Қазақстан қуатты мемлекет ретінде тұрақты экономикалық өсімдерге қол жеткізіп келеді. Осы жылдар аралығында энергетика саласы да үлкен жаңғыру жолынан өтті. Елбасы биылғы Жолдауында ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есеге азайту міндетін қойды. Бұл орайда біздің басты мақсатымыз энергетиканы жоғары технологияларға көшіре отырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағдарланатын болады. Қызылжар өңірінде орналасқан «Севказэнерго» АҚ 2007 жылдан бері «Орталық Азия электр-энергетикалық корпорацияның» еншілес кәсіпорны ретінде жұмыс істеуге көшкен. Корпорация 6137,4 миллион кВт/сағ.электр энергиясын өндіріп, пайдалы электр қуатын 12,3 пайызға арттырды. Инвестициялар мөлшері 24 миллиард долларды құрады. Бұған біздің қосқан үлесіміз қомақты. 2009-2015 жылдарға арналған өндірістік қорларды қайта құру, жаңалау және жаңғырту кең ауқымды инвестициялық бағдарламалар шеңберінде бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылды.
Соңғы жылдар бедерінде компания құрамындағы Петропавл №2 жылу электр орталығы тарапынан көптеген ірі жобаларға белсене қатысты. Олардың қатарына 6-шы, 7-ші жылу қазандықтарының қайта жаңғыртудан өткізілу нәтижесінде пайдалы әсер ету коэффициентінің 8 пайызға артқанын, 7 мың тонна көмір үнемділігіне қол жеткізілгенін атай кеткен орынды. Республикалық маңызы бар Р4-ші турбина агрегатын монтаждауға 6,1 миллиард теңге жұмсалып, электр қуатын 63 МВт-ға, жылу қуатын 96Гкал-ға арттыруға мүмкіндік берді. Енді жыл ішінде қосымша электр қуатын өндіру 388,8 миллион кВт-сағатқа жетіп, отын үнемі 63,7 мың тонна көмірді құрайды. Электр қуатын пайдалану коэффициенті 81,45 пайызға көтеріледі. Тек былтырдың өзінде ғана орталықты қайта жаңарту мен дамытуға 6,1 миллиард теңге тартылып, электр қуатын өндіру 2,6 миллиард кВт/сағатқа жетті. 8-ші жылу қазандығы агрегатын жазға салым іске қосуды жоспарлап отырмыз. 4,6 миллиард теңгенің озық жобасы пайдалануға берілген кезде бу өндіру қуаттылығы сағатына 270 тоннаға дейін молайып, электр қуатын босату көлемі де айтарлықтай өседі.
Сол сияқты «Петропавл жылу желілері» ЖШС де энергия үнемдеу шараларын тиімділікпен атқарып келеді. Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаражат есебінен жаңғырту шаралары сапалы атқарылды. Ең ауқымды жобалардың бірі облыс орталығындағы жылу магистральдарын ауыстыруға бағытталды. Компания мен ЕҚДБ арасында 138 миллион АҚШ долларын құрайтын кепілдік шартына қол қойылып, 9 миллионы серіктестіктің ішкі қажеттіліктерін өтеуге, 40 миллионы тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңалауға, бір бөлігі өндірістің экологиялық стандарттарын жақсартуға бөлінді. Биыл 1,8 шақырым тораптық құбырларды ауыстыру белгіленген. Оларға пайдалану мерзімін 30 жылға дейін ұзартатын, жылу шығынын азайтатын, жылумен жабдықтау сапасын жақсартатын арнайы материалдар қолданылатын болады.
«Солтүстік Қазақстан электр таратушы желілері» кәсіпорны 1,2 шақырымға жуық әуе желісіне, 187 трансформаторлық қосымша стансаларға қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. Кабельдік желілерде 139 миллион теңгені құрайтын 419 қосу және тұйықтау жалғастырғыштарын қойды. Инвестициялық бағдарламалар аясында №8 тарату қосынының жабдықтары мен ғимараты толық жөндеуден өтті. 15 шақырым қалалық кабель желілері ауыстырылды. 10 трансформаторлық қосымша станса жаңартылды. 36,5 шақырым әуе желілерінің жалаңаш сымдары СИП маркалы жаңа материалдармен алмастырылды.
Елбасы атап өткендей, бұдан былай энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамыту арқылы жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын үнемдеуге зор қолдау көрсетілетін болады. Компания алда тұрған іргелі міндеттерді шешуді әркез Жолдау талаптарымен тығыз ұштастырып отырады. Атқарылған жұмыстарға қарамастан жылу беру және тарату ұйымдарының жабдықтарының тозуы 70 пайыздық деңгейде қалып отыр. Жағдайды шұғыл өзгертіп, тығырықтан шығу үшін жыл сайын 1,5 миллиард теңгенің 20 шақырым желісін ауыстырып отыру қажет. Осы деңгейден көрінудің алғышарттары жасалып, қаражат бөлу жағы қарастырылуда. Сондай-ақ өндіріске қатысты салаларды жетілдірумен бірге өз қызметімізде қоршаған ортаға залал тигізбеу жайын да қатаң бақылап отырамыз. №2 ЖЭО-да құны 739 миллион болатын күл шығарғыштың екінші кезеңі пайдалануға берілді. Жылу қазандығы агрегаттарында екінші деңгейдегі титан эмульгаторлар қойылған, олар күл шығарындыларын 6 есеге дейін азайтуға ықпал етеді. Тұтынушылар мүддесін ойластырып орнатылған “АСКУЭ” жүйесі зор маңызға ие. Автоматтандырылған жүйеге әрі осы заманғы технологияға негізделген қуат үнемдеу бағдарламасы кең қолдау тауып отыр. Бүгінге дейін 60 миллион теңгеге жоғары деңгейлі осындай 15 қондырғы орнатылды. 4 қосымша стансада 29 миллион теңгенің “ВЧ” байланыстары жаңғыртылды.
Еділ КӨПЕНОВ,
«Севказэнерго» АҚ басқарма төрағасы.
Солтүстік Қазақстан облысы.