Медицина • 31 Мамыр, 2022

Қатерлі ісік: Балалар дерті адамзатты алаңдатады

816 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлап алған онкологиялық аурулар өкінішке қарай, балаларды да айналып өткен жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын жер бетінде 400 мыңға жуық бала мен жеткіншек қатерлі ісікке шалдығады. Ал Қазақстанда жыл сайын шамамен 600 балақай жас талғамайтын жаман аурудан жапа шегеді. Соған қарамастан, отандық дәрігерлер қолдан келген көмегін жасап, күрделі дертпен күн демей, түн демей күрес жүргізіп келеді.

Қатерлі ісік: Балалар дерті адамзатты алаңдатады

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болаша­ғының кепілі. Сон­дықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақ­ты іс-шаралар қолға алынуы керек. Өске­лең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген болатын.

Ұлт мүддесі – ұрпақ саулығы. Ел Президенті айтып өткендей, өс­ке­лең ұрпақтың үйле­сімді дамуы – жалпыұлттық мін­дет. Сол міндеттің көш басында бала­лардың денсаулы­ғын қорғау мәсе­лесі тұр. Бұл аса ма­ңызды әрі жауапты іс. Себебі бү­гінгі балалар мен жеткіншектер – ел жастары, Қазақ­станның келешек тол­қыны. Оған немқұрайды қарауға болмайды. Әсіресе балалар арасын­да­ғы обыр сынды қатерлі аурумен кү­ресті қаперге алмауға хақымыз жоқ. Отан­дық дәрігерлер үшін бұл таңсық дерт емес. Тіпті аурудың осы түрімен күн сайын күресіп, әр баланың өмірі үшін арпалысып жүрген жандар бар. Еліміздегі білікті дәрігерлер мен кәсі­би мамандардың басын қосқан емдеу ұйымдары науқас бала­ларға ұдайы қол ұшын созады. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан University Medical Center корпоратив­­тік қоры. Орталықта ақ халатты абзал жан, онкогема­то­ло­гия бөлімшесінің меңгерушісі Зәбира Қыздар­бекова еңбек етеді. Оның айтуынша, еліміздегі қиын патологияға тап болған балалар бірден осы клиникаға жеткізіледі. Өзге облыстың дәрігерлері емдей алма­ған жағдайда балалар осы орталыққа жіберіледі.

– 2011 жылы University Medical Center орталығын­да 30 төсектік орын­дық онкогематология бөлімше­сі ашылды. 2013 жылы 22 төсектік орын­дық онкология бөлім­шесі қолданысқа берілді. Ал 2018 жылы 10 төсектік орындық күндізгі стационар ел игілігіне жұмыс істей бас­та­ды. Қазіргі кезде онкология бөлімін­де төсектік орын саны 137-ге жетті. Айта кету қажет, бүгінде осы он­кология бөліміне қарасты 4 бөлім­ше жұмыс істейді. Яғни екі онко­логия бөлімшесі, ТГСК бөлім­шесі және күндізгі стационар бар. 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет сүйек кемігін ауыстыру операция­сы да осы орталықта жасалды. Елі­­мізде онкологиялық аурулар Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген хаттамасына сәйкес емде­леді. Орталықта заманауи техноло­гиялардың көмегімен сүйек кемігін ауыстыру, сәулелік терапия, иммунотерапия (китруда, карзиба) сынды емдеу шаралары қолға алынды, – деді З.Қыздарбекова.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық баладан алғаш рет қатерлі ісік анықталады. Былтыр бұл қорқынышты диагноз алғаш рет 591 балаға қойылды. Жалпы, ел аумағында кейінгі 7 жылда қатерлі ісігі бар балалардың аурушаңдығы тұрақты жағдайда. Мәселен, 2021 жылы сырқаттанушылықтың бір­ша­ма өсуіне қарамастан, бұл көрсет­кіш әлемдік деректерден төмен қа­лып отыр (100 мың балаға 14-15 жағдай).

Негізі, елімізде аймақтық маман­дардың дина­микалық бақылауын­да әр түрлі онкологиялық және гема­тологиялық ауруға шалдыққан 4 621 бала бар. Қатерлі ісік ауруы бо­йынша 2 083 бала бай­­қалады. Жыл сайын балалар онкологтері мен гема­толог дәрігерлері жалпы практика дәрігерлерін және салалық мамандарды қатерлі ісікті ерте диагнос­тикалау әдістеріне оқытады. Соның нә­тижесінде, 1, 2-сатыдағы балаларда қатерлі ісік ауруын ерте анықтау 2015 жылы 29%-дан 2021 жылы 52%-ға дейін артты.

