Қоғам • 31 Мамыр, 2022

Құрсақтан бастап қадағалау қажет

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары баласының дер­тіне халықтан қаржылай көмек сұрай­тын ата-аналар, қоғамдық қорлар көбейді. Бауыр еті баласының өмірі үшін күрескен ата-ана амалы қал­маған соң алақан жаятыны түсі­­нік­ті. Демек медицина дамығаны­­­мен, аурулар асқына түскен. Дерек­терге көз салсақ, облыста қан қысымы жоғары 95 бала бар, 362 бала семіздікке шалдыққан, 3 112 бала көз ауруларымен тіркеу­де тұр. Аз көрсеткіш пе?! Одан бөлек, церебралды сал ауруы сияқты туа біткен сырқат бала­лар қаншама?! Осы жөнінде Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры Гүл Құсайыновамен әңгіме­лескен едік.

Құрсақтан бастап қадағалау қажет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Қазіргі таңда балалардың арасында қандай сырқат белең алып бара жатыр? Бұл аурулардың алдын алу үшін ата-ана мен дәрігерлер не істеуі керек?

– Облысымызда ұзын саны 370 мыңға жуық бала бар. Дәрігер ретінде өсіп келе жатқан балаларымыздың дені сау бо­луын тілейміз, сол үшін де еңбек­тенеміз. Айтар болсақ, Денсаулық сақтау ми­нистрінің №704 бұйрығына сәйкес, балалар арасындағы ауруларды анықтау үшін неонаталдық, офтальмологиялық, аудиологиялық, психофизикалық скринингтер жүргізіледі. Мұндай медициналық тексерулер бала іңгәлап, дүниеге келе сала перзентханадан басталады. Әрине, оған дейін де анасының құрсағындағы баланың денсаулығы дәрігерлер назарында болады. Қазір емханаларда Бала­ларды дамыту бөлмесі ашылып жатыр. Бөлмеде дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізеді. «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, скрининг аурудың алдын алады. Тексеру нәтижесінде анықталған дертті ушықтырмай, емдеу әлдеқайда дұрыс. Бұл біздің тараптан жасалып жатқан жұмыстар. Сондай-ақ бала денінің сау болуы ата-анасына да байланысты. Олар балаларының саламатты өмір салтын ұстануын қадағалауы қажет. Баланы дамыту бөлмесінде мамандар ата-аналармен де жұмыс істейді. Жасырып қайтеміз, балалар арасында психо­логиялық тұрғыда да ауытқушылық көп. Кейбір балалардың бойы өскенімен, ойы өспейді, ойлау қабілеті дамымайды. 2021 жылдың соңындағы дерек бойынша, өңірде 375 баладан аутизм спектрінің бұзылуы анықталған.

– Иә, оны жиі байқаймыз. Қазіргі таңда баланы емдету үшін халықтан ақша жинайтын жекелеген тұлғалар мен қорлар аз емес. Бұл балалар сыр­қа­тының көбейіп бара жатқанын көрсете ме?

– Көмек сұраушылар көбейгеніне қарап, балалар арасында түрлі аурулар артты деуге болмайды. Негізінен, бала қандай да бір сырқатқа шалдық­пас үшін Қазақстан бойынша патронат­тық қызметтің жұмысын күшейту керек. Айтпағым, баланың денсаулығын дүниеге келмес бұрын ойлағанымыз жөн. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап арнайы бағдарлама қабылданып, жүкті әйел тіркеуге тұрған сәттен дәрігер­лік бақылау басталады. Болашақ ананың тұрмыстық жағдайы, отбасындағы қа­рым-қатынас, жұмыс орны бәрі қа­ралады. Патронаттық қызметкер кес­теге сәйкес болашақ ананың үйіне ба­рып тексеріп тұрады. Егер қандай да келеңсіздік анықталса, әлеуметтік қызметкерге хабарлайды. Қажет жағ­дайда ол тиісті орган­дармен бірлесіп шаралар қабылдайды. Мұндағы мақсат – құрсақтағы баланың дұрыс дамып, жетілуін қадағалап отыру.

– Жүктіліктің жауапкершілігін сезін­діруге көмектеседі дейсіз ғой...

