Ер адамның айтуынша, оған телефон арқылы белгісіз екі адам қоңырау шалған. Олардың бірі – ер адам өзін қала прокурорының орынбасары ретінде, ал екіншісі – әйел өзін қаржылық бақылау бөлімінің қызметкері ретінде таныстырған. Алаяқтар ол кісіге шотынан әлдекімнің ақша алуға тырысып жатқанын және бұл ақшаны сақтау үшін оны банктің кепілдік шотына жіберу керек екенін айтқан. Осылайша, жәбірленуші өзінің барлық ақшасын 15 рет әртүрлі шоттарға аударған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа ауданының жедел уәкілдері күдіктілердің бірі – Ресей Федерациясының 33 жастағы азаматын ұстады. Қылмыстық топтың екі қатысушысы республикадан тыс жерде жасырынып үлгерген. Қазір іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ олардың елорда аумағында жалған тұлғалар арқылы банк карталарын рәсімдегені анықталды. Бір ай ішінде күдіктілер еліміздің әртүрлі банктерінде ашылған 35 банк картасын алған. Алаяқтық әрекеттерден алынған ақшаны олар қолма-қол ақшаға айналдырып, АҚШ долларына айырбастаған. Кейін қаскүнемдер валютаны криптовалютаға айырбастап, Ресей Федерациясына жіберген.
Қазір аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті түрлі ведомстволардың басшылары мен қызметшілерінің атынан қоңырау шалу тәрізді алаяқтықтың жиілеп кеткенін ескертеді.
Салтанат Кенжебай