Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Судағы салғырттық сан соқтырады
Иә, «бала – тапқандікі емес, баққандікі». Кезекті оқу жылының өзекті кезеңін ойдағыдай аяқтаған балақайларды алда ала жаздай демалыс күтіп тұр. Бала болған соң тауды да көргісі, бауға да барғысы келеді. Ал енді бірі әне-міне дегенше лагерьге лап қоюға дайын отыр. Барсын. Көрсін. Тек, мың бір атты пәледен, жүз бір атты қатерден аман жүрсе болғаны.
Басқасы басқа, тас домалайды-ау деп таудан, ағаш басып қалар деп баудан емес, жан баласына жазығы жоқ, өзімен-өзі жатқан қарапайым қара судан да қауіптенеміз. Оған да негіз бар. Себебі Қазақстанда 1 маусымнан бастап суға шомылу кезеңі басталады. Бұл ретте Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысы қызып, жауапкершілігі артатыны анық. Аталған ведомство орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, айдындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кешенді алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруды бастап кетті.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, елімізде шомылуға рұқсат берілген 490 орын бар. Соның 187-сі коммуналдық болса, 287-сі – жеке жағажайлар. Бұған қоса, 16 орын бойынша нақты иелерін бекіту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар екенін ескерсек, ведомствоның құтқару бөлімшелері соның халық ең көп пайдаланатын 125 су айдынын бақылайды. Бұл жерлерде 490-нан астам құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етеді.
– Коммуналдық жағажайларда қауіпсіз балалар жағажайлары (5 жасқа дейінгі балаларға арналған суға шомылу орындары) дайындалды. Онда құтқарушылар балаларға жүзу дағдыларын үйрететін болады. Республикамызда барлығы 265 орнықты (стационарлық) бассейн, 146 қаңқалы-модульді бассейн бар. Жыл басынан бері бұл бассейндерде 26 650-ден астам бала жүзуге үйретілді, – деді Б.Сыздықов.
Бұған қоса, халықтың судағы қауіпсіз әрекет ету әдебін қалыптастыру мақсатында еліміздің оқу орындарында 1,5 млн адамды қамтыған 850-ден астам интерактивті сабақ өткізілді. Сонымен қатар тұрғындарға 55 мыңнан астам адам қатысқан 3 200-ден аса жиын ұйымдастырылды. Тіпті, «2GIS» картографиялық платформасында еліміздегі су айдындарында шомылуға тыйым салынған 4 994 және рұқсат етілген 490 орын туралы мәлімет орналастырылды.
2022 жылы 1 қаңтар мен 16 мамыр аралығында ведомство қызметкерлері құтқарған 7 адамның арасында 2 бала болды. Соған қарамастан орын алған қайғылы оқиғалар да бар. Мәселен, биыл осы 16 мамырға дейін қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан 25 адам суға батып, соның ішінде 3 баланың өмірі үзілді. Ал күні кеше елордалық сүңгуірлер Есіл өзенінен тағы 2 баланың мәйітін алып шықты.
Кәмелетке толмаған – кім құқығын қорғаған?
Бала қауіпсіздігіне алаңдайтын құтқарушылар ғана емес, сонымен қатар ішкі істер органдарының қызметкерлері дер едік. Бүгінде билік пен қоғам кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі. Жергілікті полиция бөлімшелері бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарып келеді. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Жұманалиннің айтуынша, елімізде «Полицияның қадамдық қолжетімділігі» қағидасын қамтамасыз ету мен құқық қорғау қызметкерлері жұмысының сервистік моделін қалыптастыру мәселелері жолға қойылды. Нәтижесінде, биыл кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыс 17%-ға төмендеді. Соның ішінде, ұрлық – 2,5 есе, бопсалау – 2 есе, бұзақылық пен ұрлық 3 есеге азайды.
– Кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығы мәселесіне ерекше назар аударылады. Биыл қаңтар-наурыз айларында мұндай қылмыс түрлері 19%-ға азайды. Дәл осы мақсатта, құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, заңнамалық актілер тұрақты түрде жетілдіріліп отырады. Мәселен, кейінгі жылдары елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейді. Мұндай қылмыс түрлері ауыр қылмыс қатарына ауыстырылды. Соның нәтижесінде, тараптардың татуласуына жол берілмейді. Ондай қылмыс жасаған адамдар барынша қауіпсіз мекемелерде қамауда ұсталады. Оларға рақымшылық жасалмайды және мерзімінен бұрын босатылмайды, – деді Ж.Жұманалин.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған жыныстық зорлық-зомбылықтарды біле тұрып, жасырып қалған тұлғаларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза түрі қарастырылған. Педагогтерге балалар тарапынан немесе балаларға қарсы жасалған заң бұзушылықтарды құқық қорғау органдарына жедел хабарлау жөнінде жауапкершілік жүктелді. Баланы қорлаған немесе психологиялық, физиологиялық жарақат келтірген тұлғалар міндетті түрде қатаң жазалануы керек.