Қазақстанда қатерлі ісігі бар ба­лаларды диагностикалау және қар­қынды емдеу 2013 жылдан бас­тап екі республикалық клиника­да іске асырылады. Соның бірі Ал­маты қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орта­лығы болса, екіншісі Нұр-Сұлтан қала­сындағы University Medical Center корпоративтік қоры саналады. Соны­мен қатар көпбейінді облыстық балалар стационарларының базасында онкологиялық және гематология­лық бейіндегі пациенттерге арналған бө­лім­шелер немесе төсектер бар. Онда қа­терлі ісікке күдікті пациент­терге бас­тапқы диагностика жасалады.

Қазіргі таңда ел аумағында қа­терлі ісігі бар пациенттер үшін 488 төсектік орын ұсынылған. Соның 266-сы – республикалық маңызы бар клиникаларда. Кадрлық қамтамасыз етуге келетін болсақ, бүгінде Қазақ­станда 81 балалар онкологы/гематологы жұ­мыс істейді. 51 дәрігер республикалық орта­лықтарда, 35 дәрігер өңірлік орта­лықтарда еңбек етеді. 2013 жылы «Балалар онкологиясы» және «Бала­лар гематологиясы» мамандықтары­ның бірігуінен бастап терапияның күр­делі көп компонент­ті бағдарлама­лары әзірленіп енгізіл­ді. Әр түрлі онко­­логиялық және гема­тологиялық аурулар кезінде гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау, сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопро­тездеу, ­ретинобластома кезінде се­лек­тивті интракраниальды химия­лық терапия ­сияқ­ты емдеудің жоғары технологиялық әдістері игерілді.

Барлық диагностикалық техноло­гия­лардың көмегімен диагнозды түп­кілікті верификациялау, сондай-ақ қарқынды бағдарламалық химия­­­лық терапия, жедел емдеу, гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау екі республикалық клиникада жү­зе­ге асырылады. Елімізде барлығы 280-нен астам гемопоэздік дің жасуша­ларын трансплантациялау жүр­гі­зіл­ді. Емдеу қызметінен басқа, осы екі орта­лықтың қызметкерлері тера­пия­­­ның жаңа әдістерін, диагнос­тика мен емдеудің клиникалық хат­тама­ла­рын, консультативтік-прак­тикалық кө­мек, емделіп жатқан нау­қас­тарды дина­микалық бақылау ­және оқу-әдіс­теме­лік қызметті әзір­леп енгізеді.

Қатерлі ісігі бар балаларды емдеу жұмысы бала­ларға тегін ме­дициналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі шеңберінде, яғни рес­пуб­ликалық бюджет есебінен жүр­гізіледі. Мәселен, орта есеппен қа­терлі ісігі бар бір баланы емдеу­дің қарқынды курсына мемлекет шамамен 12 млн теңге жұмсайды. Не­гізгі қарқынды емдеу курсы аяқтал­ғаннан кейін балалар учаскелік дәрі­герлердің қадағалауына шыға­рылады. Декреттелген мерзімде өңір­лік және республикалық балалар онкологтер мен гематологтерден тек­серуден өтеді.

Ұзартылған ем қарастырылған кейбір аурулар үшін балалар қажет­ті дәрі-дәрмектерді тегін алады. Ме­дициналық араласулармен қа­тар қа­зір пациенттің және оның ата-ана­сы­ның психологиялық жағ­да­йына, әлеу­мет­тік мәртебесіне көп көңіл бөл­іну­де. Сонымен, екі рес­пуб­ликалық орта­­лықта да смарт-мек­тептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Онда балалар медициналық процедуралардан алшақтап, роботтехника, лего-құрас­тыру, пішу және тігу бойынша өз дағ­дыларын дамыта алады, шахмат ойнау­ды, ағылшын тілін үйренеді.

Қазақстанда балалардың онколо­гиялық ауруларын диагностикалау мен емдеуде қол жеткізілген табыс­тарға қарамастан, кейбір дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілеспе терапия үшін тір­кеу және әкелу проблемасы, гистотиптелген донорлар­дың тіркелімін кеңейту, обырды 1-2 сатыда ерте диагнос­ти­калау, балалар онкологиясында диаг­ностика­ның моле­кулярлық-гене­тикалық әдістерін дамыту, балаларды емдеуден кейін оңалту сынды шешімін тап­паған проблемалар әлі де аз емес. Сондықтан қоғам­ның, меценаттардың, Үкіметтің назарын қазіргі проб­лемаларға, соның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалау мәселелеріне және балалар онкология­сымен күресу үшін бірлескен күш-жігерді шоғырлан­дыру қажет­тілігіне аударған жөн.