![Cатылым төмендеген төрт ай](/media/2022/05/29/ekonomika-2.jpg)
Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының басшысы Артур Мискарянның мәліметінше, сәуірде көп сатылған ТОП-5 брендтің қатарына Chevrolet (3 004 сатылған), Hyundai (1 802), KIA (968), Toyota (950) және LADA (798) енген.
– Сәуір айының қорытындысы алғашқы ондықтағы бірқатар танымал брендтің сатылымының айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Мысалы, Nissan сатылымы 81 пайызға, Volkswagen – 81 пайызға, GAZ – 78 пайызға, Renault – 67 пайызға құлдырады, – деді А.Мискарян.
2022 жылдың қаңтар-сәуір аралығында көп сатылған брендтердің бестігі келесідей: Hyundai – 8 675, Chevrolet – 5 893, KIA – 3 326, LADA – 3 121 және Toyota – 3 094.
Сарапшының пікірінше, көлік тапшылығы мен логистикалық проблемаларға геосаяси жағдай қосылды. Бұл нарықтың кейбір қатысушыларының жұмысына сөзсіз әсер етті.
– Қазіргі жағдайда өзімізде құрастырылған автомобильдерді сатып алғандардың ұпайы түгел. Біріншіден, отандық өнімдердің бағасы импорттық автомобильдермен салыстырғанда шамалы ғана қымбаттады. Екіншіден, жеңілдетілген бағдарлама бойынша автокөлік сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр, – деп нақтылады Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының басшысы.
Сарапшы валюта нарығындағы өзгерістерді де естен шығаруға болмайтынын ескертті. 1 рубльдің бағамы 7 теңге екенін ескерсек, бұл ресейлік тұтынушылардың Қазақстаннан автокөлік сатып алу жолын қарастыруға негіз болмақ.
– Соңғы екі айда «Ресейден келетін сатып алушылар ағыны» мифологиялық сипатқа ие болып келді. Егер курс ұзақ уақыт бойы осы деңгейде сақталса, ресейліктерден нақты сұраныс түсуі әбден мүмкін, – деді А.Мискарян.
Еске сала кетейік, 16 мамырда Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылды. 23 мамырдағы жағдай бойынша, ел тұрғындарынан 14 507 өтінім түскен. Оның 4 834-і мақұлданды. Бұл дегеніміз – 35,7 млрд теңге. 2 857 өтінімді «Банк ЦентрКредит» мақұлдаса, қалған 2 013 өтінімге «Еуразиялық банк» оң жауап берген. Әзірше республикада 34 автокөлік берілді.