанын құлағы­мыз шалып, жуырда атбасын Шу зауытына арнайы бұрдық. Ат шаптырым кең цехта  әлі толық жиналып бітпеген қаз-қатар тізілген үш тепловоздың төңі­регінде  жұмыс қызу жүріп жатыр. – Қытайдан сатылып алынып жатқан СКD тепловоздарды құрастыру жұмыстары зауыттағы осы екі үлкен цехта жиналды. Өтк­ен жылы екі ірі тапсырыс беру­ші «Локомотив-2030» және «Локомотив» АҚ тапсырыстары бойынша мұнда 18 тепловоз құрастырылды. Оның тоғызы толық пайдалануға берілсе, қазір тоғызы бойынша жаңғырту жүріп жатыр. Алғашқы 2012 жылы зауыт­та бір ғана тепловозды құрас­тырып, пайдалануға бердік. Ол кезде құрастыру жұмыстарында қазақстандық үлес бар болғаны 5 пайызды құраған болатын. Ал, өткен жылы барлық 18 дана тепловозды құрастыру жұмыстарында қазақстандық үлестің салмағы артып, ол 31,8 пайызды құрады. Ал 2016 жылға қарай оның деңгейін 50 пайызға дейін жеткізуді жос­парлап отырмыз,– деді Шу локомотив жөндеу зауытының директоры Малик Ақжігітов. Маневрлік тепловоздардың бұ­рынғы тепловоздардан артық­шылығын сұрағанымызда, бірін­шіден, бұл тепловоздар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Машинист ка­­би­насы жұмыс істеуге өте ың­ғай­лы, таза, шудан мейлінше оқ­шау­­ландырылған. Машинист ал­дындағы монитор арқылы бар­лық әрекетті басқарып отырады. Компьютерге енгізілген бағ­дар­ламалық жүйе арқасында маши­нистің өздігінен  жұмыс істеуіне болады. Біз тапсырыс негізінде маневрлік тепловоздарды құрас­тырамыз. Біздің негізгі тапсырыс берушіміз – «Локомотив» АҚ, одан кейін «Локомотив – 2030» ЖШС. Ал әзірге біз құрастыратын локомотивтерді экспортқа шығару қарастырылмаған. Біздің маман­дарымыз жаңа техниканың қыр-сырын меңгеру үшін Қытай зауы­­­тында болып, сонда оқып, білім­­дерін жетілдіріп келді. Сосын зауыттағы әріптестеріне үй­рет­ті. Бұл локомотивтердің қуат­ты­лығы 1000 кВт, ал кеңестік теп­ло­воздардікі 800 кВт болатын, дейді кәсіпорын бас инженері Марат Нұрбаев зауытты аралатып жүріп. Жоғарыдағы тепловоздар толығы­мен осы зауытта сараптамадан өтіп, содан кейін ғана өндіріске жіберілген. Сондай-ақ, жаңа өнді­ріс орындарының құрылып, қайта құрылып, ауыс-түйіс болып жатқанымен кәсіпорында еңбек етіп жүрген 986 жұмысшының барлығы дерлік өз жұмыс орнын сақтап, қазір өндіріске енгізіліп жатқан жаңа технологиялармен жұмыс істеуде екен. Сонымен қатар бүгінгі күні кәсіпорында Магистральдық желі дирекциясының тапсырысымен ауыр жол техникаларын жөндеу игеріліп және жол дистанциялары жұмысшыларына арналған кешендік үйшіктер де дайындалып жатқанын айту керек. Атап айтқанда, зауыт жұмысшылары ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жол дистанцияларының вахталық әдіспен еңбек ететін жолшыларына арнап үйшіктердің 15 кешенді жиынтығын пайдалануға бермекші. Ал бұл контейнерлерден жасалып жатқан үйшіктерді құрастыруда қазақстандық үлес 60 пайыздан асып жығылатын көрінеді. Бұл жетістік емес пе? Жалпы, зауытта ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық та, жетістік те көбейіп отыр екен. – Ағымдағы жылдың 1 қаңтары­нан бастап зауыттың әлеуеті артып отыр. Яғни кәсіпорында ауыр жол техникаларына күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сервистік қызмет түрлері ұсыны­лады. Әзірге, бір жылға 51 ауыр жол техникаларына сервистік қызмет көрсету жұмыстарының келісімшартына қол қойып отырмыз. Астана іргесіндегі Қырқыншы және Шу стансасындағы ПЧМ техникаларын жөндеу мен сервистік-техникалық қызмет көрсетуді де игеріп, жолға қойдық. Атап айт­қанда, австриялық және ресейлік жол техникаларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары тек бізде жүргізіледі. Олардың қатарында РМ, Дуомат, Унимат, КВР, ДГС техникалары толық дерлік сервистік қызмет алады. Енді алдағы уақытта ауыр жол техникаларына сервистік қызмет көрсету мерзімін бес жылға дейін ұзартып дайындау ойымызда бар. Оған зауыттың әлеуеті толығымен жетеді, – дейді Малик Мақсотұлы. Тоғыз жолдың түйіскен то­ра­бындағы Шу стансасының байыр­ғы локомотив депосының базасында дүниеге келген жаңа, заманауи өндіріс орнының жылдан-жылға өркен жайып келе жатқан тыныс-тірлігі, бүгінде, міне, осындай. Ерман ӘБДИЕВ, журналист. Жамбыл облысы, Шу ауданы. Суретті түсірген автор.