Алқалы жиынды жүргізген «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» ЖШС Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жазушының аталған басылымда айшықты ізі қалғанын атап өтті.
«Жұмагүл апай, ең алдымен, сөзінің шұрайымен қазақ әдебиетінің қоржынына өзіндік үлесін қосқан жазушы. Өр мінезді, бекзат болмысты журналистің қарымды қаламгерге айналуы жазудағы орасан еңбегінің нәтижесі, әрине. Бұдан бөлек ұзақ жылдар бойы газетімізде бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. Тағдырдың талай сынағынан сынбай өтіп, тағы бір жаңа кітабымен бүгін арамызға – өзі еңбек еткен қарашаңырағына келіп отыр. Жұмагүл апайдың еңбек жолы бүгінде қалам ұстап жүрген барша журналистерге үлгі болары анық», деді Д.Қыдырәлі.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов автордың әдеби ортасына тоқталып, өткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. «Жалпы, баға деген сол бағаны берген адамның бағасына, салмағына байланысты. Біреудің «жаман емес» дегені, біреудің «жақсы» дегенінен артық болуы мүмкін. Яғни адамына байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақтың небір жақсы мен жайсаңы осы Жұмагүл Солтиеваны жақсы көрді. Қалағаң (Қалтай Мұхаметжанов) жақсы көруші еді, анау-мынауға көңілі толмайтын Асқар Сүлейменов жақсы көруші еді. Зейнолла Серікқалиев, Фаризалар да жақын тұтатын. Өткенде Сағат Әшімбаевтың 75 жылдық жиынында сөз сөйлегенде еске түсіп отыр. Сонда ең алғаш Жұмагүл Солтиеваның 1970 жылы жазда абитуриент кезде көріппін. Оралхан, Сағат, Кәдірбек, Жұмагүл, Жақау, Әнес бәрі бір бөлмеде отырады. Содан бері елу екі жыл өтіпті. Оның ішінде көп жыл бірге қызмет еттік. Жұмагүлдің редакциялау өнері, яғни хат қорытуы ерекше. Материалға жанын салып, шимай-шатпақты қып-қызыл қылып өңдеп, жөндеу деген де үлкен еңбек. Қазір өзі хатты қорыту, автордың ойын дамыту, жетілдіру, өз ойыңды авторға құю деген қалып барады», деді ол.
Автордың замандасы, журналист Сайраш Әбішева оның өмірдегі болмысы мен жазудағы мінезі бір екендігін айтты.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы ұлт руханияты жолындағы игі істерде журналистиканың маңызы ерекше екенін атап өтіп: «Кез келген жұмысты істеуде, ұлтты жұмылдыруда журналистердің рөлі үлкен. Елге танылуда, ойымыздың жүзеге асуына үлес қосқан ұжым осы ел газеті – «Егемен Қазақстан». Әсіресе, Жұмагүлдің журналистік қаламының еңбегі зор. Мына кітаптың ішінде «Әйел махаббаты» пьесасын оқығанмын. Атырауға барғанда театрда осы спектакль қойылып, сондағы халықтың қошеметі ерекше есімде қалыпты. Ондағы Зылиха деген жас әйел образына қарап, кітап тұсаукесерінің дәл бүгінгі – 31 мамыр – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне сай келгені де тегін емес-ау дейсің», деді.
Жұмагүл Солтиеваның сонау «Лениншіл жас» газетіндегі жылдарынан естелік айтқан публицист Жанболат Аупбаев: «1969 жылы онжылдық мектепті бітіріп, Алматыға Қазақ Ұлттық университетіне журфакқа оқуға түскен соң «Лениншіл жас» газетіне бардық. Жұмагүл апайды алғаш сонда көрдім. Ол кезде басылымдарда жақсы дәстүр болды: кадрды өздері дайындап алатын. Яғни оқудағы жазуға ебі бар жастарды тартып, төрт жыл бойы тәрбиелеп, оқу бітірген соң жұмысқа алатын. Сондай кезеңде алғаш көрген аға буын әріптестеріміздің бірі осы – Жұмагүл әпкеміз болды. «Полк баласы» болып жүріп, газетке қабылданғанымда ерекше қуанған да осы Жұмагүл апай еді. Екеуіміз біраз уақыт бір бөлімде еңбек еттік, жақсы сыйлас болдық, түсіністік. Кейін мен «Қазақстан коммунисі» газетіне ауысып кеттім. Араға көп жыл салып, Жұмагүл апай екеуміздің жолымызды «Егемен Қазақстан» қайта түйістірді. Сол баяғы бұрқыратып жазатын Жұмагүл Солтиева... Жалпы, газетте неше түрлі авторлар болады. Біреулер жоқ жерден шу іздеп келеді, біреулер мақаласын қорытқанда әр сөзім алтын еді деп айқасып отырады. Осындай жағдайларда Жұмагүл апай тығырықтан шығудың жолын таба білетін», деді.
Автор пьесаларын сахналап жүрген режиссер Сәлима Тасеменова «Жынды көбелек» пьесасының мазмұндық ерекшелігіне тоқталды.
«Жұмагүл апайдың жазуында және тақырып ашуында ерекше тәсіл бар. Сондай-ақ ол қазақ драматургиясына мистикалық драма жанрын алып келді. Автордың «Жынды көбелек» атты пьесасын Арқалық театрында қойдым. Алғаш сахналаған кезде көрушілердің әсері таңғалдырды. Сонда бәрін жазушының тілі мен стилі баурап алған. Режиссер ретінде айтарым, автордың әр сөзінің астарында бір әлем жатады, әр ойы қиялға жетелейді. «Жынды көбелек» – дайын қойылым. Шешімі де бөлек, актерлердің ойыны да өзгеше болды. Негізі, көркем шығармада мазмұн өз кезеңдерімен ауысып отырады: оқиғаның басы, шарықтау шегі, шешімі сынды. Ал Жұмагүл Солтиеваның пьеса құру әдісі бөлек. Бір тақырыпты аша отырып, екінші бір тақырыпқа көпір салып береді», деді режиссер.
Жазушы Айгүл Кемелбаева Жұмагүл Солтиеваның «Ыңғайсыз әңгіме» атты шығармасы желісімен фильм жобасы басталып, бүгінде тоқтап тұрғанын айтты. Сондай-ақ ол автордың екі әңгімесі ағылшын тіліне аударылғаны туралы жақсы жаңалықпен бөлісті.
Айта кетейік, жаңа жинақ үш бөлімнен тұрады: алғашқы бөліміне жазушының пьесалары, екінші бөлімге хикаяттар мен әңгімелері, ал үшінші бөлімге ел мен жер киесі, өмірі өнегелі адамдар мен рухани жаңғырулар жайлы толғаныстары топтастырылған.