Аймақтар • 30 Мамыр, 2022

Ырғыздың ырыздығын көре алмай отыр

566 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ырғыз ауданының даму қарқыны, жыл соңына дейін аяқталуға тиіс әлеуметтік жобалар өңір басшысы Оңдасын Оразалин мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес мүшелерінің ауданның бірнеше елді мекенін аралау сапарында пысықталды. Былтырдан бері ауданда әлеуметтік инфрақұрылым жүргізу ерекше қарқын алды. Соның нәтижесінде ауданның 18 елді мекенінің 16-сы сапалы ауыз сумен, 5 елді мекені көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.

Ырғыздың ырыздығын көре алмай отыр

Инфрақұрылым игілігі

Былтыр Жаныс би, Шеңбертал, Қара­құдық ауылдарына орталықтан­ды­рылған су құбыры тартылса, әзірше Дүкен және Қарасай елді мекендері осы игіліктерден құр қалды. Дегенмен биылғы Қарасайда жазда ұңғы қазылып, су тазартқыш блок-модуль қондырғысы орнатылады. Дүкенге су жеткізу қиын­дау, өйткені ауылға ең жақын тұщы су көзі 21 шақырым жерде орналасқан.

2024 жылдың соңына дейін Ырғыз ауданының барлық елді мекені көгіл­дір отынмен қамтамасыз етілетінін мәлім­деді өңір басшысы Құтикөл тұрғын­­дарымен кездесуде. Мұның бәрі – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында респуб­ли­ка­лық бюджеттен бөлінген қаржыға жүр­гізіліп жатқан жұмыстар. Алдағы шілде айында мыңнан астам тұрғыны бар Құтикөл ауылына газ құбыры жеткізілсе, одан кейінгі кезекте Нұра ауылдық округі тұр. Өңір басшысы осы жылдың соңына дейін Нұра мен Жарма елді мекендеріне құбыр жүр­гізуді аяқтауды тапсырды. Аманкөл елді­ мекені алдағы жылдың жоспарында тұр. Көгіл­дір отын жеткізілсе, Ырғыз бен Тор­ғай арасындағы мыңдаған шақы­­рым­дық елсізде, Арал құмының бір ете­­гінде жатқан ауылдардағы сөніп бара жат­­қан тіршілік оты қайта жанып, жұрт­тың жаппай көшуі азаяды деген үміт бар. Әлеуметтік инфрақұрылымдар қысы қы­тымыр, жазы аптап ыстық шөлді ме­кен тұрғындарының бейнетін жеңілдетеді.

Ырғыз ауданы орталығында тозып тұрған ғимараттың бірі – 1978 жылы салынғалы бері жөндеу көрмеген аудан­дық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Ғимарат ескі әрі тар, іші сыз, спорт жабдықтары әбден тозған. Соған қарамастан мектеп жасындағы 800 бала осы жерде спорттың 13 түрімен шұғыл­данады. Төрт жыл бұрын жобаланып, бірақ жауапсыз мердігердің кінәсінен «сақалды құры­лысқа» айналған аудан орта­лығындағы денешынықтыру-спорт кешенінің құрылысы да биыл аяқталмақ. Айта кету керек, аудан орталығында мектеп жа­сындағы балалардың 38 пайызы спортпен шұғылданады.

Құтикөлді құтайта ала ма?

Аудан орталығы Ырғыз бен Құти­көлдің арасы – 30 шақырым. Екі арадағы тасжолдың тас-тал­қа­ны шыққан, әсіресе көктем мен күзде ми батпақта көлікпен жүру мүмкін емес. Облыстық мәс­ли­хаттың соңғы сессиясында бөлінген 330 млн теңге қаржыны екі мердігер серік­тестік ұтып алған. Жолдың 0-15 шақы­рымын жөн­деуге кіріскен «Абай-Б» ЖШС басшысы қыркүйекке дейін аяқ­тауға уәде берді. Өңір басшысы не тех­никасы, не жұмысшылары жоқ серіктестіктің қыркүйекте аяқтай­мын деген уәдесіне күмән келтірді.

Былтыр Құтикөл ауылында төрт көше жөнделіп, аудан орта­лығынан ауыз су құбыры тартылды. Бірақ құбырмен келген су кө­лемі тым аз, көбіне ақпайды. Ырғыз ауылының тұрғындары да жаз мезгілінде су тапшылығын қат­­ты сезінеді. Құтикөлге 8 шақы­рым жердегі тұщы су көзінен құ­быр тарту керегін айтады ауыл адам­дары.

Ырғыз ауданында жайылым, малдың қыстық шөбін даярлау өте өзекті мәселеге айналды. Мал басы көбейіп келеді, сол үшін де қазір тақырға айналған ша­бындық жерлерді реттеу керек. Ша­бындыққа Ыр­ғыз өзенінің ғана суы жайылады. Алайда өзен бірнеше жылдан бері тасымады. Биылғы көктемде келген мол су да арнадан аса қойған жоқ. Мұндай жағдайда шабындыққа су жіберу мүмкін емес.

