Кездесуде ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Әңгімелесу барысында З.Рау Польшаның Ұйымға төрағалығын қолдағаны үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді.
А.Рахметуллин Қазақстанның алдағы уақытта да Ұйымның жұмысына үлес қосуға дайын екенін растады. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салаларын жүзеге асыруда теңгерімді көзқарас сақтау қажеттігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерді талқылай отырып, тараптар аймақтағы геосаяси шиеленістің артуына байланысты Іс басындағы төрағалық алдында тұрған қиындықтарға назар аударды. Осы тұрғыда дипломаттар Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында қауіпсіздік саласындағы сенімді қалпына келтіру және ынтымақтастықты нығайту шаралары туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар келіссөздер кезінде Қазақстанның саяси трансформациясы және Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша алдағы жалпыхалықтық референдум да сөз болды. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары польшалық әріптесіне «Жаңа Қазақстанды» құруға және «Екінші Республиканы» қалыптастыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыру барысы туралы әңгімелеп берді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Польшаның көпжақты форматтағы тиімді ынтымақтастығын атап өтіп, диалогты жалғастыруға келісті. Келіссөздерден кейін дипломаттар бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізді.
«Биыл біз қос мерейтойды атап өтеміз. Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға қосылғанына және еліміз бен Польша арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Министр З.Раудың сапары осындай мерейтойлық дата аясында өтуінің символдық мәні бар», деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.
«Қазақстан әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салаларда ЕҚЫҰ-мен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Еліміз 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекет және үкімет басшыларының Саммитін өткізді. Бірыңғай және бөлінбейтін Еуро-Атлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығының пайымы белгіленген «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» Астана декларациясын қабылдау арқылы ұйымның дамуына елеулі үлес қосты.
Осы жылдар ішінде достық пен сенімге негізделген қазақстандық-поляк серіктестігі нығайып, оң бағытта дамуын жалғастырып отыр. Бұған екіжақты және көпжақты форматтағы өзара конструктивті әрекеттестік және белсенді сауда-экономикалық әрі инвестициялық ынтымақтастық дәлел бола алады. Польша – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі маңызды және перспективалы әріптесі. Польшаның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі болуға деген ұмтылысымызды растаймыз», деп атап өтті А.Рахметуллин.