Тарих • 02 Маусым, 2022

Ол баста солай туған ту көтеріп...

1029 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отырардан көшкен озан, Атыраудан шыққан ұзан. Озан – дауыс, үн болса, ұзан – көне түркі, қыпшақ тілінде ақын, жырау. Озан иесі мен сөз иесі ұзан Алматыда түйіседі сол жылдары. 1950 жылдың соңы, 1960-қа аяқ басқалы тұрғанда.

Ол баста солай туған ту көтеріп...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Алматы ол кезде астана. Шәмші Алматыға оған дейін Ташкентте оқып келген, ақын Жұмекен Нәжіме­денов қарағандылатып тұяқ ілік­тірген ару қалаға. Екеуін арнайы алдыр­саң басын қоса алмауың мүм­кін. Ақылмен ойлағанға Атырау қайда, Отырар қайда? Сенудің өзі қиын. Қазақстанның екі қиырынан шайыр мен сазгерді арнайы алдырып, осындай дүние жаздырамыз деп жобалағанда туа қоюы қиын-ау үздік туындының. Оның бір мысалы, Қазақстан тәуелсіздік алғанда жазылған алғашқы әнұран. Көңілге жатпады, көкейге қонбады, не істейсіз?! Кейін халық қалауындағы дүниесін өзі таңдап алды. Ән туа «Менің Қазақстаным» аталған. Қа­зақ баласы шырқап ала жөнелді, содан түспепті биігінен.

«Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді қазақ. Рас, ертеректе бір әңгіме естіп едім. Бір жігіт ауырып, бармаған жері жоқ, дертін ешкім жаза алмапты. Амалы құрып, елден сұрай-сұрай сол атыраптағы ең атақты емшіні тауып, жүгініпті. Алдына барғанның бәрін жазған емші, егер ол «адам болмайды» деп шығарып салса, расымен көп ұзамай дүние салады екен. Соған әлгі жігіт барса, тамырын ұстап, олай-бұлай байқастап, ажалы жуықтағанын, тезірек үйіне жетіп алғаны жөн екенін айтады. Үйіне дейін ұзақ жолда әл-дәрмені құрып, әйтеуір бір уақытта оқшау тұрған үйдің сыртына жетіп, көзі қарауытып кеп құлайды. Біраз жатқанда сиыр сауып келе жатқан бір келіншек шелектегі сүтін қалдырып, әлденеге жүгіріп кетеді. Сол екі ортада әлгі сүтті жы­лан жалап кеткенін көреді жігіт. Неде болса далада қалмайын деп сол шелекке қарай еңбектей жетеді. Ішін әлдене жалап, өзегін өртеп барады. Бар ойы әлгі сүтті ішу, бірақ қауқар жоқ. Дәл шелек түбінде ши өсіп тұрса керек, содан сындырып алып, ішіндегі сояуын алып тастап түтік жасап, жаңағы сүттен қанғанша ішіп, талып ұйықтап кетсе керек. Содан құлан таза айығып, ұзақ өмір сүреді. Жылдар өткенде емшіге барса, ол айтыпты: «ауруыңның емі бар еді, бірақ сен өлуге аз-ақ қалғанда оған жетіп үлгеру мүмкін емес-ті. Әуелі шөлейттеу жерде жайылған сиырдың жаңа сауылған сүті, оны сол бойда шұбар жыланға жалатып алып, шөлейтке біткен қыраттың күнгейіне өскен шидің түтігімен ішкізу керек болатын. Маған келгеніңде қалған жарты күндік ғұмырыңда оған қол жеткізе алмас едік», депті. Жарты күнде жасау мүмкін емес осыншама нәрсені бір-ақ мезетке сыйдыра салған Құдайдың құдіретінде шек бар ма? Біздің әнұранның да туу тарихы осыған пара-пар құбы­лыс. Отырар мен Атыраудың қасиетін арқалаған қос жүйріктің сол кездегі Алматыда табысуы да қи­сынды делік. Тап осы 1960 жылға аяқ басқанда Қазақстанның теріс­тігін­дегі бес облысты біріктіріп, Ресей­дің құрамына қосып, тың өлкесін құрамыз деген Хрущевтің бастамасы қылаң бермегенде бұл ән жа­рыққа келер ме еді деген сұрақ туады? Елдің жанайқайын естіген сазгер мен ақын сонда Алматыда жатып бүгінгі елорданы қорғауға, қазіргі астананы жырлауға бекініпті. Себебі солтүстіктегі бес облыстың бірі Ақмола болатын. Махамбетше айтқанда,

«Айқайласа белдік байлаған,

Астана жұртын айналған,

Атына тұрман болсам деп,

Жұртына құрбан болсам деп» туған елдің рухын ояту үшін сол кезде ұран көтергені бүгінде тарихтан мәлім. Оны бертінге дейін жасаған, Қазақстанның қазіргі әнұранының әуенін жазушы Шәмшінің өзі айтады.

