18 Сәуір, 2014

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы ашылды

678 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

00-00-dvorets-1

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбымен ашылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады. Оның жұмысына ҚХА мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, дипломатиялық миссия басшылары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шетелден келген қонақтар қатысуда. Сессия барысында Мемлекет басшысы Сочиде өткен XXII қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Д.Тенге «Құрмет» орденін және Ассамблеяның бірқатар мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін» табыс етеді. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Бұл туралы бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты күн тәртібімен өтіп жатқан ХХІ сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты. «Қымбатты отандастар, қадірлі қауым! Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясының ашылуымен баршаңызды шын жүрегіммен құттықтаймын.  Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса ер болар, бірлікті болса ел болар» деген сөз бар. Бүгінгі сессияның өзегі бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті ел болмысымыздың кепілі. Мәдениет тіршіліктің тірегі. Ортақ игіліктің ұлықталып ұлы істерге ұйымдастырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім бәрінің тамыры мәдениетте», - деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының пайымынша, XXI ғасырдың ең басты заңы татулық. Татулық пенен тыныштық арқылы экономика өсіп, халықтың әл-ауқаты күшейеді, бейбітшілік орнайды. «Келісім - экономика мен саясаттың қауіпсіздігіндегі өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті мәңгілік болуы керек», - деді Елбасы. Сондай-ақ,  сессия қорытындысында жиынға қатысушылардың Қазақстан халқына үндеуі қабылданады деп күтілуде. Сәкен Майлыбай. Дереккөз: ҚазАқпарат. Фото: www.kz.all.biz.