18 Сәуір, 2014

Орталық Азияда ортақ құндылық көп

482 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Астанада еліміздің Дін істер агенттігінің ұйытқы болуы­мен «Орталық Азиядағы исламның рөлі» тақырыбында конференция өтті. Оған танымал теолог-исламтанушылар, дін саласындағы қарым-қатынасты реттеу және діни экстремизмге қарсы тұру мәселелерімен айналысатын Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия, Египет мемлекеттерінен келген сарапшылар, мемлекеттік органдар өкілдері, дін және діни сенім бостандығы мәселелерін зерттеуші қазақстандық сарапшы-мамандар, ғалымдар, дінтанушылар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар ислам дінінің рөлін, оның Қазақ­стан мен Орталық Азия мемле­кеттерінің мәдени және рухани тұрғыдан дамуындағы ықпалын талқылап қана қоймай, Орталық Азия аймағынан шыққан мұ­сылман ойшылдарының қала­мынан туған ғылыми, әдеби, мәдени және рухани-өнегелік мұралардың қазіргі кездегі экс­тремистік идеялардың таралуына идеологиялық тұрғыда бөгет бола алатынын атап өтті. Мәселен, халықаралық жиынды ашқан Дін істер агенттігінің төрағасы Марат Әзіл­ханов ислам дінінің рөліне тоқтала келе, Орталық Азия аймағынан шыққан ғұламалардың исламның, әлемдік ғылым мен мәдениеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқанын жеткізді. «Орталық Азия – ислам дамуының тарихи орталығы. Бұ­ған осы аймақ ғалымдарының бай мұрасы мен олардың ислам дамуына қосқан үлесі куә. Деген­мен, атқарылатын іс әлі де көп. Себебі, ислам дінінің әлеуметтік-мәдени феномені сан қырлы және ол пәнаралық зерттеуді талап етеді», деді Дін істер агенттігінің төрағасы өз сөзінде. Конференцияда сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малға­жыұлы өзінің сөзінде ізгілік пен ізеттіліктің, береке мен бірліктің, екі дүние бақытының бастауы болған дін – Исламның қазақ то­пы­­рағына жеткеніне 1250 жылдан асқанына, ал байтақ даланы мекендеген бабаларымыз өз салт-дәстүрі мен болмысына барынша жақын дінді VIII ға­сырда қабылдағанына тоқтала келе: «Ислам – осыған дейін жұр­тымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі де болып келеді. Асыл діннен қуат алған хал­қымыз қамыққанға қамқор, ұлт­тар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыт­қан іргелі елге айналды», деді. Ал Р.Б.Сүлейменов атындағы Шы­ғыс­тану институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Әбсаттар Дер­бісәлі жиын аясында сөйлеген сөзінде ис­ламдағы білім-ғылымның өр­кен­деуіне қазақ халқының қос­қан үлесі де зор екендігін тілге тиек етті. «Исламға дейін де біздің бабаларымыздың өзіндік мәдениеті, ғылым-білімі, жазуы болды. Ислам қазақ даласы­на білім-ғылым әкелсе, біз де үлкен ислам өркениетіне үлес қосқан халықпыз», деді. Сондай-ақ, ол Түркияның жоғары оқу орындарының кітапханаларында, мем­ле­кеттік және жекеменшік қолжазба қор­ларында Орталық Азиядан шыққан ғұлама ға­лым­дар мен ойшылдардың көпте­ген еңбегі сақталғанын, алайда, олардың толық дәрежеде жа­рыққа шықпағанын айтты. «Мен бұл ретте, әсіресе, Қазақ­станның орта ғасырлардағы Отырар, Сайрам, Фараби, Тараз, Баласағұн, Сы­ғанақ, Түркістан секілді ежел­гі қалаларынан шыққан ой­шыл­­дардың мол мұралары айрық­ша таңданыс пен тебіреніс туғы­за­тынын айтқым келеді», деді өзі­нің сөзінде ол. Бұл күні шетелдік сарапшылар да баян­дамалар оқып, өз көкейлерінде жүрген мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Ресей Ғылым академиясына қарасты Шығыстану институтының жетек­ші ғылыми қызметкері Фарид Абдуллин бүгінде исламды әлем­дік дін ретінде терең оқу және исламдық ағарту, исламдағы білім салаларын түбегейлі зерттеу үдерісі кеңінен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл академиялық қоғам – арабтанушыларды, исламтанушыларды және тарихшыларды ғана емес, жаңа заманның имамдарын даярлайтын діни қайраткерлердің басын да біріктірген. «Исламның әлемдік дін ретіндегі ең негізгі артықшылықтарының бірі – онда білім-ғылым мен сенім әрқашан, әрдайым мағына жағынан ұқсас ұғым ретінде қарастырылады. Яғни сенім – білімнің функциясы болса, білім де сенім­нің функция­сы. Демек, білім мен ғылымға ұмтылу – әрбір сенім иесінің бас­­ты міндеті болуы тиіс», деді шетелдік ғалым. Каир мемлекеттік универ­ситетінің профессоры Фуад Махмұд Орталық Азияның ислам өркениетіне қосқан үлесі тек ұлы ғұламаларды ұсынумен ғана шектелмеген деген ойымен бөлісті. «Бәлкім, ол әлемдік өркениетке «медресені» мешіттен тәуелсіз ғылыми білім беру мекемесі ретінде ұсынып, онда ілім ізденушілер са­палы ғылыми дайындықтан өте келе, ұстаз­дары бастаған ғылыми зерттеулерді жалғас­тырып алып кететін ға­лым­дарды шығару арқылы дүние­жүзілік ғылымға көп үлес қосқан болуы мүмкін», деді ол бұл жөнінде. Конференция қоры­тын­ды­сында ортақ үндеу қабылданды. Үндеуде ғұламалардан қалған ғылыми, әдеби, мәдени және руха­ни-өнегелік мұралардың бүгін де өз маңыздылығын жоймағаны, сондықтан, халық­тардың өркендеуі үшін, ғылым мен мә­де­ниетті дамыту үшін, сонымен қатар, Орталық Азия аумағында мұсыл­ман қауымының интеллектуалды дамуы үшін негіз қалау қажеттігі айтылды. Бұл орай­да, жиынға қатысушылар азаматтарды, зиялы қауым өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын, мұсылман дін қызмет­шілерін осын­дай рухани әлеуетті сақтап, оны ары қарай күшейту жолында бар күш-жігерді біріктіруге шақырды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».