19 Сәуір, 2014

АЭФ-тың әлемдік тұсаукесері өтті

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нью-Йорктің қаржы кварталының тарихи орталығы саналатын Уолл-стритте Астана экономикалық форумының тұсаукесері өтті. Халықаралық қаржы және инвестициялық компаниялардың жетекшілері мен дүниежүзілік қаржы биржаларының сарапшыларына қазақстандық бірегей жоба таныстырылды. Тұсаукесерге қор биржасының төрағасы әрі негізін салушы Драско Веселинович, CAPMEX төрағасының орынбасары, басқарушы әріптесі, Вена қор биржасының бұрынғы директоры Ханнес Такач, NASDAQ төрағасы Дэвид Уайлд, NASDAQ төрағасының бұрынғы орынбасары, хатшысы, Жаңа Зеландия қор биржасының бұрынғы бас директоры Уильям Фостер, Ыстамбұл қор биржасының бұрынғы вице-төрағасы Арил Серен, профессор, Франкфурт қор биржасының бас директоры, доктор Рюдигер фон Розен, Куала-Лумпур қор биржасының бұрынғы атқарушы төрағасы Ник Мохамед Дин, Египет қор биржасының бұрынғы атқарушы төрағасы Мохамед Абдель Салам және басқа әлемдік қаржы және инвестиция саласының белгілі тұлғалары қатысты. Іс-шараға қатысушылар Қазақстан Республикасы ұсынатын бастамалармен және жобалармен жан-жақты танысты, сонымен қатар, олар алдағы VII Астана экономикалық форумының бағдарламасын талқылады. – 2014 жылдың 21-23 мамыры аралы­ғында Қазақстан астанасында жыл сайынғы Астана экономикалық форумы өтеді, деді тұсаукесер қонақтарына арналған сөзінде «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының өкілі Динара Қаршалова. – Қазіргі таңда форум 150-ден астам елдің он мыңнан астам қатысу­шыларын жаһандық қаржылық жүйе проблемаларын шешу жұмысына қатысуға және дағдарыстан шығу жолдарын белсене іздеуге тартып отыр. Олардың ішінде мемлекеттердің бұрынғы және қазіргі басшылары, экономистер, саясаткерлер, қаржылық сарапшылар, Нобель сыйлығының лауреаттары және ең жоғары деңгейдегі бизнес-көшбасшылар бар. Сонымен бірге, кездесуде Астана экономикалық фо­румы Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар тұжы­рым­дамасын қалыптастыруға қатысудың нақты мүмкін­дігін ұсынатындығы, сонымен қатар, жаңа кәсіби байла­ныстар орнату әрі инновациялық әзірлемелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігі жайында тілге тиек етілді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар