Бұл сурет кешегі 90-жылдарда оқыған оқушыларға таныс болуы мүмкін. Неге десеңіз, кішкентай қыздың жарығы мол бөлмеде таңғы жаттығу жасап жатқан бейнесі мектеп оқулықтарында жиі кездесетін. Балаларға жылулық сыйлайтын картина суретшілердің әдеттегі бір еңбегіндей қарапайым көрінеді. Алайда туындының салыну тарихына зер салсақ, беймәлім адамдар мен тағдырларға жолығасың.
Картинадағы қыздың прототипі – Лена. Анасы Татьяна Яблонская – украиндық суретші. Қызына қарап отырып, осы суретті 1954 жылы Киевтегі үйінде салған. Ол кезде Лена 13 жаста болатын.
«Таң» картинасында Киевтің бір пәтері суреттеледі. Үй іші жап-жарық, бояуы түрлі-түсті болғанымен, шын мәнінде Лена отбасымен өте кедей тұрған екен. Ол әпкесі екеуі сыныптастарын үйіне шақыруға да ұялатын деседі. Картинаның сәтті шыққаны соншалық, атағы бірден аспандай жөнеледі. Тіпті КСРО-дағы әрбір екінші үй осы картинаны қабырғасына іліп қоятын болған. Алайда суреттің атағы авторға табыс әкелмеген.
Ал Лена әйгілі картинаның авторы Яблонскаяның қызы екенін ешкімге айтпаған. Ол мақтануды ұнатпайтын, елеусіз өмір сүргенді ұнататын ұяң қыз болып өскен деседі.
Дәл осы тұста Алматыда тұратын 14 жастағы Арсен Бейсембинов те аталған картинаны төсегінің басына іліп қойып, оған қарап түрлі қиялға берілетін. «Бұл қыз өмірде бар ма, есімі кім, қазір не істеп жатыр екен...» Арсен осылай суреттегі кейіпкер қызды іштей ұната бастайды. Айта кетейік, оның өзі де сурет салғанды жақсы көрген.
Мектеп бітірген соң ол Мәскеу жоғары көркем-индустриалды колледжіне оқуға тапсырады. Тағдыр деген осы шығар, дәл сол уақытта Лена да мектеп бітіріп, Киевтен Строгановқа келеді.
Арсен мектепті алтын медальмен бітіргендіктен суретшілер оқуына қиналмай түседі. Ал Лена емтихандардан әрең өтіп, студент атанады. Осылайша, Лена мен Арсен бірден достасып, достықтың соңы махаббатқа ұласады.
Арсен өзі жақсы көрген картинадағы қыздың Лена екенін білмейді. Дегенмен оны көргенде ескі танысын көргендей алабөтен жылылық сезінетін. Кейін Арсен Ленаны Алматыдағы үйіне алып келгенде қабырғада «Таң» картинасы әлі ілініп тұрған еді. Міне, бар ақиқат осы тұста ашылады. «Сен білесің бе, картинадағы қыз – мен».
Картинадағы кейіпкер мен көрерменді тағдыр қосып, екеуі шаңырақ көтеріп, Лена Қазақстанға келген. Заңғар атты ұлы қазір АҚШ-та тұрады.
Ал Арсен 2000 жылы ауырып қайтыс болды. Қоныс аударғанда картинаның сол бір көшірмесі жоғалып кеткен, бірақ Лена өзінің өзге портретін көзінің қарашығындай сақтаған. Оны Арсен танысқаннан көп уақыт өтпей, қарындашпен салып берген болатын. Суреттің екінші бетінде «Мен сені сүйемін, бұл суретті жоғалтпа» деген жазу бар.