Иә, уақытында азаттықтың алауындай болған Қазақстанның Туын көргендердің алқымына жас тығылған да болар. Бұл күнді ғұмырын ұлт азаттығы үшін күреске арнаған Алаш ардақтылары армандаумен кетті. Ал біз енді осы көк Тудың астында бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бас қосамыз.
Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойса, 2007 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданды. Содан бері 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді.
Шәкен Ниязбековтің қолтаңбасымен дүниеге келген Мемлекеттік туымыз, Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың төл туындысы ретінде танылған Елтаңбамыз қай кезде де елдің елдігін айқындап тұрады. Көк Ту мен еңселі Елтаңбаға қарағанда бойыңды шаттық сезімі кернемеуі, марқайып масаттанбауың әсте мүмкін емес.
Өйткені мемлекеттік рәміздер – азат елдің мақтанышы. Ал әуелде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди үштігінің әуеніне, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаевалардың сөзіне жазылған алғашқы Гимн 2006 жылға дейін азат елдің айбынын асырса, 2006 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Парламент ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік Гимн ретінде бекітті.
Бүгінгі қазақ туымен мақтанады. Олай деуіміздің өзіндік себебі де бар. Елдің тұтқасын ұстаған Мемлекет басшысы ресми сапарлармен шет мемлекеттерге барғанда көк Туымыз көкте қалықтаса, спортшыларымыз халықаралық бәсекелерде атой салғанда байрағымыз биікте желбіреп, Әнұранымыз шырқалады. Мұндайда бойды кернеген мақтаныш сезімі жанарға жас үйіретіні де бар... Өйткені көкте ту ғана емес, қазақтың өзі секілді азат құс қыран да қалықтап бара жатқандай болады да тұрады.
Спорт демекші, Кеңес Одағының құрамында Мюнхен мен Мәскеу Олимпиадасында атой салған Әлжан Жармұхамедов (баскетбол) пен классикалық күресте қарсылас шыдатпаған Жақсылық Үшкемпіров атой салған кезде қызыл империяның туын көтеріп тұрып: «Азат елдің туы қашан желбірейді» деп ойлаған да шығар. Әлжанды қайдам, Жақаңмен сұхбаттасқанда: «Бүгінгі спортшылар бақытты ғой. Жаһандық жарыстарға тәуелсіз елдің туы астында барады» деген еді. Сол сөзінен-ақ оның егемен еліміздің рәміздеріне деген құрметі бөлектігі байқалатын.
Қазақ оғландары арасынан алғашқы рет боксшы Бекзат Саттарханов Сидней Олимпиадасында атой салып, Әнұранымызды асқақтатып, Көк Туымызды желбіретті. Рас, Бекзатқа дейін Лиллехамерде өткен қысқы Олимпиадада шаңғышы Владимир Смирнов, Атлантада боксшы Василий Жиров пен классикалық күрестің шебері Юрий Мельниченко атой салғанда да қуанғанбыз. Алайда болмысы бекзаттықтан жаралған Бекзаттың жеңісінің дәмі басқаша еді. Одан кейін Афинада алмас қылыштай жарқыраған жиырма бір жастағы Бақтияр Артаев абыройымызды сақтап, жалғыз алтынды иеленгенде де көз ұшына түйір тамшы тығыла берген. «Бар бол, Бақтияр!» дегенбіз жалғыз алтынды қоржынға түсірген бауырымызға ризашылық кейіппен.
Ол кезде құндылық басқаша ма еді, әлде азаттықтың бастапқы жылдары болғандықтан бойдағы рух аспандап тұрушы ма еді, кім білсін?! Әйтеуір Бекзат пен Бақтиярдың жеңісі елді ерекше қуантқаны есте. Одан кейін де сайыпқырандарымыз төрткүл дүниені өзіне қаратқан кездер аз болған жоқ.
Алты құрлық мойындаған Алты Алаш ардақтылары армандаған Көк Туымыз көкте желбіреп, рухты көтеретін гимніміз ұдайы шырқалып, Елтаңбамыз елдігімізді еселей берсін!
Абылайдың ақ туы мен азат елдің көк туының арасында үш ғасырлық тарих жатыр. Ол кезде Көк Туымыз дала майданында, батырлар аттың үстінде шапқан сәтте желбіресе, бүгінде бейбіт елдің аспанында желбіреп тұр. Біз үшін ақ ту да, көк ту да қымбат. Өйткені жиырма бірден үшті алуға болмайды.