18 Сәуір, 2014

Қазақстанда жұртты бопсалаудың жаңа түрі шығып жатыр

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18-14-mobilnyh-telefonov

Елімізде ұялы телефондарда сақталып тұратын жеке мәліметтер арқылы бопсалау әрекеттері кездесе бастады. Енді смартфонын жоғалтып алған адамның тағдыры әлдекімнің ойыншығына айналуы әбден мүмкін. Бұл туралы «31 арна» хабарлады. Аталған телеарнаның ақпаратында айтылғандай, Талдықорған қаласының бір тұрғыны – 43 жастағы әйел қалта телефонын жоғалтқанымен, оны полицияға хабарламаған. Бірнеше күннен кейін әлгі әйелді бейтаныс біреу әрнені айтып қорқытқан. Жұмбақтамай сөйлесек, әйелдің қолды болған байланыс құралында аты-жөні кеңінен танымал бір шенеунікпен түскен суреттері мен өзара алмасқан жеке жазбалары сақталыпты. Ал бопсалаушы адам осы деректер мен суреттерді интернет желілеріне орналастыратынын айтып, әйелдің зәре-құтын қашырған. Содан ол абыройын сақтап қалудың қамымен тасада тұрып, өзіне тас атқан жанға сұраған 3 мың долларын ұсынған. Алайда, көк қағазды шірене тұрып қалтасына басқан пысықай оны бопсалауын осымен тоқтататынына кепілдік бермеген. «31 арнаның» түсіндіруі бойынша,  қолды болған аппаратты және сонымен бірге көлденең табысқа көзін сүзген алаяқты IMEI-коды арқылы тауып алу қиын емес көрінеді. Аталған код әрбір құрылғының батарейкасы астында немесе қорабында жазылып тұрады екен. Қазіргі таңда тиісті орындар IMEI-кодтар базасын жасақтауға кірісіпті. Осы базадағы мәліметтер негізінде бүкір пиғылды бопсалаушыларды оңай қолға түсіруге болады. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «31 арна». Фото: Рravilnyj.ru.