«Электр энергетикасын өндіретін өнеркәсіп нысандары жыл сайын орта есеппен 900 мың тонна ауаны ластайтын зиянды заттар шығарады. Бұл елдегі барлық өнеркәсіптен шығатын зиянды заттардың 40%-ы. Осы орайда еліміздің энергетика секторында ең озық қолжетімді технологияларды кезең-кезеңімен енгізу және оны дамыту маңызды. Жасыл технологияны ілгерілету жолында Еуропа Одағы елдерінің озық қолжетімді технологияларға көшу тәжірибесі үлкен рөл атқарады», деді Серікқали Брекешев елордада өтіп жатқан «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресінде.
Ведомство басшысының айтуынша, өнеркәсіп өндірісінен келетін зиянды азайту құзырлы органдардың басым міндеттерінің бірі болып қала береді.
«Қазақстан бірқатар заңнамалық құжаттар, даму стратегиялары мен бағдарламаларды қабылдау арқылы «жасыл технологияға» көшу үшін ұйымдық-құқықтық тұрғыдан негіз жасаған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет. Біз бұл стратегияны халықаралық ынтымақтастықты ескере отырып жалғастыратынымыз сөзсіз. Бұл жерде мемлекет, қоғам, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың ортақ күш-жігері ғана сын-қатерлерге төтеп беріп, елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуына мүмкіндік беретінін атап өткім келеді», дейді ол.