БАҚ таратқан фотосуреттерден бетон едендер мен темір жабдықтардың көшеге қарай құлап, бірнеше көлікті қиратқанын көруге болады. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып, қирау себептері анықталуда. Оқиғаға кінәлі деген күдікпен 10 адам қамауға алынды, олардың арасында құрылыс жүргізген мердігер мекеме басшысы, қаланың қазіргі және бұрынғы екі басшысы бар.
Ашуланған халық өткен аптаның аяғында Абадан көшелеріне шығып, наразылық білдірді. Олар «біліксіз шенеуніктерге өлім жазасы қажет» деп айқайлап, қолдарына плакат ұстап шықты. Иранның Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, наразылық акциясына шыққандардың саны 100-ге жуық. Ал Irna мемлекеттік ақпарат агенттігі ғимараттың Абадандағы сауда-саттық орталығында орналасқанын және оның төменгі қабаттары бірнеше күннен бері ашық екенін, ал жоғарғы қабаттарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат жергілікті уақыт бойынша 12.40 (GMT 08:10) шамасында кенеттен опырылып түскен. «Алғашында мен бұл жер сілкінісі деп ойладым», деді дүкен иесі Ахмад Associated Press агенттігіне берген сұхбатында. Иранның Қызыл Жарты Ай ұйымы оқиға орнына Абадан мен көршілес қалалардан 23 құтқару тобы мен оннан астам жедел жәрдем көлігі жеткенін мәлімдеді. Сонымен қатар Иранның Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қамалғандардың көпшілігі ғимараттың құрастырылған бөліктерінің бірінші қабатында сауда жасауға рұқсат бергендер екен.
Осы оқиғадан кейін елдегі құрылыс қауіпсіздігі стандарттарына қатысты мәселелер қайта талқыға салынды. Қаланың жоғары лауазымды шенеунігі Мохаммад Мохбер мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында ғимараттың құрылысы кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгенін айтады. «Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, заң бойынша ғимарат тек алты қабаттан тұруы керек еді, бірақ құрылыс барысында тағы төрт қабат қосылған», деп хабарлайды Associated Press.
Өткен ғасырдың 80-жылдарындағы Иран-Ирак соғысы кезінде аталған аймақ жаппай қиратылып, оны қалпына келтіру жобаларының көпшілігі нашар құрылыс тәжірибесі үшін сынға іліккен болатын. «Бірақ сыннан нәтиже шығарған билік те, құрылыс мекемелері де жоқ. Бұл ғимараттың қирауы Ирандағы соңғы жылдардағы ең ауыр оқиға болды», дейді сарапшылар. Еске салсақ, 2017 жылы Тегерандағы 17 қабатты Plasco ғимараты өртеніп, кейін опырылып құлап, апат салдарынан 20 адам, оның ішінде 16 өрт сөндіруші қаза тапқан еді.
«Ал Сенегалдың батысындағы Тивауан қаласындағы ауруханада өрт шығып, 11 жаңа туған нәресте тілсіз жаудың ортасында қалып қойған болатын», деп хабарлады ел президенті Маки Салл. Бұл оқиға Mame Abdou Aziz Sy Dabakh ауруханасында болған. Сенегал саясаткері Диоп Сидің айтуынша, өрт қысқа тұйықталу салдарынан болған. Қала мэрі Демба Диоп үш сәбидің аман қалғанын айтты. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, аурухана жақында ғана ашылған. «Өте өкінішті және ауыр жағдай. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», деді оқиға кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесу үшін Женевада болған Денсаулық сақтау министрі Абдулай Диуф Сарр.
«Өрт Сенегалдағы денсаулық сақтау мекемелерінде болған бірнеше оқиғадан кейін тағы қайталанып тұр, мұнда денсаулық сақтау саласында қала мен ауыл арасында үлкен айырмашылық бар», дейді сарапшылар. Мәселен, Лингер өңірінде осы жылдың сәуір айында ауруханада өрт шығып, төрт жаңа туған нәрестені аман алып қалу мүмкін болмаған еді. Қала басшысы болса өрт электр жабдықтарының істен шығуына себепші болған перзентханадағы кондиционерден шықты деп мәлімдеген болатын. Ал сарапшылар болса елде соңғы кездері салынып жатқан жаңа ғимараттардың сапасы мүлде сын көтермейтінін айтады. Әсіресе өртті лезде таратып, қызыл жалынға бейім құрылыс материалдарынан көптеген қоғамдық ғимараттардың, оның ішінде үйлер мен емханалардың бой көтеріп жатқанын айтып, дабыл қағуда.