Руханият • 01 Маусым, 2022

Тұлғалар тағдырын толғаған

569 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетіне өз үні­мен, өзгеше бояуымен келген бел­гілі жазушының бірі –Ма­рат Мәжитов. 1973 жылы «Жұл­дызда» жарық көрген «Құмдағы із» атты әңгімесімен оқырманын елең еткізген прозаист қа­ламы­нан бірнеше повестер мен әңгіме­лер туды. Әсі­ресе тәуелсіздік­тен кейін жа­зушы кеңінен көсі­ліп, «Құныскерей» және «То­ба­нияз» атты қос роман жа­зып, әдебиетімізге мол олжа салды.

Тұлғалар тағдырын толғаған

Бұл шығармаларға арқау бол­ған бас кейіпкерлер өмірде болған, тарихымызда өз орны бар тұлғалар. Бір жағынан, жазушы үшін тарихта болған адам туралы жазу қиын. Өйткені ол туралы ел ішінде аңыз-әңгімелер көп айтылады. Оның қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін айы­ра білу қажет. Осындай ке­дер­гіге қарамастан Марат аға­мыз тарихтың бір қойнауында құм­ға көміліп қалған тұлғаларды аршып, олардың өмір жолы мен бастан кешкен оқиғаларын көркем тілмен оқырмандарына жеткізуін ерлікке бағалауға болады.

Жетпіс жылдан аса үстем­дік құрған Кеңес өкіметінің халқымызға жаса­ған зұлымдығын айтып тауыса алмаймыз. Осы қиянатқа төзбей, басын бәйгеге тіккен ержүрек азаматтар болды. Олар өз қара басының қамын емес, ел намысын биік ұстап бодан­дық бұғалыққа көнбеді. Сондай есіл ердің бірі –Тайсойған өңірін­де өмір сүрген Құныскерей Қо­жахмет баласы. Құныскерей негізі ке­ңес өкіметі орнағанда, оған іш тартып, ұлы төңкерістің насихатшысы әрі се­німді адамы саналған. Ол Гурьев пен Теке қалалары арасында кіре тартып, керуен басшысы бол­ған. Құныскерей жөнінде 1920 жылы «Трудовая правда» газе­тінде жарияланған шағын хабарда: «Гурьевке елден азық-түлік тасып, әсіресе, мал айдап әкеліп, оның етін дайындауда Қожахметов Құныскерей айрық­ша көзге түсті. Ол өте-мөте іс­кер, әрі бірбеткей, таза, совет өкіметінің ел ішіндегі сенімді өкілі» деп жазылыпты.

Ал енді жаңа заманды осылай құшақ жая қарсы алған азамат қалай бір демде оған жау болып шыға келді?! Автор ол туралы Құныскерей туралы мақаласында жақсы баяндайды: «1920 жылғы сүмбіле айының 27-жұлдызында (Оралдағы (Теке) мұрағаттан табылған құжатта екі түрлі жазылған, біреуінде – 27-сі, біреуінде – 29-ы) ол екі бір­дей тәртіп сақшысын талтүсте ұрып өлті­ріп, атқа мініп, бой таса­лаған. Бұған: Құныскерейдің қан­ды көйлек досы әрі құрдасы Жақ­сылықов Мұхаммедиярды жүйрік атын бермей, тәртіп сақ­шы­ларымен жұдырықтасқаны үшін олар ат иесінің жүрегіне қорғасын оқты қадаған, яғни атып тастап жөндеріне кете бар­ғаны себеп болған. Міне, сол қасірет-қайғының үстіне астын­дағы ақбозын сар желдір­тіп, Құ­ныс­керей келе қалмай ма... Аржағы «қанға қан, жанға жанмен» аяқталған. Сол күннен бастап, жаңа заманның жауы атанған ол қолына қару алып, «Алла» деп атқа мінгені белгілі».

Сондай-ақ Құныскерейдің кеңес өкіметіне қарсы жасақ жинап, қол астына жүздеген қару­лы адамды топ­тастыру арманы болғанымен, бірақ оны жү­зеге асыруға шамасы жетпе­ге­нін мұрағаттағы құжат­тар дәлел­дейтін­дігін айтады.

1921 жылдың аяғында Құ­ныс­керей 25-30 адамнан қару­лы жасақ құрып, өзі соған бас­шы­лық жасайды. Алайда Көк­жар мен Саралжынның ортасында­ бұларды 150-дей мұздай қару­ланған солдат қоршап алып, оның жасағын быт-шыт қылады. Шайқаста батырдың 6-7 серігі қаза болып, біра­зы қолға түседі. Осы қолма-қол ұрыс­та Құныскерей аса мергендігімен, жаужүректілігімен көзге түседі. Соны көрген отряд командирі Николай Антонов: «Мынау адам емес, дию ғой, Құдайым енді мұнымен кездестірмесін» деп жағасын ұстапты» дейді.

