Кино • 02 Маусым, 2022

«Жазғы кино» – жан жадыратар жоба

711 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балалар жылының балдырғандарға дайындаған сыйы мол. Соның бірі – 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай кеше Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұсынған «Жазғы кино» әлеуметтік жобасының салтанатты ашылуы десек, қателеспейміз. Айтулы жоба аясында елордалық балдырғандар «Қазақстан» орталық концерт залында жаз айларында өткізілетін кино көрсетілімдерін тегін тамашалай алады.

«Жазғы кино» – жан жадыратар жоба

Коллаждарды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Қазақконцерт» мемлекеттік кон­церт­тік ұйымының «Қазақфильм» АҚ және Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығымен бірлесе ұйым­дастырған жобасының негізгі мақсаты – балаларға өнердің үздік туындыларын қолжетімді ету, олардың бо­йына мәдени құндылықтарды сіңіру, адамгершілік һәм рухани тұрғыда дамуына оң ықпалын тигізу. Соның ішінде әсіресе көпбалалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдер, жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне барынша өнер мерекесін сыйлауды мұрат тұтып отыр.

–  Өскелең ұрпақ – біздің болашағы­мыз. Сондықтан балдырғандардың тәлім-тәрбиесіне, рухани біліміне баса мән беріп, бар жақсылығымызды бала­ларға арнауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағы – біз­дің жалпыұлттық міндетіміз деп атап өткен болатын. Біз де осы үндеуге үлесі­мізді қосып, осындай ау­қым­ды жобаны қолға алдық. Жоба жаз бойы жалғасады. Бұдан бөлек, балаларға арналған іс-шаралар алдағы уақытта Қазақконцерт ұсынатын «Балалар филармониясы» деген көпсалалы жобаға ұласады, деп атап өтті «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы Ақтоты Райымқұлова.

Ақтоты Рахметоллақызы айтып өт­кен­дей, жан жадыратар «Жазғы ки­но» әлеуметтік жобасы аясында бала­ларға «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Ер Төстік және айдаһар», «Кенже қыз» ани­мациялық туындылармен бірге сондай-ақ «Паралимпиец», «Время патриотов», «Боксер», «Каникулы оффлайн» және тағы да басқа отандық озық туындылар, көркем, тарихи кино фильмдер тегін көрсетіледі. Ауқымды іс-шара еліміздің ең үлкен «Қазақстан» кино-концерттік залында өтеді. Балдырғандар жаз бойы өнердің озық туындыларымен сусындап, рухани білімін байытатын болады.

«Жазғы кино» жарқын жобасы­ның салтанатты ашылу рәсімі балдырған­дардың есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Өйткені бұл күні балаларға бар қазақтың олжасына айналған атақты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» кинотуындысы көрсетілді. Іс-шараға келген балдырғандар фильм­де басты рөлді сомдаған актер, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Нұрлан Санжармен жүздесіп, сұхбат­тасу мүмкіндігіне ие болды. Бұ­ған қоса, кішкентай көрермендер арнайы мерекелік концертті тамашалап, «Қазақстан» Орталық концерт залы бойын­ша экскурсияға қатысты.

Сонымен қатар балаларды өнерге баулу мақсатында бұл күні сурет өнері мен гиперреалистік мүсін жасау ба­ғыты бойынша белгілі суретші, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Телғозиева мен танымал мү­сін­ші Айдос Есмағамбетов шеберлік сабақтарын өткізіп, айтулы жоба аясында жас суретші Мейірім Шымырбектің «Ғажап әлем» атты ерекше көрмесі де мерекеде бас қосқан балғындардың мейрамына ұсынылған тамаша тарту болды.

Суретші, гиперреалист-мүсінші, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпа­зы, «Мәдениет саласының үздігі» Айдос Есмағамбетовтің жұмыстары да көрме төрінен орын алып, мүсінші өткізген шеберлік сабақтары балдырғандардың тағы бір тынысын ашқандай. Айдос жан бітірген Абылай хан, Абай Құнанбайұлы, Барак Обама, Нұрсұлтан Назарбаев, Роза Бағланова сынды ел мен әлем тари­хын­дағы көрнекті тұлғалардың айнытпай жасалған силиконды бодандық мүсіндері өнерге қызығатын талай балғын жастың көкейін­дегі көп сұраққа жауап беріп, арманына бір табан жақындата түскені анық.

– Әрине, бүгінгі шеберлік сабағыма қатысушылар ерекше топ. Олар – әлемі кіршіксіз тап-таза балалар. Сұрақтары да сондай шынайы. Елімізде аса кең қанат жая қоймаған айтулы өнер түріне деген қызығушылықтары да айрықша. Балалармен әңгімелесіп, олардың аңғал да адал, бірақ соншалықты шынайы сұрақтарына жауап беріп өзім де бір жасап қалдым. Ал шеберлік сабаққа кел­сек, әлбетте санаулы ғана минутта мүсін жасаудың қыр-сырына толықтай қанықтыру мүмкін емес. Бірақ барынша бұл тамаша өнердің әліппесін ұғындыруға тырыстым, шығармашылық құпияларыммен бөлісіп, балалардың өздеріне тәжірибе де жасап көрдім. Олардың ерекше эмоцияларын көріп шеберлік сабағым балалар көңілінен шықты ғой деп түйдім, деп әсерімен бөлісті тарихи тұлғаларға жан бітіріп жүрген жас талант Айдос Есмағамбетов.

Дәл қазір жыр алыбы – Жамбыл Жа­баев­тың мүсінін жасап жатқан Айдостың болашаққа бағытталған жоспарлары да ауқымды. Соның бірі – мүсін өнеріне қызығатын талантты балалардың басын қосып, өзінің жеке шеберханасын ашып, өнердің осы бір ерекше түрін елімізде кеңінен насихаттап, жан-жақты дамыту екен. «Ол қуанышты күннің де ауылы алыс емес» дейді өзі нық сеніммен. Айдос сынды талантты талай жанға тың идея сыйлап, талай жас өреннің танымына төңкеріс жасаған айтулы жобаның болашағы лайым жарқын болсын дейік, ендеше. «Жазғы киноның» балаларға берері мен болашаққа себер дәні жемісті болғай.