«Соңғы жылдары жоғары технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық фактілерінің саны айтарлықтай өскен. Жыл басынан бері 5 айда елорда аумағында 1390 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Ал өткен жылдың 5 айында 1730 жағдай тіркелген еді. Интернет-алаяқтықтан келген жалпы материалдық шығын 1 млрд 150 млн теңгеден асты», деді Талғат Бөлегенов қалалық полиция департаментінде өткен брифингте.
Полицияның мәліметінше, аталған кезеңде 48 интернет-алаяқ ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Жәбірленушілерге шамамен 135 млн теңге шығын өтелді. Ұсталған 48 адамның 25-і екі және одан да көп эпизод жасаған. Күдіктілер – негізінен 20-35 жас аралығындағы адамдар», деді бөлім бастығы.
Мысалы, олардың бірі интернет желісінде 60-тан астам алаяқтық жасаған.
«Биыл кәмелетке толмаған бір адам интернет-алаяқтық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Ол шамамен 25 адамды алдаған және жедел-тергеу іс-шаралары барысында ұсталды. Оның өзі басқа қалада болса да, елордадағы пәтерлерді жалға беру туралы хабарландырулар жариялап отырған. Салдарынан күдікті өзгелерге 350 мың теңге шығын келтірген», деді Т. Бөлегенов.
Аяна Тоғанбек