Хиллари Клинтонның бас тартуға қақысы жоқ
Енді екі жылдан кейін АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Оған дейін әлі көп уақыт бардай көрінер. Ал АҚШ үшін алыс емес. Оны басқаратын тұлғаны анықтау ұзаққа созылады.
Сол науқан басталмай жатып, сарапшылар, саясатшылар қазірдің өзінде болашақ президенттің атын атап отыр – Хиллари Клинтон болады дейді. Әрине, бұл есім көзі қарақты қауымға кең таныс. Жұрт оны бұрынғы бірінші леди – президент Билл Клинтонның зайыбы, Нью-Йорк штатынан сайланған сенатор, президенттіктен үміткер, кешегі күнге дейін АҚШ-тай алып елдің сыртқы саясатын жүргізген Мемлекеттік хатшы ретінде біледі, оның тұлғалығын мойындайды.
Сөйтсе де, жұрттың оған шаппай бәйге ұсынуы неліктен? Бұған үлкен негіз бар. Ең алдымен, бұл елдегі сайлау жүйесі соған апарады. Әдетте бұл елде президент сайлауына екі-ақ партия: республикашылар және демократиялық партиялар (басқа да партиялардың құқы барлығына қарамай) ғана қатысады. Ақтық күреске осы екі партияның таңдағаны шығады. Ал демократтардың таңдауы – Хиллари Клинтон. Оның республикашыл қарсыласын жеңетініне шүбә жоқ.
Сол ақтық айқасқа дейін партияның өз ішінде де күрес бар. Ол да оңай емес. Оған бір мысал – қазіргі президент Барак Обама мен осы Хиллари Клинтонның күресі болды. Соңына дейін шайқасты, ақырында Обама басым түсті. Бір атап өтерлік жай: сол ішкі партиялық күресте бұл екеуі қарсылас болғанымен, өштескен жоқ, кейін ынтымақтаса қызмет істеді. Клинтон мемхатшылық қызметті ойдағыдай атқарып, әлемдік саяси қайраткер деңгейіне көтерілді.
Демократтардың партиялық таңдауы Клинтонға түсетіні – ол партияға жеңіс әкеледі. Тіпті, Клинтон сайлауға түсуге ықылас білдірмеген күнде де демократтар мұны одан талап етуі мүмкін. Партияластарының талабына оның құлақ аспауына қақысы жоқ.
Демократтардың үміткері белгілі. Ал республикашылар оны енді анықтайды. Бірақ дәл қазір ел көзіне түсіп, бүкілхалықтық қолдауға ие болатындай қайраткерді республикашылар атай алмай отыр. Ауызға алынып жүрген сенаторлар Р.Пол, Т.Крус және М.Рубио Х.Клинтонмен шендесе алмайтынын республикашылардың өздері де мойындайды.
Оның үстіне, қазір америкалық қауымға республикашылардың консервативтік көзқарастағы саясатынан демократтардың либералдық көзқарастағы саясаты жақындау. Әсіресе, жастар іш тартады. Жалпы, соңғы уақытта республикашылардың қатары сиреңкіреп, демократтар қатары өскені де аңғарылады. Содан да тек алдағы сайлауда ғана емес-ау, жалпы республикашылардың одан кейінгі сайлаулардан да жолы бола қоюы неғайбылдай көрінеді.
Хиллари Клинтонның жеңіске жету мүмкіндігін айтқанда, бір жайдан аттап кетуге болмас. Бұл – алғаш рет ел президенттігіне әйел азаматтың сайлану мүмкіндігі. Үміткердің беделін айтпағанда, сайлаушылардың «мұны да бір көрелік» деген ойы біраз дауысты қоржынға салар. Өткен жолы Барак Обаманың африкалық-америкалық болуы да оған біршама «көмектескені» белгілі.
