Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласы мәслихатының депутаты, жоғары оқу орындарының өкілдері, колледж директоры, проректорлар, кафедра меңгерушілері, жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы, академияның профессор-оқытушылар құрамы қатысып, референдумның маңызы жайлы ойларын ортаға салды.
Жиында референдумға қатысты тың ойлар айтылды, сөз алған спикерлер Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Дүниежүзілік паралимпиядалық ойындардың жүлдегері, академия түлегі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Серік Есматовтың пікірі жиынға шақырылған студенттердің назарын аударды. Ойын баласы кезінде пойыздың астына түсіп кетіп, екі аяғынан бірдей айырылған Серікті тағдыры сындыра алмады. Орта мектепті бітірген соң осы академияға оқуға қабылданды, көңілді тапқырлар клубының мүшесі ретінде түрлі іс-шараларды ұйымдастырды, дүниежүзілік паралимпиадалық ойындардың жүлдегері атанды.
Реформа қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы екенін айтқан С.Есматов саяси науқанның іргелі өзгерістерге жол ашатындығын, азаматтардың мемлекеттік басқаруға неғұрлым кең қатысуын көздейтін, халықтың қолдауымен еліміздің жаңа саяси жүйеге көшуіне барынша ықпал етуге бағытталғанын айтты. «Референдум билік үшін емес, халық үшін керек. Жаңа Қазақстан – әділеттілік ережелері қалыптасқан қоғамы бар мемлекет. 2019 жылы айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өмірдегі, практикалық көріністерінің бірі осы – референдум. Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялауға, Парламенттің рөлін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту тәрізді іргелі өзгерістерге жол ашады», деп атап өтті С.Есматов.
АЛМАТЫ