Іс-шараны ашқан Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, референдумды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың елордадағы өкілдігінің төрағасы Зұлпұхар Ғайыпов саяси науқанның мемлекет үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Басқосу барысында сөз алған Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлиев жалпыхалықтық референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы рөліне айрықша тоқталды.
«Бесінші маусым күні Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымдарының барлығы да Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларда толыққанды қамтылған. Сондықтан да біз тарихтың жаңа бетін айқара ашу жолында жұмылған жұдырықтай бірігуіміз керек. Көрші-қолаңға, жастарға, жалпы қазақстандықтарға саяси науқанның маңызын түсіндіріп, оларды белсенді болуға шақырғанымыз абзал», деді академик.
Бұдан кейін сөз алған тарихшы Ерназ Батырхан жалпыхалықтық референдум мен Президент ұсынған саяси реформалар пакетінің тәуелсіз Қазақстанды жаңғыртудағы рөлі зор екенін алға тартты. «Мемлекет басшысы халықтың пікірімен санасқанды мақұл көріп отыр. Сондықтан да бұл саяси науқанда жастар жағы белсенді болғаны жөн. Мұндай маңызды науқаннан шет қалуға болмайды» деді ол.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Бауыржан Шериязданов конституциялық реформаның негізі демократиялық үдеріспен астасып жатқанына назар аудартты. «Алдағы референдумда халық қолдаса, Ата Заңдағы 33 бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының төрағалығынан бас тартқаны мәлім. Бұл – демократиялық қоғамның көрінісі. Өз кезегінде саяси партия құруға ниетті азаматтарға да жағдай жасалды. Бұл алдағы сайлауларда партиялардың бәсекелестігі тең дәрежеде өтетінін білдіреді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Мәжілістің рөлін күшейтуге ден қойғаны да қуантып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Президенттің саяси реформасы елдің көңілінен шығатыны даусыз. Референдум – халық таңдауы, реформаның бастауы. Сол үшін де Қазақстан халқы өз таңдауын дұрыс жасауы керек», деді институт қызметкері.
Кездесуде сөз алған өзге азаматтар да жалпыхалықтық референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызын жан-жақты зерделеп, жиналғандарды саяси науқаннан шет қалмауға шақырды.