Қаржы • 02 Маусым, 2022

Жалақы айырмашылығы тиімді ме?

362 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еуропалық одақ әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмасын қысқарта алмай әлек. Осыған байланысты «қарт құрлық» гендерлік алшақтықты жою үшін жалақының ашықтығы жөнінде құжат қабылдамақ. Бірақ бұл мәселенің дауы бітер емес. Өйткені көптеген мемлекет еңбекақы айырымын қысқарту үшін түрлі амал-шарғыларға барады.

Жалақы айырмашылығы тиімді ме?

Былтыр Еуропалық комиссия жалақы төлеудегі гендерлік теңсіздікті жою мақ­сатында ашықтықты көрсететін заң жобасын ұсынды. Құжатқа сәйкес, компаниялар жұмыс түрі мен қызметкердің жынысына байланысты төленетін еңбекақыны ашық түрде көрсетуі тиіс. Мұндай мәлімет арқылы жұмысшылар өз жалақысын әріптестерімен салыстырып, айырымын анықтай алады. Заң жобасына Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Лйяен бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Ол мұндай лауазымға ие болған тұңғыш әйел.

Қазіргі таңда Еуропалық одақ елде­рін­де ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы орта есеппен 14,1 пайызды құрайды. Дегенмен кей сарапшылар Еуропалық одақта кімнің қанша табаты­нын жариялау әлі күнге дейін құпия мәсе­ле екенін айтады. Тіпті қоғамның өзі мұндай өзгеріске құмар емес.

Еуропалық одақ ұсынып отырған заңнама қызметкерлерге өздерінің табыс­тарын басқалармен салыстыруға, еңбек өтілі мен өнімділігіне қарай қаншалықты лайық екенін анықтауға мүмкіндік бермек. Бүгінге дейін «қарт құрлықтың» 10 елі ғана – Аустрия, Бельгия, Дания, Германия, Испания, Финляндия, Фран­ция, Италия, Португалия және Швеция жалақының ашықтығы туралы құжатты мақұлдады. Ирландия мен Нидерландта бұл мәселе қоғамдық талқыға түскен. Алдағы уақытта оны қабылдап қалуы ықтимал.

Осы орайда мына мәселені айта кеткен жөн. Канада, Франция, Испания және Швеция секілді ауқатты батыс елдерінде әр компания жалақы алшақтығына қатысты толық аудиттік есеп беруге мін­детті. Бірақ Бельгия, Италия жә­не Ұлыбритания секілді мемлекеттер қыз­меткерлердің жынысына байланыс­ты жалақы төлеуді талап еткенімен, онда көптеген мәлімет көрсетілмейді. Ал Германия, Люксембург және АҚШ кей компаниядан ғана аудит талап етеді.

Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айы­ры­мын қысқартуға қанша жерден тал­пынғанымен бұған байланысты қабыл­данған шаралар тиімді болмай тұр. Мәсе­лен, кейінгі кезде еңбекақы төлеудегі ген­дер­лік алшақтық айтарлықтай азай­ған. Әйтсе де, мұның екінші жағы бар. Компаниялар жалақы айырымын қыс­қар­ту үшін әйел қызметкерлердің еңбек­ақысын көтермеген. Керісінше көп таба­тын ерлердің табысын азайтқан. Со­ның салдарынан компаниялардағы ер адамдар­дың еңбек өнімділігі айтарлықтай азайған көрінеді.

Сарапшылар «мұндай жағдайда екі тарап та пайдаға кенеле алмайды» деп есептейді. Яғни «әйел адамдарға көбі­рек төлеп, бірақ ер адамдардың жұмыс өнімділігін сақтап қалу мүмкін емес» деген пікірде. Бірақ әділдіктің артық­шы­лығы да мол екенін айтып отыр. Мәсе­лен, McKinsey компаниясының мә­ліметтеріне сүйенсек, қазіргідей жалақы айырымы сақтала берсе, 2030 жылға қарай әлем экономикасы 1 триллион доллар жоғалтады. Еңбекақы төлеміндегі айырым­ды жою мақсатында түрлі шаралар қабылданған жағдайда, аталған мерзімде шартарап қосымша 13 триллион пайда көрмек.

Сондықтан еңбекақыдағы айырмашы­лықты ер адамдардың ақысын азайтумен емес, әйел қызметкерлердің жалақысын көбейтумен айналысу қажет. Мұндай қадамға бармаған жағдайда, еңбек өнім­ділігі айтарлықтай төмендейді. Мәселен, 2006 жылы Дания жалақы ашықтығы туралы заң қабылдады. Соның нәтижесінде айырым 13 пайызға азайды. Бірақ аталған елде әйелдердің табысы көбеймеген, ер­лер­дің кірісі азайған. Бұл аз десеңіз, ер­лер­дің еңбек өнімділігі де төмендеп кеткен.

Бірқатар зерттеуші Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 19 мүше-елдегі жалақының ашықтығын зерделеп көрген екен. Соған сәйкес, аталған мемлекеттерде алшақтық әйел­дер­дің жалақысын көтеруден гөрі ерлер­дің жалақысын қысқарту арқылы төмендеген.

Үндістанда жүргізілген келесі бір зерттеу жалақының ашықтығы кейбір жұмысшылардың өнімділігін төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді. Өйткені олар өз­деріне аз төленген деп есептейді. Сон­дық­тан еңбек өнімділігі айтарлықтай азаяды.

Қорыта айтқанда, Еуропалық одақ үшін еңбекақы төлеміндегі гендерлік теңсіздікті жою өзекті мәселеге ұласып отыр. Бір жағынан бұл өзекті болғанымен, екінші жағынан оның салдарынан туындайтын мәселе Брюссельдегі шенеуніктердің бас ауруына айналды.