Қоғам • 01 Маусым, 2022

Жазғы лагерьге тегін жолдама кімдерге беріледі?

1545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

БҒМ балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули лагерьге тегін жолдаманы кімдер алатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Жазғы лагерьге тегін жолдама кімдерге беріледі?

Оқу жылын аяқтаған балалар енді жазғы демалысты тиімді өткізудің қамына кірісті. Қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктер қалдыратын жазғы лагерь оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік.

Ал, жазғы демалыс лагерьлеріне тегін бару мүмкіндігін әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының 61%-ы, ерекше білім қажеттілігіне мұқтаж балалардың 64%-ы, түрлі салада жетістікке жеткен оқушылардың 78% және девиантты тәрбиедегі балалардың 82%-ы алады. Сонымен қатар тегін демалу құқығы:

  • атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
  • жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі төмен отбасылардан шыққан балаларға;
  • жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
  • мектептің қамқоршылық кеңесі анықтайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге беріледі

Бұл жолдамаға ие болу үшін аталған санаттағылар білім беру ұйымының атына өтініш жазуы керек. Қажетті құжаттар тізімін сол мекемеден білуге болады.

«Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру әрі жолдама беру жергілікті атқарушы органдар құзыретінде және олардың қаражатына байланысты үлестіріледі. Жазда 11 мыңнан астам мектеп жанындағы әрі қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 500 мыңға артық бала лагерьде демалады. Ал жазғы сауықтыру демалысымен қамтылатын балалардың жалпы саны 2 млн 300 мыңнан асады», дейді Элина Паули.

Республика бойынша 18 жоғары білім ұйымы 1306 балаға әр түрлі бағытта лагерьлер ұйымдастырады. 7 лагерь мен 2 жатын орны жоғарғы білім ұйымдары есебінен, 8 лагерь ата-аналардың  қаражатынан және 1 лагерь кәсіподақ атынан болмақ.

Салтанат Кенжебай