Аймақтар • 31 Мамыр, 2022

Оралда ақын Асантемір Қаршығаұлының мерейтойына орай іс-шаралар өтті

656 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Асантемір Қаршығаұлының 40 жасқа толуына орай Орал қаласында бірқатар әдеби-мәдени іс-шара өтті. Жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен халықаралық Алаш сыйлығының иегері, жазушы Қуандық Түменбай да оралдық оқырмандарымен жеке жүздесті, деп жазады Egemen.kz.

Оралда ақын Асантемір Қаршығаұлының мерейтойына орай іс-шаралар өтті

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өткен «ДАЛА – кеуде» атты шығармашылық кеште жас ақынның «Шідерлі шер» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Ақын бұған дейін «Өзімнің аспанымның астындамын» және «Тәңірге хат» атты жыр жинақтарын оқырман қауымға ұсынған болатын.

,

Осы кеште Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы жариялаған «Шідерлі шер» атты жас ақындар мүшәйрасының да қорытынды нәтижесі шықты. Жыр бәйгесіне 12 ақын қатысты. Қазталов ауданынан өлең қосқан жас ақын Абзал Есенғазы бас жүлдеге ие болса, теректілік қос ақын: Әділет Орынбасарұлы – бірінші жүлдені, Ақтілек Әлібекұлы – екінші орынды жеңіп алды. Тайпақтан шыққан тағы бір жас ақын Абылайхан Мақсұтов үшінші орын жүлдесін иеленді. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық берілді.

Әдеби кеште сахнаға шығып сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс басшысының алғыс хатын ұсынып, ақынның өлеңін оқып берді.

,

Ақ Жайықтағы әдебиет тойына Семей қаласынан арнайы келген ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен ақынның жары, Семей жоғары педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Жанаева батысқазақстандықтардың сөз өнеріне ықыласын, жергілікті басшылардың қаламгерлерге қолдауын ерекше айтып өтті. Жазушы Қуандық Түменбай да кеш иесінің шығармашылығына жылы пікір білдіріп, алтын қалам тарту етті.

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен ғалым Шағангүл Жанаева Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледж ұжымымен, студенттерімен ерекше жылы кездесу өткізді. Жиын барысында Семейдегі педколледж бен Оралдағы педколледж арасында әріптестік меморандумға қол қойылды. Бұл келісім бойынша Орал және Семей қаласы арасында студент алмасу, оқытушылар алмасу, әріптестік қарым-қатынас жолға қойылмақ. 

 Батыс Қазақстан