Кәсіпқой бокста ерлер арасында барлығы 17 салмақ дәрежесі бар. Яғни ТОП-10-дықтың санатына 170 боксшы еніп отыр. Қазіргі кезде америкалықтардың қарқыны өте күшті. Үздіктер тізімінен АҚШ-тың 42 өкілінің есімін кезіктіруге болады. Екінші орында – Ұлыбритания. Тұманды Альбион елінің 24 боксшысы мықтылар қатарында. Үшінші және төртінші сатыларға жайғасқан Мексика мен Жапонияның да жағдайы өте жақсы. Ацтектердің 18 және Күншығыс елінің 12 былғары қолғап шебері осы рейтинкке енген. Сегіз өкіліне сенім артқан Филиппиннің де қарқыны жаман емес.
Солармен қатар ТОП-10 боксшының санатында Ресей мен Кубаның – алты, Пуэрто-Риконың – бес, Аустралия, Доминика Республикасы мен Украинаның – төрт, Таиландтың – үш, Аргентина, Никарагуа, Испания, Венесуэла, Бразилия, ОАР, Қазақстан, Өзбекстан, Канада және Конгоның – екі, Жаңа Зеландия, Тәжікстан, Пәкістан, Панама, Индонезия, Эквадор, Франция, Гана, Польша, Германия, Бельгия, Абхазия, Армения және Румынияның бір-бірден спортшылары бар.
Бүгінгі таңда әлемдік рейтингте көш бастау құрметіне небәрі 10 мемлекеттің гүрзі жұдырықты жігіттері ғана бөленіп отыр. Бұл тартыста да АҚШ-тың алдына ешкім түсе алмайды. «Бокстың Меккесі» саналатын Американың бес беткеұстары қарсы келгендерді қоғадай жапырып келеді. Жер-жаһанның теңдессізі деп танылған Жапониядан үш саңлақ шықты. Ұлыбританияның екі марқасқасы дәл сондай құрметке бөленуде. Сондай-ақ көшбасшылар қатарында Украина, Латвия, Қазақстан, Ресей, Аустралия, Мексика және Таиландтың бір-бірден өкілдері бар. Міне, қазіргі кезде әлемдік кәсіпқой бокста үстемдік құрып жүрген осы мемлекеттердің өр мінезді жігіттері.
Әлемдік рейтингтерде көш бастап тұрған ең үздік үш боксшы
+90,7 кило: 1. Александр Усик (Украина),
2. Тайсон Фьюри (Ұлыбритания), 3. Энтони Джошуа (Ұлыбритания).
– 90,7 кило: 1. Майрис Бриедис (Латвия),
2. Лоуренс Околи (Ұлыбритания), 3. Илунга Макабу (Конго).
79,4 кило: 1. Дмитрий Бивол (Ресей), 2. Артур Бетербиев (Ресей), 3. Джо Смит (АҚШ).
76,2 кило: 1. Давид Бенавидес (АҚШ), 2. Кейлеб Плэнт (АҚШ), 3. Джон Райдер (Ұлыбритания).
72,6 кило: 1. Геннадий Головкин (Қазақстан), 2. Джермалл Чарло (АҚШ), 3. Деметриус Андраде (АҚШ).
69,9 кило: 1. Джермалл Чарло (АҚШ), 2. Себастьян Фундора (АҚШ), 3. Брайан Кастаньо (Аргентина).
66,7 кило: 1. Эррол Спенс (АҚШ), 2. Теренс Кроуфорд (АҚШ), 3. Йорденис Угас (Куба).
63,5 кило: 1. Джош Тэйлор (Ұлыбритания), 2. Хосе Рамирес (АҚШ), 3. Хосе Сепеда (АҚШ).
61,2 кило: 1. Джордж Камбосос (Аустралия),
2. Дэвин Хэйни (АҚШ), 3. Теофимо Лопес (АҚШ).
59 кило: 1. Шакур Стивенсон (АҚШ), 2. Кеничи Огава (Жапония), 3. Оскар Вальдес (Мексика).
57,2 кило: 1. Эмануэль Наваррете (Мексика),
2. Ли Вуд (Ұлыбритания), 3. Марк Магсайо (Филиппин).
55,3 кило: 1. Ствен Фултон (АҚШ), 2. Муроджон Ахмадалиев (Өзбекстан), 3. Брэндон Фигероа (АҚШ).
53,5 кило: 1. Наоя Иноуэ (Жапония), 2. Нонито Донэйр (Филиппин), 3. Пол Батлер (Ұлыбритания).
52,2 кило: 1. Кадзуто Иока (Жапония), 2. Джесси Родригес (АҚШ), 3. Фернандо Мартинес (Аргентина).
50,8 кило: 1. Санни Эдвардс (Ұлыбритания), 2. Дзунто Накатани (Жапония), 3. Артем Далакян (Украина).
49 кило: 1. Кен Широ (Жапония), 2. Джонатан Гонсалес (Филиппин), 3. Элвин Сото (Мексика).
47,6 кило: 1. Паня Прадабсри (Таиланд), 2. Тамманун Ньомтронг (Таиланд), 3. Масатака Танигучи (Жапония).
Әрине, Қазақстан секілді бокс өнері айтарлықтай жақсы дамыған қабырғалы мемлекет үшін беделі зор vRINGe.com интернет-журналының рейтингінде небәрі екі-ақ өкілінің болуы аздық ететіні сөзсіз. Сол себепті де алдағы уақытта Геннадий Головкин мен Жәнібек Әлімханұлынан бөлек, тағы бірнеше отандасымыз озық ондықтың қатарына қосылуға тиіс. Дәл қазіргі кезде кімдерге сенім артуға болады? Осы сауалға тұщымды жауап алу үшін кәсіпқой бокстағы ең белді төрт нұсқаның рейтингіне көз жүгірткен жөн.
Қазақстанның ең үздік боксшысы Геннадий Головкин екені сөзсіз. Қарағанды бокс мектебінің түлегі орта салмақта (72,2 кило) WBA-ның супер чемпиондық және IBF-тің чемпиондық белбеуін иеленуде. Дәл осы салмақта WBO-ның рейтингінде екінші орынды еншілеген Жәнібек Әлімханұлының «уақытша» әлем чемпионы атағы бар. WBA тізімінде ол жетінші орында тұр. Айдос Ербосынұлы мен Қамшыбек Қоңқабаевтың да қазіргі қарқыны қуантады. Екеуі де ең белді нұсқалардың рейтингінде төртінші орынға табан тіреуде. Айдос IBF-та, Қамшыбек WBA-да.
Сондай-ақ өз салмақ дәрежелері бойынша мына жуан жұдырықты жігіттеріміз ТОП-10-дыққа еніп отыр: Әли Ахмедов (76,2 кило, IBF) – 5 орын, Жәнібек Әлімханұлы (72,6 кило, WBA ) – 7 орын, Сұлтан Зәуірбек (59 кило, WBA) – 7 орын, Жан Кособуцкий (+90,7 кило, WBA) – 8 орын), Айдос Ербосынұлы (76, 2 кило, WBO) – 8 орын, Евгений Павлов (55,3 кило, WBA) – 9 орын және Мейірім Нұрсұлтанов (72,6 кило, WBC) – 10 орын. Әзірге кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүрген қазақстандық былғары қолғап шеберлері арасындағы ең үздіктері осылар.