Әлем • 02 Маусым, 2022

Жүз күнге созылған қырғын

228 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украинадағы соғыстың басталғанына жүз күнге жуықтады. Ресей әскері Украина аумағының 20 пайызға жуығын басып алды. Қазіргі таңда Донбаста қиян-кескен ұрыс жүріп жатыр. Әсі­ресе Северодонецк қаласындағы жағдай қиын.

Жүз күнге созылған қырғын

Ұлыбритания барлау қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ресей Северодонецк қаласының көп бөлігін басып алған. Лисичанск қаласына апаратын жол Украинаның бақылауында. Ресей әскері артиллериямен тоқтаусыз атқы­лаудың арқасында алға ілбіп жылжып келеді. Бірақ шығыны орасан деп есептейді Ұлыбритания барлау қызметі.

Луганск облысын толықтай бақылауға алып, бар қуатын Донецк облысына салу үшін Ресей тарапы Северский Донец өзенінің батыс жақ бетіне өтуі қажет. Қазіргі таңда өзен басқыншы әрекетке табиғи түрде тосқауыл болып отыр. Жалпы өткелдердің көбі Северодонецк пен Лисичанск қалалары маңында орналасқан. Сондықтан аталған шаһарларды басып алу Ресей үшін аса маңызды. Бірақ Ұлыбритания барлау қызметі Украина тарапы өзендердегі өткелдердің бәрін бақылауда ұстап отырғанын алға тартады.

Украина президенті Володимир Зеленский Люксембург парламентінің депутаттары алдында сөз сөйлеп, батыс елдеріне көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, соғыс басталғалы Ресей әскері 3620 елді мекенді басып алған. Соның 1017-сі азат етілді. Енді 2603 елді мекенді босату қажет.

«Қазірге дейін еліміздің шамамен 20 пайызы, 125 мың шаршы шақырым жер басқыншылардың бақылауында. Бұл «Бенилюкс» елдерінің бәрінің аумағынан әлдеқайда көп. Шамамен 300 мың шаршы шақырым жерде жарылмаған миналар мен снарядтар бар», деді ол.

Володимир Зеленский айтқан «Бенилюкс» елдеріне Бельгия, Нидерланд және Люксембург кіреді. Оның жалпы аумағы шамамен 74 мың шаршы шақырымға тең. Осы орайда, Зеленский Украинадағы майдан шебі мыңдаған шақырымға жететінін мәлімдеді. Украина президенті өз сөзінде Люксембургке қару-жарақпен көмектескені және Ресейге қарсы санкцияларды қолдағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Украинаның Еуропалық одаққа мүшелікке өтуін қолдауға шақырды.

Ирландия парламентінің жоғарғы палатасы Ресейдің Украинадағы әрекеттерін геноцид деп таныды. Бұл туралы Сенат спикері Марк Дейли хабарлады. «Ресей Федерациясының Украинаға заңсыз басып кіруі – геноцид әрекеті. Ирландия сенаты Ресейдің Украинадағы геноцидіне қатысты қарар қабылдады», деп жазды Дейли Twitter-дегі парақшасында.

«Футбол королі», аты аңызға айналған бразилиялық футболшы Пеле Владимир Путиннен Украинадағы қақтығысты тоқтатуды талап етті. Даңқты спортшы үндеуін Украинаның футболдан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу матчында Шотландияны жеңгеннен кейін жариялады.

«Бүгін Украина елді шарпыған трагедияны кем дегенде 90 минутқа ұмытуға тырысты. Әлем чемпионатына қатысу жолдамасын иелену оңай шаруа емес. Бірақ көп адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда мұндай бәсекеге қатысу мүлдем қиын. Басқыншылықты тоқтат! Зорлық-зомбылықтың жалғасуын ақтауға мүлдем болмайды», деп жазды «Футбол королі» инстаграмдағы парақшасында.

Пеле сондай-ақ 2017 жылы Путинмен кездескенін, жылы сөйлесіп, ұзақ қол алысқанын еске түсірді. «Кездескен кезде ешқашан дәл бүгінгідей пікіріміз екіге жарылатынын ойламаппын. Қақтығысты тоқтату өз қолыңда», дейді Пеле.

Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель де Украинадағы соғыс туралы пікір білдірді. Ол қақтығысты «айуандық соғыс» деп атап, оны тез арада тоқтату керек деп мәлімдеді.

«Ресей Украинаға шабуыл жасап, басып алып жатыр. Мен Украинаның өзін-өзі қорғау құқығын қолдаймын», деді А.Меркель. Экс-канцлер Еуропалық одақ мүшелерін бірлікке шақырып, Германия билігінің қақтығысты тоқтатуға бағытталған әрекеттерін қолдайтынын жеткізді.