Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында халықаралық сауданы іске асыру кезіндегі кедергілерді алып тастау жөнінде айтқан болатын. Жүк тасымалы халықаралық сауданың негізін құрайды десек артық емес. Бұл жөнінде жүктерді шекарадан өткізетін кеден ісінің атқарар маңызы үлкен. Кеден ісін компьютерлендіру арқасында қазір алдын ала ақпараттандыру, электронды декларациялау жүктерді кедендік ресімдеуді біршама жеңілдетіп отыр. Қостанай облысындағы кедендік бақылау департаментінде өткен дөңгелек үстел мәжілісінде осы істі жетілдіре түсу мәселелері қаралды. Оған кеден қызметкерлерімен қатар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, кәсіпкерлер қатысты. Осыдан шамалы уақыт бұрын жүк көліктері кеденде иіріліп тұратын. Екіжақты келісім бар, кедергі жоқ дегенмен де, жүкті тексеруге құм сағаттай аққан уақыт кетіп қалатын. Автомобиль жүктерін алдын ала ақпараттандыру енгізілгелі жүктің шекарадан өтуі әрі жеңілдеді, шығыны да азайды.
– Біз 2006 жылдан бері сыртқы саудамен айналысамыз, яғни біз негізінен импорттық тауарлар тасимыз. Біздің жүк тасушыларымыз бұрын кеден бекетіне келіп, декларация толтырып отыратын. Бұл жолсоқты болып келе жатқан кісіні біріншіден, қажытады, екіншіден, соншалықты көп уақытты алады. Мысалы, кеден бекетінде жүктің екі тәулікке дейін кезек күткен кездері болды. Бұл бизнеске үлкен кедергінің бірі еді. Қазір әкеле жатқан тауарлар туралы алдын ала ақпараттандыру өте қолайлылығын көрсетіп отыр. Біз алыс-жақын шетелдерден қандай тауар әкелетінімізді алдын ала білеміз. Оны ақпараттандыратын бағдарлама да сондай күрделі емес, қолжетімді. Алдын ала ақпараттандыру құпия сипатқа ие. Ол тасымалдаушының бірегей сәйкестендіру нөмірімен қорғалған, кеденге келген кезде осы нөмірді ұсынады, кеденшілер тек құжаттарды тексереді де, шекарадан жүкті өткізеді. Қазір бар-жоғы екі сағаттың ішінде жүк кеденнен өтеді, – дейді Қостанайдағы «Стофарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кедендік бөлімінің жетекшісі Рашид Құрбанов.
Дөңгелек үстелде үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап теміржол көлігімен тасылатын тауарлар туралы алдын ала міндетті ақпараттандырудың енгізілетіні туралы мәселе талқыланды. Еуразиялық экономикалық комиссияның бұл шешімі Кеден одағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
– Алдын ала ақпараттандырудың дамуы, енгізілуі және белсенді қолданылуы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кедендік ресімдеу үрдісін айтарлықтай жеңілдетеді және тездетеді, біздің кәсіпкерлердің қаржылық шығындарын азайтады, сондай-ақ сауданың қауіпсіздігі мен тиімділігі артады. Алдын ала ақпараттандырғанда транзит декларациясының электронды көшірмесін пайдалану мүмкіндігіне басымдық беріледі, –дейді облыстағы кедендік бақылау департаментінің бөлім бастығы Рүстем Ахтанов.
Дөңгелек үстел мәжілісінде кәсіпкерлер кеденшілерге теміржол арқылы тасымалданатын тауарларды алдын ала ақпараттандыру, электронды декларациялау, уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алу сияқты мәселелер төңірегінде сұрақтар қойды.
– Кеденде кәсіпкерлер жүгінің кідірмей өтуі еліміздегі бизнестің жандануына, экономиканың нығаюына ықпал етеді. Ол үшін электронды декларациялау, алдын ала ақпараттандыру секілді қолайлы жағдайдың барлығы да жасалуда. Тек кәсіпкерлер де осыған адалдық танытуы тиіс, –деді Қостанай облысы бойынша кедендік бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұржан Әшіханов.
Кедендік бақылау департаментінде электронды декларациялауды кәсіпкерлерге үйрету ісі де жолға қойылған. Кәсіпкерлер аптасына екі рет осында келіп, мамандардан кеңес алады. Бизнестің дамуына бұл да үлес деп білген жөн.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.