Экономика • 29 Мамыр, 2022

Қорға 523 млрд теңге аударды

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шотында 13 трлн теңгедей зейнетақы жинағы қалыптасқан. Тура бір жыл ішінде аталған қаражат 356,9 млрд теңгеге немесе 2,8 пайызға ұлғайған.

Қорға 523 млрд теңге аударды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған – 12,6 трлн теңге. Соңғы 12 айдағы өсім 2,4 пайызға тең. Міндетті кәсіптік зейнетақы жар­налары бойынша зейнетақы жинақтарында 377,4 млрд теңге (өсім 18,2 пайыз) қалыптасып отыр. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі шамамен 1,8 млрд теңгеге тең.

Қордың хабарлауынша, кіріс ағындары, яғни жарналар биыл көбейген. 2022 жылдың қаңтар-сәуірінде салымшылардың шотына шамамен 523,5 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түсіпті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27 пайызға жоғары. Көрсеткіш 110,7 млрд теңгеге асып түскен. Өсім жарналардың барлық түрі бойынша қалыптасып отыр. Жарналардың жалпы көлемінің 95,1 пайызы міндетті зейнетақы жарналары түсімдерін құрайды – 497,7 млрд теңге (соңғы 12 айдағы өсім 26 пайыз), Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 25,4 млрд теңге (өсім 37 пайыз) түссе, ерікті зейнетақы жарналары бойынша 400 млн теңге (өсім 85 пайыз) аударылған.

Салымшылардың жарнасынан басқа, зейнетақы жинақ­тарының өсімі таза инвес­ти­циялық табыс арқылы қам­та­ма­сыз етілетіні белгілі. 2022 жыл­дың 1 қаңтары мен 1 мамыры ара­лығында бұл көрсеткіш 128,7 млрд теңгеге тең болды.

«2022 жылдың 1 мамырына қарай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 млн-ға жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары есебінен ашылды – 10 870 075. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан қалып­та­сқан шоттар бір жылда 8,4 пайызға ұлғайып, 565 802-ге жетті. Ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан шоттар саны 60 пайызға көбейіп, 69 188-ді құрады», деп хабарлады зейнетақы қоры.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 921,4 млрд теңге төлегенін атап өткен жөн. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері құрайды – 831,7 млрд теңге. Жасына байланысты төлемдер – 37 млрд теңгені, мұрагерлік бойынша төлемдер – 23,4 млрд теңгені, Қазақстан шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 16,9 млрд теңгені, сақтандыру ұйымдарына аударылған сома – 9,7 млрд теңгені, жерлеуге арналған тө­лем­дер – 1,9 млрд теңгені және мүгедектік бойынша төлемдер 0,8 млрд теңгені құраған.

БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 360 теңге болса, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңгеге тең болды.