– Әйел жүкті болғанын білген сәттен бастап өзін ана ретінде сезінуі қажет. Құрсақтағы баласымен сөйлесіп, еркелеткені дұрыс. Сонда баланың дене мүшелері жақсы қалыптасып, ана мен сәби арасында байланыс орнайды. Алайда болашақ аналардың көбі бұған немқұрайды қарайды. Ең өзекті мәселе – дұрыс тамақтанбауы. Бала дамып, дені сау болып тууы үшін әйел дәрумені мол тамақ тұтынуы керек. Ал патронаттық қызметкер оған күнделікті ас мәзірін жасап береді. Мәселен, іштегі балаға микроэлементтер, кальций, мырыш, магний керек. Бұл етте, көкөністе, жеміс-жидекте болады. Кейбір аналар майонез қосылған фаст-фудқа әдет­теніп алады. Ал жылқы, сиыр етін алуға жағдайы келмесе, оны түйебұршақ, жасымық, асбұршақпен алмастыруға болады.

п

– Отбасылық зорлық-зомбы­лық­тың орын алып жататын жағдай­ла­ры да аз емес. Ондай жағдайда пат­ро­нат­тық қызметтің қандай құзы­реті бар?

– Егер үйде күйеуінің қысым көрсе­тетінін немесе қол көтеретінін біліп жат­сақ, іс ведомствоаралық комиссияда қаралады. Оның құрамында әкімдік, полиция өкілдері, жағдайға қарай нарколог, психолог болады. Қандай да жанжал болып жатса, ерлі-зайыптылармен жеке-жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

– Шынын айтқанда, патронаттық қызметтің барын жұрт тегіс біле бер­мейді. Осы бағыттағы жұмыс нәти­желері туралы айтып өтесіз бе?

– Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар нәти­желі. Мәселен, аудандардағы кей­­бір қызмет­керлеріміз төрт-бес ер адам­ға ішімдікті қойғы­зып, дұрыс жол­ға салды. Жалпы, бүгінгі таңда аймақ­та 223 патронаттық қызметкер бар. Олар әр күндерін жоспарға енгізеді. Сөйтіп, жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралайды. Алдын ала хабарласып, уақытын келісіп алуға тиіс. Негізінен аудандарда жұмыс дұрыс жолға қойылған. Ал қалалық жерлерде сәл сылбыр. Бұған кадр тапшылығы, тұрғындардың жиі көшіп-қонуы себеп.

– Қазіргі балалардың арасында жиі кездесетін аурулардың бірі – көз аурулары. Бұрын бір мектепте көзілдірік тағатын балалар санаулы ғана-тұғын. Қазір бір сыныптың өзінде бірнешеу. Неге?

– Жалпы диспансерлеу тұрғысынан алып қарасақ, неврологиялық аурулар да жиі бай­қалады. Бұл балалардың теледидар, ноутбук, планшет пен смартфон­дар­ға күніне бірнеше сағат бойы телміріп отыруының салдары. Шығыс Қазақстан­да 8 956 адамда көз ауруы болса, оның
3 102-сі балалар. Сондықтан көзді кү­тіп, жаттығу жасап тұрған жөн. Осы ретте, ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастыра білуі қажет. Ата-аналардың өзі телефоннан бас алмаса, балаға қайтіп тәрбие бермек?! Әлемдегі ғалымдардың айтуынша, әкесі күн сайын кемінде 15 минут баланың көз алдында кітап оқып отыруы керек екен. Бұл баланы оқу-білімге тәрбиелейді. Балаларымен бірге еңбек етуі, ойнауы керек. Ең бастысы, қарым-қатынас болғаны жөн.

– Балалар арасында артық салмақ деген дерт тағы бар. Статистикалық деректерге қарасақ, еліміздегі 6-9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызында артық салмақ бар екен.

– Облыста семіздік диагнозымен 362 бала есепте тұр. Бұған да ата-ананың атүсті қара­уына болмайды. Өте өзекті мәселе. Ол үшін бала­ның ас мәзірін реттеп, физикалық белсен­ділігін арттыру керек. Әсіресе, қол еңбегіне араластыру қажет. Қалалық жер болса, спорттық үйірмелерге берген жөн.

 

Әңгімелескен

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Шығыс Қазақстан облысы