Марат ағамыз есіл ер туралы шығарма жазуына әкесі мен ауылдағы қариялардан ба­ла күнінде Құныскерей туралы естіген әңгімелердің түрткі болға­нын жиі айтып жүреді.

«Кеңес өкіметі «жау» деп сана­ған Құныскерей туралы әңгімені біздің ауылдың ақсақалдары оңашада ғана айтып отыратын. Мен соны бала күнімнен естіп, ішімде бір дүбір пайда болды. Балалықпен кейде: «Құныскерей заманында өмір сүргенде соған еріп, атын ұстап, серік болушы едім» деп қиялдайтынмын. Әкем де ол кісімен жақын араласқан. Тіпті ол әкемді он бес жасында ертіп кеткісі келгенде, әжем қарсы болып, жібермепті» дейді автор.

Жазушының әкесі Кәрім қария өмірден көргені мен түйгені мол, болмысы биік, парасатты адам болыпты. Шығармадағы ол кісінің есімі сол күйінде алынған.

«Құныскерей» романының алғашқы кітабы 2012 жылы жа­рық көрді. Сол шығармаға жаз­ған алғы сөзінде талантты жазу­шы Тұрысбек Сәукетаев: «Құныс­керей – еліміздің батыс өңірінде есімі елге кеңінен мәшһүр, қызыл өкіметпен жан аяспай қидаласып, күллі ғұмырын қуғын-сүргінде өткізген трагедиялық тұлға. Ресми билік оны банды деп маңдайына қарғыс таңбасын жағып, ұрпақ санасынан батыр тұлғасын өшірмек болғанымен, оның асқақ рухы, аяулы есімі ауыздан-ауызға аңыз болып тараған», деп бағасын беріпті.

Роман мазмұны біржақты емес, кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны салыстыра отырып, қилы-қилы шегі­ністерге ба­­ра­ды, сан алуан «тар жол тай­ғақ кешуді» сараптап, електен өткізеді. Стиль ерекшелігі мен тіл бай­лығы да шығарманың ажарын ашты. Туынды желісі тар­тымды, жеңіл оқылады, жазушы жергілікті жерді, оқиғаның шиеленіскен тұстарын ерекше сипаттайды. Автордың бұл романды жазуда көп ізденгені шығармадағы шым-шытырық оқиғалардан байқа­лады. Қаламгер шығармадағы кейіпкер­лерінің жан-дүниесін тамыршыдай тап басып, әр образдың бір-бірі­не ұқсамайтын характерлерін аса шеберлікпен суреттейді.

Романда Құныскерейдің өмірде ешкімнің ала жібін атта­мағаны, өтірік айтпағаны, ұрлық жасамаған әділдігі нанымды бейнеленген. Оның жас күнінде Хасан хазірет пен Мырзағали ахуннан ескіше білім алғандығын жазған. Құныскерей өзімен бір­ге қоржынында үнемі Құран кіта­бын алып жүрген. Жазушы шы­ғармасын оқып отырып, Құ­ныс­керейдің мергендігіне, ер­жүректілігіне, батырлығына, ақыл­ды­лығына, парасаттылығына тәнті болып, қазақта небір атпал азаматтар болғандығын сезінесіз. Кәрім ақса­қал баласына әңгіме арасында Құ­ныскерейдің дауысында үш ерекшелік бар екендігін айтыпты. Біріншісі, қара­пайым адамдармен сөйлескенде дауысы жай шықса, ал күңіренгенде тамыры білеуленіп, дауысы зорайып кететін көрінеді. Ал үшіншісі, жер солқылдата­тын дауысы екен.

Осыған байланысты романда бір эпизод бар. Құныскерей жауларынан қашып, бірде Мұғалжар тауының шатқалдарын паналап жүреді. Соны сезген оншақты адам ізіне түсіп, бір шатқалдан шыға бергенде оған жаң­быр­ша оқ жаудырады. Бірақ оған оқтың ешқайсысы дарымайды. Сол кезде Құныскерей жер солқылдататын дауы­сымен айқайға басып, шепті бұзып өткен.

