Қазақстан • 02 Маусым, 2022

Тұлға мен Мемлекеттік ту

2988 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан оншақты жыл бұрын, 4 мау­сым – Мемлекеттік рәміздер күні қар­саңында астаналық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбеков елорда төрінде студенттермен келелі кездесу өткізген еді.

Тұлға мен Мемлекеттік ту

Алғаш көргенде аңдағаным, Шәкен аға арнасы кең, ағысы білінбейтін үлкен дария сияқты екен. Әуелі жер бауырлай көтеріліп, асықпай екпіндеп, қалықтай көтеріліп қияға қиялай тартатын қырандар секілді, әңгіме­сін баяу бастады: – Негізі менің туған жылым теріс жазылып кеткен. Шындығында, 1935 жылы шала туыппын. Тіпті кірпігімде қимылдамайды екен. Содан ағайын-туғандар «мына шала туған шақалақ сірә адам болмас, бір күні шетінеп кетер» деп, метірке алуға асықпапты. Құдайдың қуатымен тірі қалыппын. Жасым үшке толғанда ағайын­дарымыз: «ойбай-ау, мына бала өлмейді екен, енді бұған куәлік алайық!» деп, адам санатына қосыпты. Оның сыртында, бес жасқа толғанға дейін өздігінен жүре алмайтын «мешел бала» атанған жайымыз тағы бар. Міне, білгің келсе менің өмір-тарихым осылай басталады қарағым...

Жарықтық терең күрсінді. Себебі 12 жа­­сында әке-шешеден бірдей айырылып тұл жетім қалыпты. Жалғыз қарындасын жете­­леп, «детдомды» паналаған. Оқуды орыс­­ша бастапты. Әдеті жыбырлап сурет сала береді екен. Бір күні интернатта бірге оқитын Виссарион Ли дейтін корей досы. – Шәкен, екеуіміз Ленинградқа барып сурет салу мектебіне оқысақ қайтеді, қалай қарайсың? – дейді. Ағамыз «мақұл» дейді. Сөйтіп, В.И.Мухин атындағы көркемөнер училищесіне қабылданып, оны 1958 жылы үздік бітірген соң оқуын Ленинградтағы Суретшілер және дизайнерлер академиясында жалғастырады. Осында табан аудармай алты жыл оқыпты.

Шәкен Оңласынұлы тек суретші ғана емес, сан қырлы талант иесі де. Кеңес Ода­ғына әйгілі «Волга» жеңіл автокөлігін тұң­ғыш құрастырған бес өнертапқыштың бірі. Оны бүгін екінің бірі біле бермейді. Сонымен қатар геральдика жасаудың шебері. 1982 жылы Одақ көлемінде өткен плакат түрлерін жасау байқауында бас жүлде алған. Алматы қаласы гербісінің авторы. Академияда оқып жүрген жылдары «Глобус» теледидарының дизайнын жасап, әлемді таңғалдырған.

 – Бұл электрониканың техникалық базасы әлі қалыптаспаған заман-тын. Дүние жүзіндегі барлық телевизор атаулы лампа арқылы жұмыс істейтін. Лампаларды алмас­тыру арқылы телевизордың экранын үлкей­тетін әдіс ойлап табу туралы халық­ара­лық конкурс жарияланды. Бәйгеге қатысу­шы­ларға жартылай өткізгіш схемасын қолда­нуды шарт етіп қойды. Сонымен мен үй ішін­де айналып тұратын телевизор ойлап таптым. Оған «Глобус» деп ат қойдым. Құрылғы айналмалы қондырғыға орнатылды. Үйдің кез келген бұрышында отырып, пультті басып қалсаңыз экран өзінен өзі айналып сізге қарап тұра қалады, – дейді ағамыз.

Қызық болғанда талантты қазақтың бұл жаңа­лығын жапондар ұрлап алыпты. Содан халық­аралық сот болады. Сот: «сен жаңалы­ғың­ды жапондарға саттың» деп Шәкеңе жаза жүктеуге шақ қалғанда, мың болғыр жапонд­ар ұрлығын мойындап, ағамыз аман қалған екен.

