Ата сөзі балаға мирас екен,
Айтылған соң ескермей
қалмаса екен.
«Аштан өлген кісінің моласы жоқ»,
Деуші еді осы мақал рас екен.
Моласы қайдан болсын көмген
жан жоқ,
Ауырып өз үйінде өлген жан жоқ.
Ауырды деп ауызына сусын беріп,
Таза арулап қолынан
көмген жан жоқ,
– деп басталған қасірет толғауын әрі қарай оқыған сайын оқиғаның қайғысы қалыңдап, сауатсыз жасалған реформа кесірінен аштыққа ұшыраған ел бас ауған жаққа тентіреп, олар кеткен соң қарайып жұрты қалғаны жайлы зар еңіреп былай деп толғапты:
Қарайып жұрттар
қалды орынында,
Киімшең тірі күнгі порымында.
Боранда тау паналап ығып келіп,
Өлген малдай жартастың
қорымында.
Соның бәрін көзімен көрген қарт біз,
Қара табан, қанды жол жорығында.
Қалғаны халі бітіп, жолда өлді,
Шыққаны сандалып кеп жонда өлді.
Манағы ел табам деп шыққан жаяу,
Жүре алмай қаңғып жүріп,
ол да өлді.
Салық тауып, сала алмай
қашқан өлді,
Арасында момындар босқа өлді.
Ақымақтың асыра сілтеуімен,
Халыққа жаны ашитын
дос та өлді,
Қорада мал, қалтада пұл таусылып,
Елдің бәрі ақырында аштан өлді...
* * *
Жоғарыдағы «Қара табан, қанды жол» атты қасіретті жырдың авторы – 1878 жылы туған Ахметбек Байсалбаев деген адам екен. Әкесі Байсалбай Меккеге қажылық сапарында қайтыс болған. Ахметбек бала күнінде ауыл молдасынан оқып қара таныған, қазіргінің тілімен айтқанда көзі ашық, көкірегі ояу, заман ағымын бағамдай білетін салиқалы тұлға болыпты. Өз үйінде жеке кітапхана ашып, ауыл жастарын жинап оқу-білімге талпындырған. Осы жастардың бірі – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі болған Ғабиден Мұстафин атамыз.
Сондай-ақ Ахметбек ақын қазақтың белгілі азаматы Сәкен Сейфуллинмен де тамыр-таныстығы болған дейді білетіндер. Өйткені жалынды жазушының «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық туындысында Ахметбек Байсалбаевтың аты аталып, түсі түстелсе, көп жыл Қарағанды қаласында тұрған Алаш арыстарының көзін көрген қаламгер Жайық Бектұров «Қара табан, қанды жол» толғауының авторы жайлы көп ізденіп, Байсалбаевтың ұлы Жанайдардан ақынның фотосын тауып алған. Бұл фото қазір біз барған аудандық музейдің ішінде ілулі тұр.
Үлкен жазушы Ғабиден Мұстафин өз естелігінде: «Ахметжан ақынның туған жері Қызылқайың (Березняки) ауылы. Осы тоғайды мекен ете отырып ол кісі елді отырықшылыққа бастап, егін салуды үйретті. Ел ішінде өте беделді болған, аузына кісі қараған, тілі өткір ақсақал шала белсенділердің халыққа қиянатын қатты сөгіп, сынағаны үшін 1937 жылы атылып кетті» дейді.
Осы орайда, атақты жазушының «шала белсенділердің халыққа қиянатын қатты сөгіп, сынады» дегені мына біз сөз етіп отырған жыры болса керек. Осы жыр толғаудың соңын ақын атамыз:
Кемпір менен шалды айтып,
не қылайын,
Жазығы жоқ көк өрім жастар өлді.
Белсенділер перегипті қолмен
жасап,
Халықтың осыменен тапты жайын.
Қырылған жалпақ елге қазалы кім?
Жолдың бойын қан қылған
жазалы кім?
Табаны қап-қара боп қаңғып өлген,
Қазақтың баласына азалы кім?
– деп аяқтапты. Мұндай жыр жазған адам ол кезде атылмай қайтеді. Тіпті бұл кісінің көзін жойған соң өкімет оның ұрпағын да қудалаған. Қиын жылдардан аман қалған ақын ұрпақтары қазір Германияда, Алматы және Қарағанды өңірінде тұрып жатқан көрінеді.
Ахметбек ақын жайлы тиянақты зерттеген жазушы Жайық Бектұров Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 1989 жылғы 19 қаңтар күнгі санында жариялаған «Ахметбек ақын» атты жазбасында қызық дерек келтіріпті. «Источник» дейтін бүркеншік аты бар бір шпион-өсекші ақынның 1932 жылы жазған жоғарыдағы «Қара табан, қанды жол» толғауын астыртын тиісті орындарға ұдайы жеткізіп отырыпты. Оны шала сауатты біреу орысша аударып тиісті орынға тапсырып отырған. Сөйтіп Ахметбек Байсалбаев атылған.
Кейін заманның беті бері қараған жылдары Ж.Бектұров ақсақал Байсалбаевтың жазықсыз атылғаны туралы дәлел-деректер келтіріп, облыстық, республикалық тиісті мекемелерге үздіксіз ақынды ақтау жайлы хат жолдайды. Бұл іс өз нәтижесін беріп 1967 жылы 26 қаңтар күні «Қара табан, қанды жол» толғауының авторы ақталған.