– Келесі маңызды мәселенің бірі – білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үкіметтің, тиісті ведомстволардың тапсырмасына сәйкес, бұл салада да құқықтық ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірігіп, мектептердің техникалық тұрғыда қауіпсіздігі қамтамасыз етіле бастады. Яғни дабыл түймесі, бейне бақылау камералары, сигнализация орнатылып, бақылау өткізу жүйесі жолға қойылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарының қызметі пайдаланылады. Өкінішке қарай, еліміздегі білім беру ұйымдарының басым көпшілігі террористік актілерге қарсы тұруға қауқарсыз нысандардың қатарына жатқызылады. Осыған байланысты, биыл наурызда Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелерінің террористік актілерге қарсы қауіпсіздігін ұйымдастыру жөнінде арнайы нұсқаулықты бекітті, – деді полиция қызметкері.
Буллинг – бүгін бұзақылық, ертең – қылмыс
Балаға тек оттан, судан және өзге де табиғи құбылыстардан, не болмаса ересектер тарапынан ғана қауіп төнбейді. Мәселен, мектеп қабырғасында ересек балалар кішілерге күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасап, қандай да бір затты тартып алып жататын оғаш оқиғалар да жиі кездеседі. Әдетте, білікті мамандар мұндай зорлық-зомбылықты буллинг деп айдарлап жатады. Өкінішке қарай, ондай олқылықтарға жол бермеу жөнінде мұғалімдер, ата-аналар тарапынан әртүрлі түсіндіру, қадағалау жұмыстары жүргізілгенімен, бұзақы әрекеттер біржолата тыйылған жоқ. Ересек балалар тарапынан дәл мұндай қысымға тап болған жәбірленушілер әдетте кімге ақтарыларын білмей азап шегеді. Ал оның алдын алудың, қорлық көрген баланың үнін естудің жолы бар ма? Бақсақ, бар секілді.
– Еліміздегі жалпы білім беретін ұйымдардың барлығында аты-жөніңізді атамай-ақ арыз-шағым түсіру үшін қолайлы жағдай жасалған. Яғни орын алған, не болмаса алдағы уақытта орын алатын құқық бұзушылықтар туралы мәліметті анонимді түрде хабарлауға болады. Бұл аз десеңіз, мектеп қабырғасындағы оқушылар арасында анонимді сауалдама да жүргізіледі. Бұл жұмысты құқық қорғау органдары Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп іске асырып келеді. Мәселен, қаңтар-сәуір аралығында полиция қызметкерлерінің жеке ізге түсуінің нәтижесінде 4 қылмыстың беті ашылды. Алайда құқық қорғау органдары мұнымен шектеліп қалмай, оқушыларға мектеп қабырғасында және одан тыс аумақта жасалатын әрбір құқық бұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіреді. Бұған қоса, оқушылар мен олардың ата-аналары дағдарыс орталықтарының қызметі, сенім телефондары туралы ақпарат алады. Мұндай орталықтар мен сенім телефондарының жұмысы ең алдымен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға бағытталады, – деді Ж.Жұманалин.
Жол үстінде сақтанбаса болмайды...
Жазғы маусым кезінде жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алатын жайттарға да ерекше мән беріледі. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баласының көзінше жолды рұқсат етілмеген тұста қиып өтеді. Одан «үлгі алған» бала келесі жолы өз бетінше қиып өтуге асығады. Міне, соның кесірінен оқыс оқиғаларға ұшырайды.
– Биыл қаңтар-сәуір айларында ел аумағында балалардың қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері әкімдіктермен бірлесіп білім беру мекемелері орналасқан аумақта көше-жол желісін жақсарту, жол жүру қызметін ұйымдастыруға қажет техникалық құралдарды орнату жұмыстарын қолға алды. Жыл сайын «Балалар, назар аударыңдар!», «Қауіпсіз жол», «Мектепке жол» сынды жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Мұндай шаралар ең алдымен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет, – деді тәртіп сақшысы.
Балалар жылында өскелең ұрпақтың өсіп-өркендеуіне, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқығын қорғауға қатысты қомақты шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Соған байланысты, Үкімет тиісті жоспар жасады. Бұған қоса, Президент тапсырмасын тыңғылықты орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі қосымша ведомстволық жоспар әзірледі. Бұл жоспарды іске асыруға аталған ведомствоның қызметі мен аумақтық полиция департаменттері жұмылдырылды. Осылайша, құқық қорғау органдары жыл бойы әскери-патриоттық, имидждік, қайырымдылық және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отыр. Ал оның бір парасы сәуірде бастау алып үлгерді.
– Биыл 11-15 сәуір аралығында ішкі істер органдарының қызметкерлері ел аумағында «Мен және менің полициям» имидждік акциясын өткізді. Аталған акция аясында кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын жетілдіру, тұрғындардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар полицияның жұмысымен танысты. Ең бастысы, балалар қандай жағдайда болсын қауіпсіздік шараларын сақтауды үйренді. Қабылданып жатқан мұндай заңдық, тәжірибелік шаралар ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып жатқаны анық, – деді Ж.Жұманалин.