Клубтар арасындағы ең ірі турнир саналатын Чемпиондар лигасының биылғы финалында төрт жыл бұрын «қос құлақты» кубокты сарапқа салған Испанияның «Реалы» мен Англияның «Ливерпулі» қайта жолықты. Франция астанасы – Париждегі 80 мың жанкүйер сыятын «Стад де Франс» стадионында өткен биылғы финал бәсекесінде бұл жолы да мадридтік ұжымның мерейі үстем болды – 1:0. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды ойынның 59-минутында Винисиус Жуниор соқты.
Сөйтіп испаниялықтар УЕФА тарихында 66 мәрте ұйымдастырылған Чемпиондар лигасында 14 мәрте топ жарып, өз рекордтарын жаңартты. Ал «Ливерпуль» өз тарихында алты рет жеңімпаз атанған. Бұл да тамаша көрсеткіш. Матч барысында англиялық клуб қақпаға соққы жасау бойынша 23 (9) – 4 (1) есебімен алда болса да, Куртуа 9 сейв жасап, финалдың қаһарманына айналды.