Құтикөл ауылының жанындағы жауын-шашын мен ылғалдың аздығынан тартылып кеткен үлкен Жалаңаш, кіші Жалаңаш және Соркөл көлдері биыл толды. Бірақ суды ұстап қалу үшін Жалаңаш пен Жарқынға бөгет салып, шлюз орнатуы керек. Өзеннің табиғи арнасын қолдан бөгеудің қажеті жоқ дейді екінші пікір.

Су аяғы – Құрдым

Құрылыс ауылының тұр­ғын­дары да жайылым мен шабын­дықтың тапшылығын сезініп отыр. Биыл көктемде Ырғыз өзені жақсы тасыса да, суды ұстап қалу мүмкін болмады, қазір арнасы төмен. Оның үстіне Ырғыз өзені бойында заңсыз бөгесіндер көп. Соның бірі Әйтеке би ауданы Арал­тоғай ауы­лының жанындағы бөгет. Со­ның кесірінен Ырғыздың аяғына су жетпей жатыр. Ырғыздың аяғы – Құрдым. Ырғыз бен Торғай өзен­дерінің қосылатын жері табиғи қорық аумағы, мұндағы сансыз шағын көлдер қос өзеннің суымен қоректенеді. Барлық арнасы Құйылыста қосылып, 140 шақы­рым бойы ағып келеді де, Құр­дымда жерастына сіңіп жоғалады.

Ырғыз өзенінің бір бастауы – Мұғалжар қыраттарындағы бұлақ­тар, екінші бастауы – Әйтеке би ауданындағы Әйке көлі, Тасқопа сайлары, Шідер өзені.

«Ырғыз өзенінің арнасын Арал­тоғай, Талдысай, Тікбұтақ бо­йындағы шаруа­шылықтар бөгеп алған. Елсізде биіктігі екі метр­ге дейін жететін үйме бөгеттер кез­­деседі. Аралтоғай маңында ша-

б­ын­­­­­­дық, мал азығын даярлауға суармалы шаруашылық жасап, тоған салдық дейді. Бұл ешқандай да су қоймасы емес, Ырғыз өзе­нінің арнасынан бөгелген су. Ауыл іргесінде өзен арнасын бөгеп, жасанды бөгет тұрғызу – еліміздің Су кодексі талаптарын өрескел бұзу. Заң бойынша жайылма су ауылдан 9-10 шақырым қашықта болу керек. Талдысай ауылының жанында да 900 мың текше метр суы бар жасанды су қоймасы бар. Бұл да табиғатқа жасалған қастандық. Ағынсыз су тамыздың аяғында буланып кетеді. Осылайша, Ырғыз өзенін әр жерден заңсыз бөгеудің салдарынан арна тым таяздап, жер­асты тұщы су қорының азаюына әкелді», дейді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, өлкетанушы Бек­арыс­тан Мырзабай.

Ырғыз өзені суы азайған соң Айыр­қызыл құмдарындағы жер­асты суы да азайып кеткен. Өйт­кені жербеті суы мен жерасты суы өзара байланысты. Ақши ауы­лы жанындағы Айырқызыл құм­дарының астында тұщы су қоры бар. Бұл Ырғыз ауданының бір­неше елдімекенін қамтамасыз етеді. Осы жерасты суы Ырғыз өзе­німен байланысты. Өзен суы та­сығанда жерасты суы көтеріледі, ал су тартылғанда Айырқызылда тұрған 8 ұңғыға су аз жиналады. Осы­лайша, бір жағынан бірнеше жылға созылған құрғақшылық, екінші жағынан қолдан жасалған бөгеттер табиғи тұщы су қоры мен өзен суының азаюына әкелді. Б.Мыр­забай облыс аумағындағы 8 өзен бойында салынған бөгет­терге мониторинг жүргізу керегін жеткізді. Ал Ырғыз-Торғай табиғи қорығының бұрынғы қызметкері Мереке Жұбаниязұлы жақында Ырғыз өзенінің бойын жаяу аралап, бірнеше заңсыз тосқауылдарды анықтаған.

Қызылжар ауылдық округінің Құры­лыс ауылы тұрғындарына да шабындық жетіспейді. Ол үшін бұрынғы шабындық жерлерді қалпына келтіру керек. Баяғыда су келгенде бөгеттің шлюздері жабылып, тоспада ұсталған суға арна толғанда өзеннің қос бетіндегі шабындық жерге жайылған. 5-6 күн бойы шабындыққа әбден сіңген соң шлюз ашылып, су әрі қарай кідіріссіз ағып кететін.

