«Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай осы саяси ұйымның Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Талдықорғанда республикалық ақындар айтысы өтті. Оған елімізге танымал айтыс ақындары қатысты. Игі шараны Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов ашты.
«Қазақтың сөз өнері – үлкен қазына, тәрбие мектебі. Сондықтан жастардың дарынын дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге, жас буын ақындарды тәрбиелеуге облысымызда жете мән беріледі. Жыл сайын Мұқағали, Ілияс оқулары, жыр мүшәйралары және Жамбыл атындағы республикалық жас ақындар айтысы тұрақты ұйымдастырылуда. Айтыстың да айтысы бар. Нағыз айтысқа сусаған халықтың демеуі мен мемлекет тарапынан да қолдау көріп отырған бұл айтыстың Жетісу жерінен басталуының өзіндік терең мәні бар», деді облыс әкімінің орынбасары.
Жыр алыбы Жамбылдың 1943 жылы Жетісу жерінде ұйымдастырылған ақындар айтысында қазақтың айтыс өнеріндегі саңлақтарын тізбелете төгілткен жырымен Талдықорғандағы ақындар айтысы басталып кетті. Аламан айтысқа Алтай мен Атыраудан, Арқа мен Алатаудан және шығыстағы көршіміз Қытайдан аузын айға білеген 10 ақын қатысты. Жыр додасында бақтары мен баптарын сынағандарды Парламент Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы бастаған қазылар алқасы жеребе тастау арқылы жұптады.
Қоғамда орын алып жатқан түрлі оқиғаларды сөз маржанымен тізбелей отырып, елді серпілтер ұтқыр ой, тұщымды пікір айта білген ақынды халық қолдап, дем бере желпінтіп, 5 сағат уақыт лезде өте шықты. Әлбетте, күнделікті тірлікке бой суытып, болмашыға ел назарын аудармақ болған ақынды сол заматында-ақ қарсыласы бір сөзбен түйіп, тұқыртып та тастап отырды. Ең бастысы – Мәдениет сарайын лықа толтырған ел разы болды.
Нәтижесінде өзгелерден оқ бойы оза шауып, суырыла шыққан астаналық ақын Сырым Әуесхан бас жүлдеге тігілген 2 млн. теңгені жеңіп алды. Ал 1-орынды иеленген талдықорғандық ақын Жандарбек Бұлғақов – 1,5 млн. теңге, 2-орынға қол жеткізген Дидар Қамиев – 1 млн. теңге, тұтастай алғанда, айтысқа қатысқан ақындардың барлығының қанжығалары майланды.
Қорыта айтқанда, нұротандықтардың ұйытқы болуымен Талдықорғанда өткен ақындар айтысы өзіндік ерекшелігімен мәресіне жетті.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.