Жалпы Құныскерейдің киесі болған. Сол киесі оны талай оқтан қорғап, көтеріп жүретін көрінеді. Жазушының айбынды азамат туралы бірінші кітабы Құныскерейдің Түрікмен жеріне жалғыз өтумен аяқталады. Ал романның екінші кітабында Құ­ныскерейдің Түрікмен еліндегі өмір жолы тарихи деректермен көркем өрілген. Қым-қиғаш тар­­тыс­қа құрылған шығарма сю­жеті оқыр­манды қызықтыра тү­седі. Ал шығар­мадағы Айбала Зәкир­қызының күрделі тағдыры өмірдегі шындықтан алынған.

Жазушының шоқтығы биік тағы бір туындысы − «Тобанияз» романы. Бұл шығарма да екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде − Тобанияздың Адай уездік коми­тетінің төрағасы болып тағайын­далғанға дейінгі кезеңдері бейнелі кестеленген.

«Тобанияз – Маңғыстаудың адайы. Алтын мен күмістен түйін түйген зергер. 1928 жылда­ры Әкем ол кісіні көріп, екі рет дастар­хандас болыпты. «Мұртты, отырғанда адамдарды сынап отырады» деп айтатын. Содан Тобанияз туралы жазғым келіп, ол жайындағы деректерді қарастыра бастадым. Сол өңірдің тумасы, жазушы Маршал Әбдіхалықовтан сұрап едім, ол ешнәрсе айта қоймады. Әкемнен сұрағанда, ол маған: «Сенің әлің оған келмейді. Тобанияз – қайраткер тұлға, терең ойдың адамы. Ол саған Құныс­керей емес, қашып жүріп, соғыса беретін» деп айтқаны бар еді. Со­дан ол кісі туралы көпке дейін жа­зуға дәтім бармады. Әбден, ма­те­риалдарды жинақтап, оны қоры­тып, пісіріп алғаннан кейін ғана романды жаздым» деді қаламгер.

Тобанияз Әлниязұлы Қазан төң­керісі орнағаннан кейін де қоғамдық істердің бел ортасын­да жүрген. 1918 жылы Маңғыстау ревкомының төрағасы болып та­ғайындалған. Елді отырық­шы­­лыққа үндеп, үй салдырған. Жұрт­­қа егін еккізіп, бірнеше мек­теп ашуға мұрындық болған. Алғаш рет ата-анасыз қалған жетім балаларға арнап балалар үйін ашқан.

Романды оқып отырып, көр­некті қайраткердің өмір жолы, қым-қиғаш, шым-шытырыққа толы екендігін түсін­дік. Кемеліне келген елу бес жасында. Кеңес өкіметінің қаһарына ілігіп, 1930 жылы жазықсыз аты­­лып кеткен тұлғаның сан-сала­­лы қызметі мен тіршілік-ты­ны­сын жазушы кестелі тілмен, оралымды оймен бейнелеген. Сегіз арыс Адай еліне хан То­ба­нияз атанған қайраткер образы келісті өрімін тапқан. Роман­ның екінші бөлімінде Әліби Жан­кел­диннің Тобаниязды Адай уездік комитетінің төрағасы етіп тағайын­дағаны туралы баян­­далады. Осы шығарманы оқы­ған Торғайдың бір ақсақалы қаламгерге: «Қазір Әлі­би Жанкел­дин туралы әркім әр түрлі пікір айтып жүр. Бірақ Әлібидің қайрат­керлігін сен секілді жазған жазушы сирек» деп жылы лебізін білдіріп, хат жазыпты.

Сонымен бірге суреткердің Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қу­ғынға ұшырап, «Банды Аманғали» атан­ған палуан, өнер­паз намысты тұлға туралы жаз­ған туындысы да тартымды жазыл­ған. Сеңгірлі сексенге келсе де қалам­гер қаламы әлі бабын­да. Жазушының тағы бір жемісі − жа­қында жиырма жасында хан тағы­на отырған Қасым хан баласы Хақ­назардың өмір жолын тарихи дерек­термен көркем сөйлеткен көлемді романы жарық көрді. Бұл шығар­ма 1538 жылы Қазақ елінің ханы атанған бозбаланың қажыр-қайратына, ұлтына деген сүйіспеншілігіне, асқақ мұратына, ізденіс жолына, біліміне, сарқылмас санасына терең бойлаған. Бір сөзбен айтқанда, сүйекті романда Хақназар мен Қасым хан бір-бірін жетектеп отырғандай сезінесіз. Сол кезде қазақ астанасы саналған Сарайшық қаласының салтанатты да, сәулетті көрінісі оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Сондай-ақ Марат Мәжитов ағамыз ұзақ жылдар бойы «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Ақиқат» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орын­басары секілді жауапты қызмет атқарып, қазақ журналистиксында өз өрнегін қалдырды.