Аталған референдум учаскесінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те дауыс берді. Учаске төрағасы Бегахмет Әбусейтовтің айтуынша, референдум заң талаптарына сай әрі жоғары деңгейде өтіп жатыр.
«Бұл аумаққа тіркелген сайлаушылардың белсенділігі өте жақсы. Ең алғаш келіп, дауыс берген азаматтарға сый-сияпат жасалды. Мұнда 2459 сайлаушы тіркелген. Оның көпшілігі – университет студенттері мен ұстаздары және қала тұрғындары. Учаскеде барлық әдістемелік құрал-жабдықтар орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалып, арнайы кабиналар қарастырылған», дейді Б.Әбусейтов.
Тағы бір айта кетерлігі, №133 сайлау учаскесінде Түркістанда гастрольдік сапармен жүрген «Астана Опера» театрының әртістері де болып, референдумға қатысты. Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге өз көзқарастарын бюллетень арқылы білдірді. Ал Түркістан қаласындағы «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында орналасқан №880 сайлау учаскесінде қаланың шеткі шағын аудандарының тұрғындары дауыс беруде. Мұнда 1933 сайлаушы тіркелген.
Өңірдегі 914 сайлау учаскесінде 6500 бақылаушы референдумның әділ өтуін бақылап отыр.