Тағы да Хиллари Клинтонның халық арасында биік адами бейнесі қалыптасқан. Ол күйеуі Билл Клинтонның кезінде жұртқа жария болған «жігітшілік қылықтарын» кешіре білді. Ол көп адамның қолынан келмейді. Биыл Обаманың жұбайы Мишель басқамен күле сөйлескен күйеуін қызғанып, қылық көрсетіп, жұртқа күлкі болған. Жұрт мұны да салыстырады. Әйтпесе, осы жақында ғана Хиллари ханым Лас-Вегаста лекция оқығанда, оған біреу бәтіңке лақтырған кезде, ашу шақырып, тұлданбай, әзіл айтып, жұртты күлдірумен шектелгені де тектілік көрінісі.
Жұрт Хиллари Клинтонды АҚШ-тың алдағы президенті болады деп әңгіме айтады. Бір жағы солай болғанын қалағаннан да айтады.
Бірігуге халық емес, биліктегілер қарсы
Солтүстік және Оңтүстік Корея елдері туралы әңгіме болғанда, бірден олардың бірігуі туралы ой көңілге оралады. Бұлар біріксе көптеген мәселелер өзінен өзі шешілетіндей көрінеді.
Барлық бәле бір халықтың екіге бөлінуінен басталған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін отарлау бұғауынан құтылған елді КСРО және АҚШ өз ықпалында қалдыру үшін біраз шайқасып, ақыры бір халықты екіге бөліп тынған. Жай бөліну емес, бітіспес жауға айналды. Және екі жақтың дамуы екі түрлі болды. Бірі милитаристік, екіншісі демократиялық осынау екі мемлекетте әлеуметтік жағдай да, бірі – аш, бірі тоқ дегендей, екі түрлі.
Бір халық бір ел болып қайта біріксе, жағдай жақсылыққа қарай өзгерер еді деген пікір де көптен айтылып келеді. Аш жағы тойынар еді, бірінде барына екіншісі кенеліп, ұлт дамуының жаңа көзі ашылар еді. Ең бастысы – қазіргі екі ел жауласудан құтылып, бейбіт берекелі өмірге көшер еді. Әлемдік тұрғыдан алып қарағанда да, ядролық қару қаупінің бір нүктесі жойылар еді.
Бірігуді көбіне Оңтүстік жағы айтады. Сөз жүзінде Солтүстік те оны құптаған болғанмен, іс жүзінде оған қарсы. Түрлі себептерді алға тосып, бірігудің жолына кедергі қояды. Соңғы ретте де осылай болды. Корея Республикасының (Оңтүстіктің) президенті Пак Кын Хе өткен айда Германияға сапары кезінде өзінің бірігу жөніндегі Дрезден декларациясын жариялады. Онда екіжақты байланысты кеңейту, сенімді күшейту жолдары сөз болған.
КХДР-дың Мемлекеттік қорғаныс комитеті бірігу жоспарын бірден қабылдамай тастады. Олардың ойынша, оңтүстік солтүстікті жұтып қоймақ. Сеул жағының оңтүстіктің технологиясы мен капиталын солтүстіктің байлығын игеруге жұмсаса, ол жалпы кәріс халқының өркендеуіне жол ашады дегенін Пхеньян жағы қабылдамайды.
«Интерфакс» ақпараттарына қарағанда, бұл қарсылықтың мәні басқада. КХДР-да жасырын бизнес өріс алып, ол ел билігінде отырғандарға қызмет ететін көрінеді. Ел біріксе, биліктегілер сол жемнен айырылады. Солтүстік Кореядағы адам құқы жөніндегі АҚШ комитетінің мәліметтеріне қарағанда да, КХДР-да билік түрлі халықаралық қылмыстық синдикаттармен байланыста екен.
Корея Республикасы бірігу министрлігінің (бұл елде осындай да министрлік бар) баспасөз хатшысы Ким Ый До солтүстік жақтың қарсылығына қарамай, өз елінің басшысы Пак Кын Хе екі елді біріктіру бастамасын одан әрі жүргізе беретінін мәлімдеді. Біле білгенге, сол бірігуден пайда көретін алдымен солтүстік жақтың халқы. Бірақ ондағы биліктің, халықтың қамын ойлауы қиын.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».