а

Әңгіме барысында Шәкен ағамыздан Мем­лекеттік туға қатысты байқауға қалай қатыс­қаны жөнінде сұрадық.

– Бір күні жұмыста отыр едім Президент аппаратында істейтін Ербол Шәймерденов дейтін азамат хабарласты. – Шәке, осылай да, осылай, Мемлекеттік туға байқау жарияланып жатыр, қатысыңыз, деді. Мен барлық ісімді жиып қойып тудың нобайын жасауға кірістім, – дейді Шәкен аға.

Сөйтіп, ағамыз ең әуелі әлемдегі барлық мемлекеттердің туын қарап шығыпты. Содан өзіне үш шарт қойыпты: біріншіден, туда қазақ халқының дүниетанымына тән белгілер болуы керек. Екіншіден, дүние жүзіндегі ешбір елдің туына ұқсамайтын ерекше түс пен түр қажет. Үшіншіден – тудың саяси маңызы күрделі емес ашық, нақты сипатты бейнелейтін түсінікті болғаны жөн.

Реті келгенде біз: «Жоғарыда өзіңіз айт­қан үш шарт Тудан толық көрініс тапты ма?» деп сұрадық. Шәкен ағамыз:

– Тапты. Біріншісі, оның – түсі. Екіншісі – ортадағы Күн мен қыран. Үшіншісі – қошқар мүйіз ою. Тудың түсі көк болған себебі, бұл түс – адалдықтың, тазалықтың, бейбітшіліктің белгісі. Ал Күн күллі – тір­шілік көзі. Сондықтан салдым. Тудың жобасын талқылау барысында, күннің орнына мұсылманның айқасқан «сегіз бұрышын» салу қажет деген пікірлер де айтылды. Мен оларға «оны әзербайжан туыстар алып қойды, сенбесеңіздер туына қараңдар» деймін. Келесі біреулер: «шаңырақ қалып қойыпты» деді. Мен: «Шаңырақты қырғыз бауырларымыз алып қойды» деймін. Одан кейін «шаңырақ Елтаңбада тұр, сол жетпей ме» деген уәж айттым. Ал қыран құсқа ешкім қарсы келген жоқ. Бәрі бірауыздан қолдады. «Қыран құсты не себептен салдыңыз?» деген сұраққа: «1269 жылы Италиядан шығып қазақ даласын көктей өткен венециялық саяхатшы Марко Поло өз еңбегінде: «Далалықтар­дың әрбір үйінде бір-бірден бүркіт бар» деп жазған, оның сыртында Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы», деп жауап бердім.

Мемлекет туын жасау байқауына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылғаны бел­гілі. Қаншама талқылау болды. Ту қабыл­данатын күннен бір тәулік бұрын ағамыз жасаған барлық эскиздерін арқалап саяжайына барып, тудың макетін, күнді және бүркіттің қанаттарын қолдан қиып, оюын жасап шығыпты. Жұмысты таңғы сағат төртте бітіріп, қаттап-бүктеп қағаз жәшікке салып қойып, көз шырымын алуға қисайыпты. Ояна келсе, күн баяғыда көтеріліп кеткен. Ұйықтап қалудың салдарынан комиссияға ең соңында кірген.

«Туымды жазып көрсеттім. Марқұм Өмір­бек Жолдасбеков: «Біздің іздеп таба ­алмай отыр­ған ту осы емес пе?» деп орнынан атып тұрады. Басқалары да шулап кетті», дейді Шәкең.

Осылайша, конкурстан жоғары баға алған Ш.Ниязбеков жұмысын арқалап Жоғары Кеңес­ке барады. Ол жерде аздаған өзгеріс енеді. Тудағы оюлар алғашында өсімдік пішін­дес әрі бояуы қызыл түсті болған екен. Оюдың түсін сарыға өзгертіп, өсімдік пішін қазір­гі тудағы «қошқар мүйіз» бейнесіне ауысып­ты. Мемлекеттік рәміздің бірі – Туы­мыз осылайша дүниеге келген екен.