«1959 жылдың аяғында «Менің Қазақстаным» деген әнді жазуға тура келді. Оны қазір қалай деп түсінуге болатынын білмеймін. Кезінде біз­дің терістіктегі 5 облысымызды «Целин­ный край» қылып бөліп жатқан болатын. «Бұл қалай, орыстар бөліп алайын деп жатыр солтүстік облыстарымызды» деген шу шығып, айқай шығып жатқан болатын. Сол кезде «Менің Қазақстаным» деп жазған ҰРАН ӘНІМІЗ (әнұран) еді. Бұл ҰРАН ӘНІМІЗДІҢ сөзін жазған, қазір марқұм болып кетті, Жұмекен Нәжімеденов деген қазақтың талантты ақыны еді. Жұмекен екеуміз бірге оқитын едік. Ол домбырашы жігіт еді, консерваторияда оқыған. «Сенің кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой, «Менің Қазақстаным» деген сөз жаз, мен әнін жаздым» дедім. Сосын Жамал апаға үйреттік. Жамал апа қағып алды да радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге айтып қойдық, «әй, күніне бір-екі рет беріп қойыңдар», деп. Соныменен «Менің Қазақстанымды» күніне бір-екі рет беріп қоятын болды. Сөйтіп, жүріп былай, өзімізше бір патриоттық іс қозғадық қой».

Кіндігі осылай кесілген туынды ол баста қазақ жерінің тағдыры талауға түскелі тұрғанда қыннан суы­рылған алдаспандай жарқ еткені бүгінде кәріқұлақтардың да жадында шығар, кім біліпті. Туған жері басқа жұрттың иелігіне өтуі мүмкін екендігін естіп, ел осы әнмен рухтанған болып шықпай ма сонда? Бірден қазақтың бейресми әнұранына айналып ала жөнелгені емей не? Ол кезде әр қазақтың тың­дайтыны радио. Халықтың рухын көтеріп жіберу деген осындай-ақ болар! Әр әніне сөз авторын Шәмшінің өзі таңдайтынын ескерсек, ұлыны тек өзіндей ұлы ғана таниды. Ұлы Жәмшид (Шәмші) пен Жұмекен осылай рух көтеріп жатқанда, дәл осы кезде Арқадан арыстан жүректі Жұмабек Тәшенов шықты! Жәмшид (Шәмші), Жұмекен, Жұмабек! Сол кездегі Алаш рухының алыптары. Халықтың жүрегінен орын алған бір-бір патша, бір-бір хан. Бұл ән гимнге туа сап айналғаны – Шәм­шінің өз аузынан «ұран ән жаздым» дегені ғана емес, 1986 жылы 17 желтоқсанда алаңға шыққан қазақ жастары осы әнді шырқап кеткенінің бейнекөрсетілімдері бар бүгінде.

Қазақ «е, Шәмші керемет қой» дейді де қояды. Кім еді ол?! «Әнді ерттеп, күйді мінген» сазгер ғана ма еді?! Қазақ вальсінің королі дей­міз! Дегенмен қазақ рухын қайта түлеткен рухани реформатор деңге­йіндегі тұлға екендігі айтыла ма осы?.. Себебі жылдар бойы қазақ аспа­нынан түспей қойған, ел мен жер тағдыры таразыға түскен талайлы кезде, Желтоқсан көтерілісінде шырқалған, кейін салтанатты шерулерде де айтылған бүгінгі әнұранды жазу алғаш Шәмшінің көкейіне қоныпты. Ол ол ма, содан бері күллі қазақ Шәмші әндерімен өмір сүріп келеді ғой. Бір-ақ мысал:

«Алаштың жүздесе алмай

арысымен,

Құйылып запыранды зар ішінен;

Қу басты сүйреп шықтық

кер заманнан,

Шәмшінің билеп шықтық

вальсімен!»

демей ме Серік Ақсұңқарұлы? Ары­сы кеткен, намысы тапталып, аштық пен соғыстан сиреп қалған қазақ Шәмшінің вальсі болмағанда қайтер еді? Еңкіш тартқан елдің еңсесі түзеліп кете қояр ма еді?!

Уақыт өте келе «Менің Қазақ­станым» 2006 жылы тәуелсіз Қазақ­станның мемлекеттік әнұраны болып та­ныл­ғанда тұңғыш Президент уақыт­қа сай сөзіне өзгерістер енгізіп, үшін­ші авторы атанғаны да тарихи шын­дық. Кеңестік дәуірде туған ән, ол кезде уақыт өрісі, күллі ұғым-түсінік басқа еді. Бұл заманға келген соң аз-маз өзгеріссіз тағы болмас-ты. Дегенмен әннің негізі, сөздің сүйегі сақталды. Қазақ қапысыз танып, қабылдап ала жөнелді.

«Алтын күн аспаны, алтын дән да­ласы». Көңілге қона кетеді. «Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жарал­ғанда» осы даласымен бітісіп кеткен елміз, себебі. Гүлі болып егіле берейік!