18 Сәуір, 2014

Индустриялық облыс интеграцияға бейім

215 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы облыстың Еуразиялық интеграциялық бағыты туралы журналистерге әңгімелеп берді. DSC_1422 Әкімнің айтуынша, шетелдік мемлекеттермен өзара тиімді сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту – облыстың маңызды басым бағыты болып табылады. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткілікті. Бүгінгі күні облыста Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен бірлесіп құрылған 250-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Сыртқы байланыс­тар, әсіресе, Ресейдің Алтай өлкесі, Алтай Республикасы, Том және Новосібір облыстарымен жақсы жолға қойылған. 2013 жылдың қорытын­ды­сында Шығыс Қазақстан облы­сының Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен сауда айналымы 1,9 миллиард долларды құрады. Оның ішінде экспорт – 300 миллион, ал импорт – 1,6 мил­лиард доллар болды. Облыстың Кеден одағы аясында Ресей және Беларусь елдерімен тауарлар алмасуының пайдалы жақ­тары көп. Өйткені, сауда айна­лымы жылдан-жылға қар­қын ала түсуде. Мәселен, осы уақыт аралығында Ресеймен сауда қарым-қатынасының көлемі екі есе арта түскен. Шығыс Қазақстан облысы өткен жылы Ресеймен 280 миллиард теңгенің сауда опе­ра­ция­ларын жүзеге асырса, Бе­ларусь Республикасымен 62 миллиард теңгенің сауда-саттығын жасаған. – Ресейдің бізбен көршілес облыстарымен сауда байланысы бұрыннан жолға қойылса, соңғы жылдары Кеден одағының ая­сын­дағы Беларусьпен қарым-қатынасымыз да жақсы дамуда. Осы елмен бірлесіп құрылып, қазіргі күні Семей қаласында жұмыс істеп жатқан Беларусь тракторларын шығаратын зауыт 1500-ге тарта трактор шығарды. Өздеріңіз білесіздер, Беларусь Республикасы сүт өндіру жөнінен ТМД көлемінде ең алдыңғы орында. Бұл салада аталған ел үлкен тәжірибе жинақтаған. Осыны ескеріп, Беларусьтің іскерлерімен бірлесе отырып, облысымызда сүт өнімдерін өңдейтін кәсіп­орын құрдық. Мұның өзі облыс­та шығарылатын сүт өнімдері өтімділігінің артуына едәуір әсер етті, – деді Б. Сапарбаев. Бірлескен жұмыстар облыстың агроөнеркәсіп кешенінің бәсеке­лестік қабілетінің артуына ықпал етіп отырғандығын көптеген көр­сеткіштерден байқауға болады. Мәселен, 2012 жылмен салыс­тырғанда 2013 жылы облыста шығарылатын өсімдік өнімдерінің экспорты 2,2 есе артса, мал және өсім­дік майларының экспорты екі есе өсе түскен. Керісінше, көрші­лес Ресей облыстарынан келе­тін мал майының көлемі 10 пайыз­ға, өсімдік майының көлемі 50 пай­ыз­ға азайған. Яғни, осы өнімдер бойынша облыс өзін жеткілікті дәрежеде қамти бастапты. Сондай-ақ, химия өнеркәсіп өнім­дерін экспорттау көлемі 29,5 пайызға, цемент, түрлі құры­лыс тастарын экспорттау 1,6 есе, машиналар мен олардың құрал-жабдықтарын экспорттау 1,3 есе өскен. Бүгінгі күні Ресейдің көрші өңірлерімен мәдени ынтымақ­тастық шаралары да жақсы өріс алып келеді. Тіпті, мұндай жара­сымды байланыстар аясы жыл өткен сайын кеңейе түсуде деуге болады. Соның бір жақсы көрінісі – жуықта ғана Ресейдің Алтай өлке­сінде Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерінің өтуі. Осындай шаралар туризмнің жандана түсуіне де жақсы әсерін тигізуде. – Көрші елдермен байланыс тек экономика саласында ғана емес, басқа да салалар бой­ынша өріс алып, қазірдің өзін­де дәстүрлі сипатқа ие болуда. Мәселен, Ресей өңірлерімен денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасулар жүзеге асырылуда. Тек 2013 жылдың өзінде ғана  медицина қызметкерлерінің қатысуымен 6 халықаралық конференция болып өтті. Ол кездесулер Өскемен, Минск, Барнаул қалаларында ұйымдастырылды. Халықаралық ынтымақтастық аясында трансшекаралық су нысандарын қорғау мен оларды бірлесіп пайдалану жөнінде құрылған Қа­зақ­стан-Ресей комиссиясы жұмыс істеуде. Орманды бірлесіп қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да бар. Мұның сыртында, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі 2010 жылдан бастап Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен сту­денттік құрылыс отрядтарын алмасу жөнінде жұмыстар жүр­гізіп келеді, деді Бердібек Мәшбекұлы. Брифинг барысында журналис­тер қауымы Шығыс Қазақстан облы­сының әкіміне көптеген сұрақ­тар қойды. Олардың барлы­ғына жауап берілді. Соның ішінде біз «Егемен Қазақстан» газетінің атынан Шығыс Қазақстан облысында қазіргі күні қарқынды түрде дамып келе жатқан жаңа сала – жеңіл көлік өнеркәсібінің Кеден одағы аясындағы бәсекелестікке қабілеттілігі жөнінде сұрадық. Об­лыс көрші елге өз жеңіл кө­лік­те­рін шығара алып отыр ма? – дедік.Бұл сұраққа берген жауабында Бердібек Мәшбекұлы облыстағы «Азия-Авто» кәсіпорны өткен жылы 100 миллиард теңгенің 30 мың жеңіл көлігін шығарса, биылғы жылдың І тоқсанында 27 миллиард теңгенің 8 мың жеңіл көлігін шығарғандығын, осы мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облысының республикада алда келе жатқандығын, елдің жеңіл көлік өнеркәсібінің 63 пайызы облысқа тиесілі екендігін айтып өтті. – Егер сіздің сұрағыңызға тікелей жауап беретін болсақ, біздегі кәсіпорын былтыр Ресейге 103 жеңіл көлік шығарып сатты. Экспорт көлемін арттыра түсу жөнінде ойымыз бар. Әрине, бұл іс біздің бәсекелестікке қаншалықты қабілетті екенімізге байланыс­ты болмақ. Осы тұрғыда үміт күттіретін жайттар да жоқ емес деп есептеймін. Мәселен, біздің елімізде кәсіпорынға салынатын салық көлемі Ресейге қарағанда 17 пайыз төмен. Екіншіден, облыстағы электр қуаты мен су бағасы және жұмыс күші Ресейге қарағанда арзанырақ. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне ықпал ететін жайттар. Енді бізге өнімнің сапалы болуын, кәсіпорынның жаңа технологиялармен қарулануын ұдайы ескеріп отыру керек. Бұл істе де ойластырылып жатқан, жүзеге асырыла бастаған шаралар бар. Атап айтқанда, «Азия-Авто» кәсіпорны өткен жылы Ресейдің «АвтоВАЗ» секілді өнеркәсіптік алыбымен бірлесе отырып, Өскеменде жаңа өндіріс орнының құрылысын бастады. Бұл жоба жүзеге асқан кезде «Азия-Авто» жылына 120 мың көлік шығару мүмкіндігіне ие болып, қосымша 8 мың жұмыс орны ашылатын болады, – деп жауап берді Б. Сапарбаев. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».