Қаржы • 02 Маусым, 2022

Тұрақты даму бағытындағы стартаптар

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығына қарасты Tech Hub және ТМД елдері мен шетелдік стартаптарды Mastercard халықаралық төлем жүйесі Mastercard Sustainable Banking Challenge байқауына қатысуға шақырып отыр. Бұл туралы аталған орталықтың бас­пасөз қызметі хабарлады.

Тұрақты даму бағытындағы стартаптар

Байқаудың мақсаты – қа­зақ­­стандық банктер­ге үздік қар­­жылық-техно­ло­гия­лық ұжымдармен нәтижелі ынты­мақ­тастықты құрып, тұрақты бан­кингті дамыта отыра ESG-тәуекелдердің (Эко­логиялық, әлеуметтік және кор­поративтік басқару саясаты) кең спектрін басқаруға жәрдемдесу. Оның басты бағыт­тарына қаржы­лық инклю­зивтілік, атап айтқан­да қаржылық сауаттылықты арттыру, өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіп­керлер үшін тиімді шешім­дер әзірлеу, сондай-ақ көмір­тегі ізін бақылау, қағазсыз банкинг, клиенттердің эко­ло­гиялық жауапкершілігін арт­тыруды көздейтін «жасыл» банкинг пен ішкі үрдіс­терді автоматтандыру мен киберқауіпсіздікті күшейтуді қарастыратын ішкі тұрақты даму саласы жатады.

«Қаржы технологияла­ры дағдарыстан кейінгі кезең­де тұрақты және инклю­зив­ті ортаны қалпына кел­тіруге көмектесетініне сенім­діміз. Орнықты дамудың қазіргі және ұзақ мерзімді мін­дет­терін іске асыруда қаржы саласының маңызы зор. Мұны реттеуші органдар, тұты­нушылар, инвесторлар және тұтастай қоғам жақсы түсініп отыр. Бұл әсіресе экология, климаттың өзгеруі, корпоративтік басқару және әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық және есептілік, қар­жылық қызметтерді ұсыну­дағы тепе-теңдікке қатысты. Сондықтан биыл осы бағыт­тарды қолдаймыз деп шешім қабылдадық. Байқауда қы­зықты ұсыныстар болатынына үміт артамыз», деді Mastercard халықаралық төлем жүйесінің Орталық Азиядағы бас директоры Рафал Трэпка.

Отандық банк секторын­дағы инновацияларды дамыту – АХҚО-ның Tech Hub қызметіне кіретін басым бағыт­тардың бірі. Бұл ретте аталған орталық Mastercard-пен бірлесіп байқау өткізуге қуана келісті.

«Аталған байқау тұрақ­ты банкинг және ESG-бастама­лар саласындағы шешім­дер­ге арналған. Осы сала біздің нарықта қарқынды дамып келеді. Сөзсіз, бұл еліміздің орнықты дамуына оң ықпал етеді. Осындай маңызды саланы белсенді қолдағаны үшін Mastercard пен байқаудың серіктес банктеріне риза­шылығымызды білдіреміз», деді АХҚО Tech Hub төр­ағасының орынбасары Бекжан Мұтанов.

АХҚО-ға қарасты Tech Hub серіктес банк­тер таң­даған бағыттарға сәй­кес ше­шімдердің техно­логия­лық скаутингін (Ашық инно­вациялық стратегия­­ның бір бөлігі ретінде үлкен ­пайда әкелетін, технологиялық мә­селелерді шешіп өнімді әзір­леуге, өз ресурстарын оң­тай­ландыруға, жаңа серік­тестер тауып, рево­люциялық техно­логияларға жол ашуға көмектесетін элемент) жүр­гізіп, банк өкілдері және Mastercard сарапшыларымен бірге үздік стартаптарды ірік­тейді. Оның нәтижесінде үздіктер Қазақстан нары­ғын­да жаңа клиенттерді табуға мүмкіндік алып, өз өнімде­рін еркін саудалайтын болады.

Байқауға қатысушылар Mastercard-тың қолдауымен жарыстың бір немесе бірне­ше серіктес банкімен (10 мың доллар сомасына дейін) қанат­қақты жобаны іске қосу мүмкіндігіне ие болады.