Аймақтар • 30 Мамыр, 2022

Цифрландыру жобаларымен танысты

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ақтө­беге келген сапарында өңірдегі цифр­ландыру жобасының қарқы­нымен танысты. Министр ең әуелі Арнаулы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орта­лығына келіп, жүргізушілік куә­лік алуға сынақ тапсырып жатқан ақтөбеліктермен пікірлесті.

Цифрландыру жобаларымен танысты

Б.Мусин цифрландыру жемқорлықты жоюдың бір тәсілі екендігін айта келіп, теориялық емтихан тапсырғанда да, көлік жүргізу сынағы кезінде де биометрияны енгізудің қажеттілігін айтты. Өйткені көлік жүргізу сынағын тапсырушы азаматтың орнына бөгде адамдар кіріп кетуі әбден мүмкін. Бүгінде осы орталықта күніне 100-130 адам жүргізушілік куәлік алуға сынақ тапсырса, олардың арасынан 10-12 адам ғана өтеді.

Бұл жерде ақтөбеліктер министр­ден ауылдарды сапалы Интернетпен қамтамасыз ету жобасы туралы сұрады. Айта кету керек, қазіргі кезде өңірдегі 326 елді мекеннің 226-де мобильді байланыс бар. Бірақ көпшілік ауылда Интернет байланысы әлі күнге дейін әлсіз. Б.Мусин 2024 жылдың соңына дейін Ақтөбе облысындағы 96 ауылға жылдамдығы жоғары Интернет жететіндігін атап өтті.

Одан кейін министр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Инновациялық технологиялар паркінде жергілікті ғалымдармен және студенттермен кездесті. Төрт жыл бұрын ашылған осы орталықта «Бағдарламалау негіздері», «IT кабинет», композиттік материалдар зертханасы, «Ағынды деректер талдауы және машиналық оқыту», «Робототехника жүйелері», «3D модельдеу» және «Компьютерлік желілер» зертханалары орналасқан. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығының студенттері өздері әзірлеген танымдық ойындар жобаларын таныстырды. 4-курс студенттері «Ақылды үй» технологиясы бойынша тұрғын үй өлшемдерін басқарып, бақылау жобасын көрсетті. Осы Smart house жобасы арқылы сенсорлардан мәлімет алып, жарықтандыру мен дабыл жүйесін автоматты түрде де, радио арқылы да басқаруға болады. Сондай-ақ студенттер Информатика және ақпараттық технологиялар ка-­
фед­расында ақпараттары өздігінен жылдам жаңаланып тұратын интерактивті қабырғаны таныстырды. Министр техно­парк жұмысымен танысқаннан кейін өңірдің IT қауымдастығымен және студенттермен кездесті. Сапар соңын­да Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратын­да Ахуал орталығымен танысып, өңір басшысы Оңдасын Оразалинмен  цифр­ландыру бағдарламасы бойынша жедел шешуді қажет ететін бірқатар жобаларды талқылады.

 

Ақтөбе облысы