«2016 жылы Құрдымға сіңіп жоғалатын суды ұстап қалу үшін ұзындығы 700 метр, жалпақтығы 70 метр болатын Қыл бөгеті салынды. Бұл 100 жыл бұрынғы Т.Жа­манмұрыновтың жобасы еді. Қожа бөгетінің ұзындығы 200 метр, жалп­ақтығы 20 метр болып қайта биіктетілді. Ортасындағы жарты метрлік темірбетон тоспасындағы 1 метрлік түтіктен жаз бойы су ағып тұрды. «Қожа» бөгеті – 217 млн, «Қыл» бөгеті 28 млн текше метр су жинайды деп жобаланды. 1930 жылдары қазақтың тұңғыш мелиораторы Т.Жаманмұрынов Ырғыз, Торғай, Өлкейек өзендерін жеті жерден бөгеу жобасын жасады: Өлкейектің бойынан бір бөгет, Ырғыз өзені бойынан Ақши, Құтикөл, Қожа, Қылды, Торғай өзені бойынан қос бөгет тұрғызды. Мақсаты – «су аяғы Құрдымға» ке­тетін суды ұстап қалып, Арал теңізіне 50-60 шақырым жетер-жетпес жерде жасанды көл тұр­ғызу еді. Түпкі нәтиже – сол кез­де 120 мың тұрғыны бар Ырғыз уезін шабындықпен қамтамасыз ету, мал жайылымын кеңейту. Ол кезде Ырғыз уезіне қазіргі Ком­сомол, Шалқар, Хромтау, Арал аудан­дарының бір бөлігі кірген», дейді өлкетанушы, қоғамдық кеңестің мүшесі Бекарыстан Мырзабай.

Бірақ осы жобалар шикі болды. Себебі көктемгі су тасқыны бұл бөгет­терді бұзып кетті. Не су жи­нал­мады, не бөгет жоқ. Суды бөгеу жобасы дұрыс жасалмайды, сосын зардабын ел көреді, дейді Құтикөл мен Құрылыс ауылы тұрғындары.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, С.Нұрмағамбетов атын­дағы қордың жетекшісі Сұлтанбек Тәшкенбайдың айтуынша, өзен суын 10-15 күннен артық бөгеуге болмайды. Шабындықта су 15 күннен артық тұрса, мал жемейтін қоға мен өлең шөп қаптайды да, тұрғылықты жердің шөбі шықпай қалады. Сондықтан да өзен суын тоспада 10 күннен асырмай ұстап, шабындыққа жайылып біткен соң шлюздерді ашып әрі қарай ағызып жіберу керек. Тұрған су иістеніп бұзылады, не буланып жоғалады. Аралтоғайда қолдан жасалған бөгет­тің кесірінен жер азып, бес жылдан кейін сол жердің шөбінің орнын қоға басады.

Құрылыс елді мекенінің тұр­ғыны Мылтықбай Сарманов ауыл жанынан ағатын Ырғыз өзенін бұрынғы арнасына бұру керек деген пікірде.

«Осыдан 10 жыл бұрын өзен арнасы ауылға қарай бұрылып, бергі бетіне құбыр салынды. Бірақ су далаға ағып кетіп, шабындыққа жетпейтін болды. Оған дейін Құры­лыс, Шеңбертал, Жанысби ауы­лының тұрғындары өзеннің екі бетіндегі 10 мың гектар ша­бын­дықтан малдың қысқы шөбін жинап алатын. Адам бойы көрін­бейтін қалың шөп өсетін жер бүгінде кеуіп жатыр. Өзен арнасын жұртпен ақыл­даспай, сауатсыз бұрудың зардабы осы», дейді ол.

Ауыл адамдары айтқан осы мәсе­лелер мал басы көбейсе де, ел ішінде жа­йы­лымдық, ша­бын­дық жерлер тапшы­лығы туын­­дағанын көрсетеді. Тағы бір мәселе, Ырғыз ауданында кәсіп­керлік құрылымдары аз. Аудан ауылшаруашылық құ­ры­­лым­дарын дамыту, ет-сүт өнімдерін өңдеу бойынша ең төменгі орында тұр. Жақында ауданға келген жұмыс тобы кәсіп­керліктің дамуына кедергі кел­тіріп отырған мәселелерді зерделеп қайтты. Аудан әкімі Нұрлан Қыз­бергеновтің есебінше, өткен жылы 55 мың гектар пайда­ланылмаған жер мемлекетке қай­тарылды. Биыл жері болса да, не мал бақпайтын, не шөп шаппайтын, не бау-бақша екпейтін 57 шаруа қожалығының тізімі жер инспекциясына тапсырылған. Өткен жылғы қуаңшылықтан әбден қиналған ауыл жұрты ерте бастан мал азығын қамдауға кіріскен. Көпшілік көңіліндегі мәселелер жайылымдық, ша­бындық жерлерді пайдаланудың заңдық тәртібі реттеліп, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары арасындағы жерді пайдалану жағдайлары шешілуге тиіс.

 

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар