18 Сәуір, 2014

Экспорттық әлеует артуда

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақмола облысында 243 шаруа және фермер мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасына қатысуда. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалу барысы туралы өткізген селекторлық кеңесте кеңінен айтылды. Облыстың ауылшаруашылық құры­лым­дарында мал басы санының артуы мен оның сапалық көрсеткіштерінің жақсару үрдісі байқалады. Былтыр қолда бар ет бағытындағы шетелдік селекциядағы 11,6 мың бас ірі қара малға қосымша тағы да 593 асыл тұқымды мал әкелінген. Осыған байланысты асылдандыру ісін жергілікті төл есебінен молайту мақсатында 19 шаруашылық құрылып, жұмыс істеуде. Бұл бағыттағы қызметтің қайтарымын 2013 жылы облыс шаруашылықтарына және республиканың басқа өңірлеріне 1,5 мың бас асыл тұқымды төл сатыл­ғанынан көруге болады. Кешенді жоспарға сәйкес, облыс­та 13,5 мың басқа дейін мал ұстауға лайықталған 5 бордақылау алаңы құрыл­ды (Еңбекшілдер ауданының «KazBeef LTD»ЖШС, Қорғалжын ауданының «Агро Эксперт ЛТД» ЖШС, Жақсы ауданының «Новокиенка» ЖШС, Атбасар ауданының «Бастау» ЖШС, Астрахан ауданының «Колутон-04» ЖШС). Сондай-ақ, бұл іске шаруа және фермерлік қожалықтарды кеңінен тарту ауыл өмірін жақсартуға ықпал еткенін атап өту қажет. Облыс басшылығы бұл ретте, ірі қара санын 17,2 мың басқа көбейтуді көздеп, бұл іске кемінде 230 шаруа қожалығын тартуды жоспарлаған. Жергілікті билік пен «Сыбаға» бағдарламасының қолдауы нәтижесінде, биыл облыстағы 243 шаруа қожалығы 15300 сиырға күтім жасауда. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.
Соңғы жаңалықтар