Қоғам • 30 Мамыр, 2022

Мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жүргізіледі

1338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2020 және 2021 жылдары атаулы әлеуметтік көмек алған 99 220 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде кедейлік жағдайынан шықты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов мәлімдеді.

Мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жүргізіледі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік көмек көр­се­тудің ашықтығы мен объек­тив­тілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекке ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап Қазақстанда АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгенін еске салды.

«Бұл – табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға тоқсан са­йын әлеуметтік көмек тағайындау (отба­сының әрбір мүшесіне айына орта есеп­пен 10 270 теңге), тұрмысы төмен от­ба­сылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама (әлеуметтік топтама) ұсыну (бір балаға айына орта есеппен 8 мың теңгеге дейін). Осы ретте АӘК алатын отбасыларға өмірлік қиын жағдайдан шығу бойынша жәрдем шаралары көрсетіледі. Атаулы әлеуметтік көмек, бұл мемлекеттің уақытша қол­дауы. Оның бастапқы мақсаты – жұ­мыс­қа қабілетті отбасы мүшелерін жұ­мысқа орналастыру, өз ісін ашуға ынта­ланған отбасыларға гранттар беру, кәсіп­керлік бастаманы қолдау, қажет болған жағдайда біліктілікті арттыру курстарына жіберу арқылы табысы аз отбасыларды кедейлік жағдайынан шығаруға қол жеткізу», деді А.Ниязов.

Оның айтуынша, былтыр АӘК-ті жалпы сомасы 65,6 млрд теңгеге 198,4 мың отбасы (990,5 мың адам), биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 18,8 млрд теңгеге 111,4 мың отбасы (571,1 мың адам) алды. Өңірлік бөліністе 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың ең көп саны Шымкент қаласында – 47,2 мың отбасы (23,8%), Түркістан облысында – 42,9 мың отбасы (21,7%) және Алматы облысында – 22,6 мың отбасы (11,4%) байқалады. АӘК алушылар саны ең аз өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы – 2,7 мың отбасы (1,3%) және Атырау облысы – 1,6 мың отбасы (0,8%). Көмек алушылар құрылымында басым көпшілігі балалар үлесіне тиесілі – 63,1% немесе 623,9 мың адам. 18,3% немесе 181,6 мың адам – жұмыс істейтін азаматтар; 10,2% немесе 101,4 мың адам – балаларды, қарт адамдарды, мүгедектігі бар адам­дарды күтетін адамдар; қалған 8,4%-ы азаматтардың басқа санаттарына тиесілі.

«Биылғы 1 мамырдағы жағдай бо­йынша, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 571,1 мың адамның 63,6%-ы немесе 363,1 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Бұл ретте жүргізілген талдау нәтижелеріне сәйкес, АӘК алушы отбасылардың 99%-да кемінде бір баласы болады. Көмек алушы отбасылар арасында көпбалалы отбасылар – 40,4% (44 966 көпбалалы отбасы). Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,5%-ға жоғары (37,9%)», деп атап өтті А.Ниязов.

Әлеуметтік көмек департаментінің директоры табысы аз отбасылардың әл-ауқатын арттыру тұрақты негізде барлық еңбекке қабілетті АӘК алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен шартты атаулы көмек алатын 160,6 мың отбасының  273,4 мың еңбекке қабілетті тұлға­ла­рының ішінен 206,5 мың адам қам­тыл­­ды. Осы жылы елімізде 199,8 мың­нан астам адамға жұмыспен қамту іс-шара­ла­ры бойынша көмек көрсету көзделген. Оның ішінде Электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, өз ісін ашқысы келетін азаматтар үшін 20,3 мыңнан астам грант, жастар практикасына 22 мың жолдама көзделген, оқу орындарын бітірген азаматтар үшін 3 мың алғашқы жұмыс орны көзделген, 36 мың адам біліктілікті арттыру курстарынан өте алады, 16,6 мың уақытша жұмыс орындарын ашу, қоғамдық жұмыстарда 52,1 мың уақытша орын, 8,1 мың адам үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшуге субсидиялар беріледі.

«2020 жылы қабылданған іс-шара­лар­дың нәтижесінде атаулы әлеу­мет­тік көмек алған 184,7 мың отбасы­ның ішінен өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті табысты пайдаланған 47,4 мың отбасы кедейлік жағ­дайынан шықты. 2021 жылы АӘК алған 198,4 мың отбасының 51,4 мыңы кедейлік жағдайынан шықты», деді департамент директоры.

Ол сондай-ақ 2021 жылдың қоры­тын­дысы бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардан шыққан 259,4 мың бала тұрмыстық химия және азық-түлік жиынтығы түрінде әлеу­меттік топтамамен қамтамасыз етіл­ге­нін, осы жылдың 4 айында – 144,6 бала қамтамасыз етілгенін айтты және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмен­дету және үздік нәтижелерге қол жет­кі­зу мақсатында АӘК көрсету тетігін жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұ­мыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«2021 жылдың қазан айынан бастап Ақмола облысының Ақкөл ауданы мен Нұр-Сұлтан қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­ция­сы» КеАҚ арқылы атаулы әлеу­меттік көмек төлеу бойынша қанат­қақ­ты жобаны іске асыру басталды. Осы жылдың ақпан айынан бас­тап қанатқақты жобаның география­сы елдің 2 өңірінен 8 өңіріне дейін кеңейтілді. Келесі кезеңде, мамырдан жел­тоқсанға дейін жобаны іске асыруға республиканың барлық өңірін қосу жос­парлануда», деді Әлеуметтік көмек департаментінің директоры.