Құрманғазы ауданы бойынша бес табиғат пайдаланушыға 2022 жылға дейін 10 жыл мерзімге балық шаруашылығы учаскелері бөлініп берілген. Жыл сайын табиғат пайдаланушылар жергілікті тұрғындарды тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке салық пен төлемдерін толық төлеп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып отыр. Олардың көрсеткіштері де жылдан-жылға өсіп келеді.
Бес шаруашылық 2011 жылы табиғатты пайдаланғаны үшін 30 276,0 мың теңге төлесе, 2013 жылы бұл төлем екі еседен асып 65 937,0 мың теңгені құрады. Ал салық 2011 жылмен салыстырғанда үш еседен артық – 80 670,0 мың теңге (24 572,0 мың) төленді. Қиғаш өзенінің жағасында орналасқан 6 ауылдық округке қарайтын 11 елді мекеннің 12 мыңға жуық тұрғынының басым көпшілігінің тіршілігі осы балық шаруашылығымен байланысты. Ауланған балық өнімдерінің көбі сол жерде өңделеді. Балық өнімдері бәсекеге қабілетті, олар негізінен шетелдерге шығарылады.
Бірақ, балық шаруашылығының дамуына, оның мүмкіндігін толық пайдалануға кедергі болып отырған жайттар да бар. Оның ең бастысы – Қиғаш өзенінен балық аулау мерзіміне байланысты. Қазақстан Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурызда «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» №303 қаулысы (бұдан әрі Қаулы) қабылданған. Осы Қаулының 1-қосымшасына сәйкес, Жайық-Қиғаш балық шаруашылығы бассейні бойынша жекелеген орындар мен учаскелер үшін 1 мамырдан бастап балық аулауға тыйым салынған.
Бұл ретте, Қиғаш өзенінің трансшекаралық мәртебесі ескерілмей отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қарашадағы №1137 қаулысымен Қиғаш өзені халықаралық маңызы бар су тоғаны болып табылады. Осы себептерге байланысты Қиғаш өзенінен Ресей Федерациясының, соның ішінде Атырау өңірімен шекаралас Астрахан облысының балықшылары да балық аулайды. Бірақ, Ресей Федерациясында Қиғаш өзенінде балық аулау мерзімі мамыр айының 25-іне дейін белгіленген. Мен үстіміздегі жылғы ақпан айының 14-і күні РФ-ның Астрахан қаласындағы «Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» (КаспНИРХ) мен Росбалықаулау Волга-Каспий аймақтық басқармасының басшылығымен және ғылыми қызметкерлерімен кездестім.
Ресей өкілдері Қиғаш өзенінен мамыр айының 25-іне дейін балық аулауға рұқсат беру бірнеше жылдар бойы жүргізілген ғылыми-зерттеулерге негізделгенін және оның Қиғаш өзенінде балық қорының өсуіне кері әсерін тигізбейтінін көлденең тартты. Сонымен бірге, олар Қиғаш өзеніне балықтың кіруі сәуір айының соңғы онкүндігінде басталып, Қиғаш өзенінен балықтың негізі мамыр айының 1-20-сы аралығында жүретінін айтты. Ескеретін мәселе, Қиғаш өзенінен қара балық түрлері ғана ауланады. Бұл су айдынына бекіре тұқымдас балықтар іс жүзінде шықпайды. Көршілес екі мемлекет арасындағы шекаралас Қиғаш өзенінен балық аулауға қатысты екі түрлі ұстаным жағдайында Қазақстан балықшылары ұтылыста қалып отыр.
Балық аулауды Ресей балықшыларына қарағанда 25 күн бұрын тоқтату отандық тауар өндірушілердің табысына, жұмысшылардың еңбекақысы мен әлеуметтік жағдайларына кері әсерін тигізуде. Мұндай қисынсыздықтан мемлекет кірісіне түсетін төлемдер мен салықтардың да түсімі төмендейтіні белгілі. Бұл жағдай балық кәсіпшілігіндегі адамдармен бірге, ауыл тұрғындарының да түсініспеушілігін, олардың орынды реніштерін туғызып отыр. Ең бастысы – экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, бәсекеге қабілетті өнім шығарып тұрған, өңдеуші кәсіпорындарын ашып, оны дамытуға талпынып жүрген шағын кәсіпкерлердің өсуіне де зиянын тигізіп отырғаны даусыз. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, оны жан-жақты қолдау қажеттілігі туралы үнемі айтуда және осы бағытта өзі бастамашылық танытып келеді.
Президент үстіміздегі жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында да жеті басымдықтың бірі ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға тоқталды. Осы Жолдауда шағын бизнесті мамандандыру арқылы келешекте оларды орта деңгейге жеткізуге ынталандыратын шараларды қабылдаудың маңыздылығы айтылды. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жоюды тапсырды. Енді тиісті құзырлы органдарға Қиғаш өзеніндегі балық аулауға байланысты қалыптасқан жағдайды шұғыл қарап, тез арада қажетті шешім қабылдауды ұсынамын. Осы арада Қиғаш өзеніне балықтың кіру мерзімі мен қозғалысы туралы «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС дайындаған биологиялық қорытынды Ресей ғалымдарының зерттеу нәтижелерімен сәйкес келмейтінін де қаперге алған жөн. Болашақта Қиғаш өзенінің мәртебесін ескере отырып, Қазақстан мен Ресей ғалымдарының бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу маңызды деп ойлаймын.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
Мәжіліс депутаты.