Теннис • 30 Мамыр, 2022

«Ролан Гарроста» қанша табыс тапты?

146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Франция астанасы – Парижде теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы «Ролан Гаррос» турнирі өтіп жатыр. Франция ашық чемпионатының алғашқы аптасы аяқталып, теннисшілер бәсекесі енді қызған шағында, өкінішке қарай, қазақстандық спортшылар жарыс жолынан шығып қалды.

«Ролан Гарроста» қанша табыс тапты?

Биылғы додаға қатысқан тен­нис­шілеріміздің бәрі де «Үл­кен дулыға» санатындағы жыл­дың екінші ірі турнирінде үздік­тер санатынан көрінбесе де, біршама материалдық жағдайын жақ­сартып алды. Мәселен, еліміз­дің әйелдер арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жа­рыстың үшінші айналымына жеткені үшін 133,5 мың еуро (62,3 миллион теңге) көлемінде сыйақы алды. Алайда ол был­тырғы жетістігін қайталай алма­ғандықтан, алдағы аптада жаңа­ратын әлемдік рейтингте ТОП-20 теннисшінің қатарынан шығып қалайын деп отыр. 2021 жылғы додада ол ширек финалға дейін жеткен болатын.

Сондай-ақ Е.Рыбакина жұп­тық сында да былтырғы жетістігі мен иеленген ұпайын қорғай алмады. Былтыр жұптық бәсекеде де ширек финалға дейін жеткен отандасымыз биыл алғашқы айналымда сүрінді. «Ролан Гарросқа» дейін жұптық рейтингте 48-орында тұрған Елена енді ТОП-60 тен­нисшінің қатарына жайғасуы мүмкін.

Франция ашық чемпиона­ты­ның іріктеу жарысына қатыс­қан Зарина Диас бірінші айна­лым­да жеңіліп, рейтингтегі жағ­дайын одан әрі нашарлатып алды. Жарысқа дейін 128-орында тұрған жерлесіміз жаңарған рейтингте 20-30 саты төмен сыр­ғитын болды. Дегенмен ол тур­нирге қатысқаны үшін 14 мың еуро (6,5 миллион теңге) көле­мінде табыс тапты.

Юлия Путинцева негізгі ке­зең­нің екінші айналымында ұтылса да, рейтингтік ұпайына қол жеткізді. Себебі ол был­тыр­ғы турнирде алғашқы айналымда жарысты аяқтаған болатын. Ю.Путинцева екінші айна­лымға шыққаны үшін ұйым­дастырушылар тарапынан 93,75 мың еуро (43,7 миллион теңге) сыйақы алды.

Жұптық бәсекеде Қазақ­стан­ның бірінші ракеткасы Анна Данилина да жуырда жаңаратын рейтингте ТОП-10 теннисшінің қатарына жақындай түспек. Жұп­тық бәсекеде сынға түсетін жерлесіміз «Ролан Гаррос» тур­нирінің екінші айналымында сүрінсе де, негізгі кезеңге биыл алғаш рет қатысқандықтан, ол үшін бұл жоғары нәтиже болып есептеледі. А.Данилина осы жетістігінің арқасында 15 мың еуроға (7 миллион теңге) қол жеткізді.

Ерлер бәсекесіндегі қазақ­стандық теннисшілердің нәти­жесіне тоқталар болсақ, жігіт­теріміз рейтингте өз орындарын сақтап қалады. Себебі Александр Бублик былтырғыдай екінші айналымнан кері қайтты. Нәтижесі тұрақты болғандықтан, одан ұпай алынбайды және ұпай берілмейді. Жұп­тық сында сәтсіз өнер көр­сетіп, былтырғы жетістігін қай­талай алмағандықтан, А.Буб­лик пен Андрей Голубев жұптық рейтингте төмендейтін болды. Бублик бір апталық ойыны үшін 109,5 мың еуро (51,1 миллион теңге) та­быс тапса, Голубев 15 мың еуро (7 мил­лион теңге) сыйақыға ие болды.

Іріктеу сайыстарына қатысқан Тимофей Скатов (20 мың еуро немесе 9,3 миллион теңге) пен Дмитрий Попко 14 мың еуро (6,5 миллион теңге) олжалады. Сон­дай-ақ Александр Недовесов 7,75 мың еуроны (3,6 миллион теңге) қалтасына басты. Сөйтіп, биылғы додаға қатысқан қазақстандық теннисшілер жалпы сомасы – 422,5 мың еуро (197,2 миллион теңге) сыйақыға ие болды.

Айта кетейік, биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің жалпы жүлде қоры – 43,6 млн еуроны (23 миллиард теңге) құрайды. Бұл – әзірге осы турнирдің рекордтық ақшалай жүлдесі. Алдағы жек­сенбі күні мәресіне жететін жарыста топ жарған теннисші 2,2 млн еуро мен 2 000 рейтингтік ұпайы­на ие болады.